Қоғам • 22 Тамыз, 2024

Алматының «алтын жасы»

52 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халқымыз ежелден қарияларын қазына санап, «Алпыстан асқаннан ақыл сұра» деген нақыл сөз қалдырған. Тек ата салт-дәстүрімізден айрыла жаздаған кешегі кеңес заманында белең алып, бүгінгі пайда қуған нарықтық қатынастар кезеңінде тіпті тереңдей түскен теріс үрдіс – егде тартқан адамдарды жұмысқа алмау, оларды зейнет жасына жетісімен «құрметті демалысқа» тездетіп шығарып салып «құтылу» қарттардың қабағына кірбің түсіретіні рас.

Алматының «алтын жасы»

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Барлық шенеунікті бірден жас­тармен ауыстыра салуға болмайды. Егер 60 жастағы шенеунік өз қызметін ойдағыдай атқарса, институционалдық жадқа ие болса, мемлекеттік қызмет үшін өте пайдалы болса, оны жұмыстан шығаруға болмайды. Яғни ақылға қонымды, сараланған көзқарас болуы керек. Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тиісті тетіктерді әзірлеп, енгізуді тапсырамын», деген еді. Осыған орай «Қа­зақстан Республикасының мем­­лекеттік қызметі туралы» заң­ға келісімшарттық қызметші­лер институтын енгізу туралы то­лық­тыру енгізілді. Алайда бұл жаңа­шылдықтың бүгінде мемлекеттік органдарда қызмет істеп жүр­ген әкімшілік мемлекеттік қызмет­шілерге қатысы жоқ. Себебі аталған заңдағы өз қызметін ойдағыдай атқа­рып жүрген әкімшілік мемле­кет­тік қызметшіні зейнет жасына келген соң бір-ақ жыл қызметінде қалдыруға болатыны туралы бап өзгертілген жоқ.

Шынтуайтында, Мемлекет басшысының алпыс жастан асқан шенеуніктерге байланысты айтқан пікірі еліміздің қай саласында болсын абыроймен қызмет атқарып жүрген азаматтарға қатысты болу­ға тиіс деп ойлаймыз. Өйткені қазір көптеген ұйымда, әсіресе, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде білімді де білікті кадрлар жетіспейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның (БҰҰ) халық саны қорының (ЮНФПА) техникалық және қар­жылық қолдауымен, Қазақ­стан­ның Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің тап­сырысы бойынша Қоғамдық пікір­ді зерттеу орталығы жүргізген «Қазақстандағы қарт адамдар­­дың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы мен қажеттіліктерін баға­лау» тақырыбындағы кешенді ұлттық әлеуметтік зерттеуге сүйенсек, 2020 жылдың басында республика халқының 12 пайызы 60 жас­тан асқан адамдар болған. Ал 65 жас­тан асқан азаматтардың үлесі 7,7 пайызға жеткен. Бұл – БҰҰ-ның 2007 жылы белгілеген өлшемшарты бойынша біздің ел демографиялық қартаюдың бастапқы кезеңіне аяқ басты деген сөз. Қарт адамдар қатары, әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Ақмола облыс­тарында жыл­дан-жылға көбейіп, жергілікті тұрғындардың 14-17 пайызынан астамы зейнеткерлер болып отыр. Аталған өңірлерде бала туу азайған, қайтыс болған адамдар саны көп, ал жастардың көбі жоғары білім алу мен табысы мол жұмысқа орналасу үшін басқа жаққа, соның ішінде көршілес Ресейге кетіп жатыр.

Мамандардың болжамына қа­рағанда, 2050 жылға қарай елі­міз­дегі қарт адамдар саны екі есеге жуық ұлғаюға тиіс. Әрине, бұл – бүгінде бүкіл әлемге ортақ алаңдатарлық үрдіс. Сондықтан қарт адамдардың көбею проблемасын осы бастан жан-жақты ойластырып шешу қажет. Мәселен, биыл ел тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жас­тан асқанымен, азаматтардың бір бөлігі зейнеткерлікке шығу жасын төмендету мәселесін көтеріп отырғанын ескермеске болмайды. Сондай-ақ халықтың қартаюы алдағы уақытта теріскей өңірлердегі жұмыс күшінің тапшылығын одан сайын күшейтуі мүмкін. Сол себепті адамдардың белсенді ұзақ өмір сүру мәселесінің өзектілігі барған сайын арта түспек.

