«Сен менің сүйіктімсің,
Шынардай иықтымсың.
Тек қана ұлт намысы
Сүюден биік тұрсын» дейді ақын.
Қызық қой, алғашқы шумақтан бері «жаным, еркем» деп келеді де, соңғы аузында «ұлт намысын» дүңк еткізеді. Ән әуені мен сөзінің сиқыры баурай бергенде, әлгіндей деп қойып қалғанда, «не боп кетті өзі?» деп ойландыратын жері де осы тұс. Ал атақты жазушы Оралхан Бөкей күнделігінде «менің шығармаларымның қай жері артықтау көрінсе, мен сондамын» деген сыңайда ой айтады.
Ақынның сөзіне қарағанда, сүюден де биік нәрсе бар. Ұлт намысы екен! Есіме бірден Мағжанның «Батыр Баян» поэмасы түсті. Онда хан Абылайдың бас батырларының бірі Баян туған інісін қалмақтың бір қызымен туған Отанын тастап қашып бара жатқаны үшін атып өлтіреді. Әңгіменің қысқасы, батыр кезекті бір жорығында қалмақтың хас сұлуын олжалап қайтады. Әлгі ару тұтқында жүріп, Баянның туған інісі Ноянды өзіне тәнті етіп, еліне бірге қашуға көндіреді. Ессіз ғашық Ноян арудың арбауына күйіп-жанып, екеуі жоңғар даласына қашып бара жатқан жерінен Баян қуып жетіп, жастарды жер жастандырады. Неге? Өмір бойы алаштан басқа мұраты болмаған Мағжан мұны тегін жазып отырған жоқ. Ақын поэмада Баянды да, Ноянды да ақтамайды. Інісін ашу үстінде өлтіріп алып өкінішке булыққан батырдың зарында жалғыз-ақ екі жол келтіреді: «Жоқ, әлде, жоқ, жоқ, әлде... өлтірдім бе, Інімді алты алаштың намысы үшін?», дейді. Осы риторикалық белгіде поэманың негізгі түйіні тұрғанға ұқсайды. Батыр інісін қызғаныштан өлтірмеген. Мұндай оқиға болуы да, болмауы да мүмкін қазақ даласында. Мәселе онда емес. Мәселе – күйдім-жандым екен деп бір төмен етектінің соңынан еріп, күллі Отанын, туған жері мен елін, ата-бабасының мыңжылдық қаны мен терін сатып кетпеуде. Дала заңында бұл – кешірілетін іс емес.
Әлгі қалмақ қызы сұлу шығар, бәлкім сұлу мүсінді сайқал шығар, кім біледі? Өйткені ақын поэманың арасындағы батыр зарында: «Тәтті бал, балауса тал жас сұлуды, Көр болғыр екі көзім, көрдің неге? Садақпен жүрегінен тартып кетпей, Жыландай бауырыма сап келдім неге? Әйелдей баса алмайтын жүрек жынын, Есалаң жүрекке ерік бердім неге?», дейді Мағжан. Демек, мұндай талайлы тұста бас төреші – ақыл, жүрек емес! «Әйелдей баса алмайтын жүрек жынын» деген сөзге мән беріңіз. Сөз емес, бұл – шығарманың коды! Құдай ер қылып жаратты ма, ерлерге тән өмір сүр. Қатынжанды болып, елп еткен сезімге еріп кетпе.
Қайбір күндері әнді қайта тыңдағанда, Мағжанның осы поэмасының сюжеті, тіпті сөздеріне дейін есіме түсті де, әр жағынан Абай сөзі қылаң берді. Иә, жоғарыдағы ойлар мен сезімдер данышпан Абайдың жырына қарай жол ашқандай болды.
«Махаббат, достық қылуға,
Кім де болса тең емес.
Қазір дайын тұруға –
Бес күндік ғашық жөн емес.
Сүйіспек көңілім ойлайды,
Жанның бәрі – қатыбас.
Сүйісу тозбай тұрмайды,
Еңбекке аз күн татымас» деген Абай. Бар болғаны – осы екі-ақ шумақ. Бірақ осы екі шумаққа адамзаттың есті һәм ессіз әрекетінің бәрі сыйып тұр. Шын махаббат пен достық Құдайдың кені болғандықтан (бұл да Абай сөзі: «Құдай берген бұл достық – кәннің бірі», мұндағы кән – мейірім мен ізгіліктің кені), пенденің ақыл-ойы жете бермейді. Жоғарыдағы Ноянға ұқсап елп етіп еріп кетуге бес күндік ғашықтың алды-арты белгісіз, жүректің көзі ашылмаған соң, сезім алдамшы, жарға жығары анық. Демек, махаббат, достық атты құдайлық сезімдерге (бұл жерде қалмақ қызын ұната сала сонымен қашып кеткен Ноян сияқты, қыз бен жігіт арасындағы құмарлық емес) жеткізетін күш – адамзаттық асыл мұраттар жолындағы ізденіс, тынымсыз еңбек. Ұлтты, көпті адастырмас жарық жолға жетелеу үшін еткен еңбек пен төккен тердің қасында бәрі бекер.