Фото: gov.kz
Экологиялық сауат мектеп, университеттегі тәлім-тәрбиеден басталады. Мұнда экологиялық және қоршаған ортаны қорғауға шақыратын тақырыптарды оқу жоспарына біріктіру мәселесі бар. Бұқаралық іс-шара, дәрістер мен семинарлар, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, мәдени іс-шаралар арқылы хабар таратуға кедергі жоқ. Қоршаған ортаны қорғаудың маңызын және адам мен табиғат арасындағы байланысты көрсететін фильм түсіруге, кітап жазуға, көрме және басқа да іс-шаралар ұйымдастыруға болады. Бұл тақырып төңірегінде «ECO Network» жобасының жетекшісі Евгений Мухамеджанов пікір білдірді.
«Кез келген экологиялық бастама, ең алдымен, азаматтардың ұсынысына, мемлекет құратын ережелерге және барлық қатысушы орындайтын регламенттерге негізделген. Яғни халықтың экологиялық мәдениеті мен сауатын арттыру үшін қандай да бір акцияны экологиялық деп атап, оны жалпыұлттық деңгейде жариялау жеткіліксіз. Бүгінде бізге жетіспейтін бірінші нәрсе – маңыздысын алға шығару. Мысалы, адамдардың 99%-ы елде қайта өңдеу кәсіпорындарының бар екенін білмейді. Екіншіден, инфрақұрылымның сауатты ұйымдастырылуы да өте маңызды. Міне, сондықтан Экология кодексінде айтылған қалдықтарды басқару сатысын құрған дұрыс. Біздің алдымызда тұрған бірінші міндет – қоқыстың үйілуіне мейлінше жол бермеу. Онсыз басқа жұмыстың мәні жоқ. Яғни мәдениеттің мәні – адамды қоқыс шашудан тыю», дейді Е.Мухамеджанов.
Әрине, бұл ретте экологиялық ұйымдардың, волонтерлік топтардың және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған басқа да бастамашыл топтардың қызметін қолдау және дамыту жайы маңызды рөл атқарады. Қоршаған ортаны қорғау жобаларын қолдау үшін қорларды тартып, гранттар тағайындауға да болады. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы нығайтуды және оны қатаң сақтауды ынталандырады. Оған жаңа экологиялық заңдар мен нормативтерді әзірлеу мен енгізу, сондай-ақ ластаушыларды жазалау іс-шараларын күшейту мәселесі де кіреді.
Жоғарыда сипаттаған бастамаларды іске асыру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2021–2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірледі. Жобаның мақсат-мұраты – халық үшін қолайлы орта қалыптастыру және экологиялық ахуалды жақсарту. Оның ішінде ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен тиімді жұмыс істеу, суды тиімді және ұқыпты пайдалану, Балқаш көлі мен Солтүстік Арал теңізінің экожүйесін сақтау, жануарлар мен ихтиофаунаның сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің санын көбейту арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау сынды үлкен міндет қойылды. Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру, жасыл желектер алаңын ұлғайту, тұрғындарды табиғат пен жануарлар әлеміне ұқыпты қарауға шақыру, экологиялық сананы жаңғырту жағы да жоспарға енген.
«Жасыл Қазақстан» бағдарламасынан бөлек, республикада тұрақты негізде таза энергия саласындағы инновациялық технологияларды қолдауға бағытталған конкурстар мен түрлі бағдарлама өткізіледі. Соның бірі ретінде «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КеАҚ іске асырып жатқан «Global Cleantech Innovation Programme» (GCIP) бағдарламасын айтуға болады. Бағдарламаның негізгі мақсаты мен бағытына тәлімгерлік арқылы «жасыл» стартаптарды қолдау, қатысушыларға өз идеяларын коммерциялық табысты өнімге айналдыруға көмектесу, қатысушылардың таза технологиялар мен тұрақты бизнес саласындағы біліктілігін, құзыреттілігін арттыруға бағытталған білім бағдарламалары мен тренингтер өткізу кіреді.
Жоғарыда назарға алған және өзге де экологиялық бағдарламалар мен бастамалар халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыруға сөзсіз оң әсер етеді. Ескеретін жайт, кез келген экологиялық бастамаларды табысты іске асыру үшін мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, бизнес сектор және азаматтық қоғам күш біріктіргені абзал. Сонда ғана алға қойған ірі жоба-жоспарлар үйлеседі.
Серік АБУДОВ,
Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының маманы