Бұл ретте бір назар аударарлық жайт – 2008 және 2020 жылдары жүргізілген әлеуметтік зерттеулер зейнеткерлікке шыққан азаматтардың көпшілігі бұрынғы жұмысын одан әрі жалғастырғысы келмейтінін растаған. Осы екі зерттеуге сәйкес жұмыс істейтін зейнеткерлердің үлесінде де сәл ғана өзгеріс бар: 2008 жылы – 14 пайыз және 2020 жылы – 14,3 пайыз, яғни зейнеткерлердің 86 пайызға жуығы ақылы еңбек қызметімен айналыс­пайды. Дегенмен егер қолайлы мүмкіндік болса, жұмыс істегісі келетін зейнеткерлердің үлесі 2008 жылғы 10 пайыздан 2020 жылы 25 пайызға дейін немесе 2,5 есе өскен. Мұның өзі қазір егде жастағы азаматтар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін қайта даяр­лау курстарын ашу, икемді кес­темен, толық емес жұмыс күні бойынша еңбек ететін жұмыс орындарын құру мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін көрсетеді. Халықаралық тәжірибеге зер сал­сақ, біздің ел бағдар тұтып отырған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер – Германия, Жапония және бас­қа мемлекеттерде зейнеткерлерді жұмыспен қамтудың белсенді шаралары заңнамалық негізде қол­данылып жатыр. Мысалы, Жа­по­нияда бизнесмендерге 70 жасқа дейінгі егде жастағы адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп қана қоймай, осы санаттағы кадрлардың ұсынылған жұмыс орындарында тұрақтауына талдау жүргізу міндеттелген. Германияда қарт адамдарды жұмыспен қамту­ды жеңілдету мақсатында «Шағын» жұмысқа орналастыру форматы әзірленіп, икемді кестемен жұмыс істейтін зейнеткерлерге ең төменгі жалақы төленеді.

Осы орайда жуырда Алматы қаласында әкім Ерболат Досаевтың тапсырмасымен алғаш рет зейнет­керлік жастағы адамдарды жұмыс­қа орналастыруға арналған «Алтын жас» бағдарламасын іске асыру қолға алынды. Бұл әлеуметтік жоба­ның мақсаты – зейнеткерлікке шық­қаннан кейін адамдардың көңілі қалаған жұмыстарға белсенді де нәтижелі қатысуын, жұмыспен қам­тылған тұрғындар санын көбейтуді және тәлімгерлер рөлін нығайтуды қамтамасыз ету.

«Алтын жастың» ерекшелігі – осы бағдарламаға қатысушыларға қала бюджетінен субсидияланатын жалақы төленетіні. Оның мөлшері Бюджет кодексіне сәйкес биылғы қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақыдан, яғни 85 мың теңгеден аспайды. Ал зейнеткер адамды жұмысқа қабылдаған жұмыс беруші оған өзіндегі бос жұмыс орнына тағайындалған жалақының кемінде 50 пайызын төлеуге тиіс. Мысалы, бос жұмыс орнына белгіленген жалақы мөлшері 200 мың теңге болса, кемінде 100 мың теңге төлейді. Сонда зейнеткердің айлық жалақысының мөлшері 185 мың теңгеден кем болмайды. Бұған зейнетақысының сомасын қосқанда ол әжептәуір табыс табады.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, «Алтын жас» әлеуметтік жобасын 2024-2028 жылдар аралығында іске асыру жоспарланып отыр. Зейнеткерлік жастағы адамдардың осы бағдарламаға қатысу мерзімі 36 айдан аспайды. Биыл 500 зейнеткерге арналған жұмыс орындарын субсидиялауға қаржы бөлінген. Келесі жылы 1 000 зейнеткерді, ал 2026 жылы 1 500 зейнеткерді жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.

Қазіргі кезде Алматыда 247 844 зейнеткер тұрады. Олардың қала халқының жалпы санындағы үлесі – 11 пайыз. Былтыр мегаполис бо­йынша 44 378 зейнеткер жұмыспен қамтылған. Бұл – жұмыс істейтін алматылықтардың жалпы санының 4,4 пайызы. Оның ішінде 33 731 зейнеткер әртүрлі ұйымдарда жал­дама­лы жұмыстарды атқарған, 10 436-ы – жеке кәсіпкер, 736-ы – өзін өзі жұмыспен қамтыған­дар. Қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жүр­гіз­ген әлеуметтік сауалнамаға қатыс­қан 80 жасқа дейінгі 1 076 зей­неткердің 48 пайызы еңбек қыз­метін жалғастыруға және мегаполис экономикасының дамуына өз үлесін қосуға ниетті екенін білдірген. Оның негізгі себептері – қоғамға пайдалы болуға ұмтылыс (15 пайыз), тәлімгерлік қызмет атқаруға ықыластылық (40 па­йыз) және қосымша табыс табу (45 пайыз). Жүргізілген монито­ринг қорытындысы бойынша Алма­тыдағы ұйымдар мен кәсіп­орын­дарда 1 753 зейнеткерді жұ­мыс­қа орналастыруға мүмкіндік бар еке­ні анықталған. Оның 47 па­йызы дәрігерлер, орта және кіші ме­ди­­циналық персонал, жо­ғары оқу орындарының оқытушы­лары, мек­тептердің мұғалімдері, тәр­биешілер, инженерлер, электр­шілер, монтерлер және басқа білікті мамандар болып шықты.

Түйіндей айтқанда, Алматы қаласы әкімдігінің «Алтын жас» әлеуметтік жобасы – ардагерлерге шынайы қамқорлық үлгісі.