Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Жылыту маусымына дайындықты өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск ЖЭО-на бірнеше рет барып, жөндеу жұмыстарының сапасын тексеріп, станса басшылығымен, мердігерлермен жиі кеңес өткізіп, қадағалауында ұстап отыр.
– Қазір үш қазандық агрегатында монтаждау, бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі турбоагрегатта ағын бөлігі бойынша жұмыстар аяқталды. Генераторлар бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып жатыр. Қазандықтарға келетін болсақ, екеуі дайын, қазір монтаждауға дайындық жүріп жатыр, алдағы уақытта тағы үшеуі орнатылады. Бұл жұмыстар қыста жылу энергиясының сапалы бөлінуіне септігін тигізеді. Жұмыс кесте бойынша уақытымен жүргізіліп келе жатыр, – дейді «Шахтинстеплоэнерго» ЖШС-ның техникалық директоры Абылай Сейдуәлі.
Қазіргі кезде үш қазандық пен екі турбогенераторды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірінші қазандықтағы жұмыс 1 қыркүйекке дейін, №4 қазандықтағы жұмыс 15 қыркүйекке дейін, №3 қазандық алдағы жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталады деп отыр мердігер ұйым.
Мұнымен қоса кәсіпорында магистралдық және тоқсандық құбырларды ауыстыру жұмыстары қызу. Жоспарланған 7 учаскенің 6 учаскесі, яғни Молодежная көшесінен Индустриальная көшесімен қиылысу аумағында, №5 павильонға қарай, Молодежная көшесі бойынша Орталық-3 шағын ауданына қарай, Жеңістің 40 жылдығы бойынша Парковая көшесіндегі 43а үйге қарай, ТК-1А-дан ЖЖС қарай, Қазақстан көшесіндегі 124 үйден Жеңістің 40 жылдығы көшесіндегі 62 үйге қарай, «Шахмарт» сауда үйінен Жеңістің 40 жылдығы көшесіндегі ТК-327-ге дейін жөндеу жұмысы жүргізілген.
Жылу желілерінің учаскелері бойынша «Шахмарт» дүкені аумағында құбырларды монтаждау жұмысы сәтті жүргізілді. Қазір тротуарды қалпына келтіріп, аумақ абаттандырылып жатыр. «Крокус» дүкені аумағында құбырларды бөлшектеп, бірден монтаждау жұмыстарына кірісті.
Шахтинск қаласында осы жазда жалпы 3,7 шақырым жылу желілерін ауыстыру жоспарланған болатын. Жұмыстың негізгі көлемі орындалды. Сонымен қатар 2 шақырым құбырдың жылу оқшаулағышы қалпына келтіріледі.
Шахтинск қаласының жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары кешені 70 пайызға, Шахан кентінің қазандығын жөндеу жұмыстары 85 пайызға орындалған. Жауапты мердігерлер жөндеу жұмыстары жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталады деп сендірді. Оған қоса осы аптада көмір жеткізу бойынша тендер қорытындыланады.
Өткен аптада жоғарыдағы жұмыстарды бақылап қайтқан облыс әкімі қала басшылығы мен ЖЭО-ға жылу беру маусымына дайындықтағы жауапкершілікті сезіну керегін жеткізді.
– Сіз қысқа дайындық үшін жеке жауап бересіз. Қаржыландыру бар, барлық мәселені уақтылы шешіңіз. Нақты нәтижелерді күтеміз. Қала тұрғындарының үйіндегі жайлылық жылу көзінің тұрақты жұмысына байланысты, – деді өңір басшысы.
Қыстың қамын қазір ойлаған олардың бұл жолғы қысқа дайындығы қауырт. Жұмыстың кестеден кешікпеуімен қоса, сапасы да қатаң бақылауда дейді. Дегенмен жер қарайғаннан бергі жүйелі жұмыстан соң Шахтинск тұрғындары тоңбауға тиіс. Оны алдағы қыс айқындайды.
Қарағанды облысы,
Шахтинск қаласы