Оқиға • 23 Тамыз, 2024

«Алғашқы кездесуінде қайтыс болған қыз»: Сотталушыға қатысты сот үкімі өзгерді

109 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қалалық соты қыздың өліміне қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Алғашқы кездесуінде қайтыс болған қыз»: Сотталушыға қатысты сот үкімі өзгерді

Фото: Ашық дереккөз

Бұған дейін бірінші сатыдағы соттың үкімімен сотталушы абайсызда адам өліміне әкеп соқтырғаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 104-бабының 1-бөлігі), 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Бірақ сот процесіне қатысушылар бұл шешімге апелляциялық шағым түсірген.

Іс материалдарын зерделеу барысында сот алқасы 2023 жылдың қазан айында кафеден шығу барысында таксиге қатысты туындаған жанжал кезінде, сотталушы Т. жәбірленуші К.-ны күштеп итеріп жібергенін анықтаған. Нәтижесінде К. арыққа құлап, басының артқы жағымен бетон арығының шетіне соғылып, алған жарақатынан қайтыс болған.

Іс материалдары қайта қаралып, көрсетілген мән-жайларды, сондай-ақ сараптаманың қорытындысын ескере отырып, сот алқасы бұрын шығарылған үкімнің күшін жойған.

«Алқа қаулысымен Т. абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды (ҚК 106 - бабының 3-тармағы) және оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», деп хабарлады қалалық сот.

Үкім заңды күшіне енді.