Одақ – қоғамдық ұйым. Мүшелеріне мемлекет тарапынан ешқандай жәрдем қарастырылмаған. Осы орайда филиал төрағасы суретшілерге мәртебе беру керек деген ой айтады. Егер қылқалам иелеріне қоғамда мәртебе берілсе, олардың еңбектерін бағалауға, ең талантты суретшілерге түрлі сыйақылар мен жәрдем қаражаттарын тағайындауға мүмкіндіктер ашылар еді.
Ә.Ахметовтің айтуынша, шетелден көптеген қонақ келеді. Олар шаһардың мәдени көрікті орындарын көп аралайды. Сонда суретшілер музейін іздейді екен. Шымкент – Астана мен Алматы сияқты республикалық маңызы бар мегаполис. Бірақ мұнда өз алдына дербес мұражай жоқ. Суретшілерге арналмай-ақ қойсын, жалпы өлкетану мұражайы-ақ болсын, соның бір бұрышында қала суретшілерінің туындылары тұрса да жаман болмас деді ол.
Шымкент мегаполис атанғалы бес жылдан асты. Бірақ осы күнге дейін Оқушылар сарайы, Конгрес-холл секілді ғимараттар салынса да, өлкетану мұражайы әлі бой көтермей келеді. Келешек Фосфоршылар сарайының орнын керемет зәулім музейге айналдыруға әбден болады. Атқарушы билік, содан соң осы нысанды қарамағына алған, құрылысына жауапты компания бұл ұсынысты жақсылап назарында ұстаса екен деген ойын жеткізді суретшілер ұйымының басшысы. Сол музейде шеберлердің үлкен шеберханасы болса деп армандайды. Үлкен ғимараттың бір бұрышында кілем тоқушылар, басқа жағында мүсіншілер, тағы бір аумағында суретшілер өз еңбектерін жасап жатса, қандай керемет болар еді. Болашақта туристерді тартуға да оң ықпалын тигізері хақ. Мегаполистің өнерін, қазақ халқының ұлттық мұрасын тамашалауға келген жұрт бірден шаһардың өлкетану мұражайына тарта берер еді. Жергілікті әкімдік те қолөнерші, суретші, мүсіншілерді жан-жақтан іздемей, бір орталықтың аясынан қиналмай табады. Бұл – бар ғұмыры өнермен өрілген Ә.Ахметовтің жанашырлықтан туған кезекті идеясы.
Оның айтуынша қазір қала аумағы үлкейіп келеді. Көптеген мәдени нысан жаңадан бой көтерген шағын аудандардан салынып жатыр. Бұл жақсы-ақ үрдіс. Алайда музей секілді нағыз мәдениет ошақтарының орталыққа жақын болғаны дұрыс. Себебі шалғайдағы нысанға адамдар көп бара бермейді. Бірен-саран турист келсе, баруы мүмкін. Бірақ қарапайым халық ұзақ жол жүргісі келмейтіні аян. Сондықтан музей қаланың орталығына жақын аймақта орналасқаны абзал. Ал мұражай галерея залы мен шеберханадан құралған зәулім ғимарат болса, жұртты өзіне тартатын күшті музейге айналар еді. Суретшінің пікірінше, тіпті болашақ музейдің жанынан Франциядағыдай Лувр дәмханасын жасау керек. Сол жерде өңірдің суретшілері, ақындары, әншілері бар, бүкіл өнер иелері жиналып, пікір алмасып, сұхбат құрып, нағыз мәдениеттің мәйегін, өнердің қара шаңырағын қалыптастырып, қазақ елінің оңтүстігінде өзінің қайталанбас Луврын дүниеге әкелер еді.
«Қылқалам өнері шеберлерінің суреттері мемлекет тарапынан сатып алынбайтын болған. Сондықтан олар туындыларын базарда, қара нарықта сатып, өз күндерін өздері көруге мәжбүр. Суретшілер қазір тек іс-шара өткенде ғана керек боп қалады. Жуырда жоғары жақтан қоңырау шалып, Ташкентте өтетін биеналлеге бір суретшіні тезірек жібере қойыңыздар деп өтініш жасады. Табан астында Өзбекстандағы іс-шараға кімді аттандырарымызды білмей абдырап қалдық. Осындай маңызды оқиғалар болмаса, басқа уақытта қолына қылқалам ұстаған өнер саласының өкілдерін аса көп іздей бермейді. Кезінде, 90-жылдары, қиын жағдай болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол кезде жан бағу бірінші орынға шығып, өнер тасада қалып кетті. Сондай уақытта небір мықты суретшілердің туындыларын шетелдің байлары арзымайтын бағаға сатып алды. Кейін кім білсін, арада жүздеген жыл өткен соң, ол картиналар баға жетпес өнер туындысына айналуы да ғажап емес. Әлемге әйгілі суретші Ван Гогтің салған еңбектері көзі тірісінде бағаланбай, кейін құны жетпес дүниеге айналған жоқ па? Сол Ван Гог қайыршылықпен өмірден өткен адам. Бүгінгі еліміздің суретшілерінің жағдайы Ван Гогтен алысқа ұзай қоймаған. Сол үшін өнер иесін көзі тірісінде бағалау керек», дейді Ә.Ахметов.
Суретшілер одағы Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы қала әкіміне бірнеше ұсыныспен хат жолдапты. Хатында Шымкенттің сәулеттік келбетін қазақ халқының ұлттық мәдениетіне сай шығыстық үлгіде дамытайық деген ұсыныстар айтылыпты. Себебі сырттан келген турист Шымқалаға аяқ басқанда қандай шаһарға тап болғанын бірден сезінуі керек екен. Өнер иесі Өзбекстанды үлгі етіп, кескін-келбеті нағыз шығыстық мәдениетке сай үйлесім тауып өркендеп жатқан Ташкент қаласын мысалмен келтіріп өтті. Бірақ, өкінішке қарай, Шымкенттің кейінгі жылдары қаланың көркін асырған ескерткіш, мүсіндерінің сапасы мен сыр-сипаты көңіл көншітпейтінін мәлім етті. Нағыз шеберлерге еңбегіне арзитын бағасына жасатпаған соң, осындай арзан дүниелер жасалып жатады. Мәселен, суретші қаланың солтүстік бөлігіндегі айналма жолда тұрған түйелер мүсінін Ойсылқара төліне емес, басқа жануарға ұқсап кеткенін айтады. Сондай-ақ Ташкент тас жолы бойындағы Алпамыс батырға арналған ескерткіштің жанына екі дәу арыстанды отырғызып қойғаны да сәл ақылға қонымсыз екенін айтты.
Өнер майталманы сурет салу мен бейнелеу өнерінің табиғи таза сұлулығын сақтап қалу өте маңызды дейді. Себебі қарапайым көріністі, өмірдің таза өрнектерін салудан қашқан еуропалықтар бүгінде портрет, пейзаж салудан қалған. Тіпті бұл жағынан таланттары кеміп жатқан ұқсайды. Оның орнына қазір Батыстың сурет өнері әлемін ешкім түсінбейтін абстрактілі бейнелер басып кеткен. Осы орайда, қазақтың қылқалам өнерін сондай абстракционизмнен сақтап, жас суретшілерге өмірдің таза көріністерін бейнелеуді үйрете беру керек деген оймен сөзін қорытындылады.
ШЫМКЕНТ