Туризм • 22 Тамыз, 2024

Қоршаған ортаның тазалығын бақылайды

91 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» экология­­лық акциясының негізінде қо­ғам­­дық эко-бақылау бойын­ша республикалық іс-шара басталды. Бір ай бойы жүр­гізілетін акцияға 1,5 мыңнан аса адам қатысып, 300 мони­торингтік іс-шараны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Қоршаған ортаның тазалығын бақылайды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Тарихи-мәдени және ту­ристік нысандардың эко­логиялық жай-күйі, кө­рікті орындарды абаттандыру, киелі орындардың күтіміне қатысты қол­ға алынған игі бастама 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін жалғасын таппақ. Қоғамдық эко-бақылау рес­публикалық акциясының аясында апта сайын бірнеше тақырып қамтылмақ. Алдымен туристік және тарихи-мәдени нысандардың эко-мониторинг апталығы басталып, 22 тамызға дейін жалғасады. Одан кейін 23–30 тамыз аралығында абаттандыру, оның ішінде жасыл желектерді күту және суару саласындағы эко-мониторинг апталығы өтеді. Стихия­лық полигондарды аралау шарасы 31 тамыз – 7 қыркүйек аралығында ұйымдастырылмақ. 8–15 қыркүйек аралығында жер қойнауын пайдалану нысандарына бақылау жүргізу апталығы ұйымдастырылмақ.

Жобаның мақсаты – халықты та­би­­ғатты қорғауға және оған ұқып­­­ты қарауға тарту, күрделі мәсе­ле­лер­дің түйінін тарқатуда азаматтық қо­ғам­ның белсенді мүшелерін тар­та отырып шешуге күш салу. Жоба тарихи-мәдени және туристік объек­тілерді сақтау ісінде қоршаған ортаға ұқыпты қарау және әлеуметтік жа­уап­кершілік мәдениетін қа­лып­тастыруда маңызды қадам санал­мақ. Бір ай бойы өтетін акцияға қо­ғам­дық кеңес мүшелері, «Қазақ­стан­ның Азаматтық Альянсы» ЗТБ, «Қазақстанның экологиялық ұйым­дары қауымдастығы» ЗТБ, «Қа­зақ­стандық қоғамдық кеңестер қауым­дастығы» РҚБ, «Қазақстанның эко­логиялық қоры» ҚҚ, «Әлеуметтік бастамалар қоры» ҚҚ өкілдері сынды 600-ден аса ҮЕҰ, эко-блогерлер, эко-еріктілер, азаматтық сектор, БАҚ өкілдері қатыспақ.

Ұйымдастырушылар акция аясында республика бойынша барлығы 1,5 мыңнан аса адамның қатысуымен 300 мониторингтік іс-шара өткізу жоспарланғанын жеткізді.

15 тамызда Астана қаласы­ның маңындағы «Бозоқ» мұражай-қо­рығында, Алматы облысының көрікті мекені «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде, Түркістан облысының «Әзірет Сұлтан» мұражай-қоры­ғында қоғамдық мониторинг жүр­гізу шеңберінде айлық акция бас­тау алды.

Елорда іргесінде өткен ак­ция­ға «Қазақстандық қоғамдық ке­ңестер қауымдастығы» РҚБ бас­шы­сы Сәлімбай Шүнеев, Астана қа­ласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлпыхар Ғайыпов, «Қа­зақстанның экологиялық ұйым­да­ры қауымдастығы» ЗТБ жоба ме­нед­жері Сабина Сәбитова, «Қазақ­стан­ның экологиялық қоры» ҚҚ жо­баларының үйлестірушісі ­Назер­ке Оралбекова қатысты.

«Мұндай тарихи-мәдени орын­дардың басында құрылыс жұ­мыстарын жүргізгенде табиғатты бүл­дірмеуге, қоршаған ортаның фло­расы мен фаунасын сақтауға барынша күш салуымыз керек. «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығын қалпына келті­ріп, абаттандыру жұмысы басталған екен. Тарихи орын, бабаларымыз­дың тек көшпелі халық болмаға­нын, өркениеттің туын көтеріп қала салғанын әйгілейтін киелі ме­кеннің бірі – осы жер. Осындай тарихи орындарды қалпына келті­­ріп, өскелең ұрпаққа насихат­­тауы­мыз керек. Кейде құрылыс жү­­­ріп, жөндеу жасалғанда табиғатқа зиян келтіру дерегі де тіркеледі. Осын­­­­дай келеңсіздіктің алдын алу мақса­­­­­тын­да құрылған қоғамдық ­комис­­­­сия мониторинг жүргізеді», деді З.Ғайыпов.

Сонымен қатар ол мұражай-қо­рықтың аумағы қоршалып, күтімге алынғалы ауып кеткен жабайы аң-құс қайта жерсініп, табиғат түлей бастағанын да жеткізді.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркінде Қонаев қа­ла­сының қоғамдық кеңес төрағасы Сергей Горяной акцияға қатысса, Түр­кістан облысындағы «Әзірет Сұл­тан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұ­ражай-қорығында облыстық қо­ғам­­дық кеңес мүшелері Бақытжан Бейсембаев, Зуппархан Чалданов, Инара Намазбаева бастаған топ та­рихи-мәдени ескерткіштердің сақ­та­луына, туристік орындардың таза­лы­ғына бақылау жүргізді.