Әдебиет • Кеше

Ақындық әлем, азаматтық әуен

30 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ақұштап Бақтыгереева жырламаған, толғамаған тақырып жоққа тән. Оның ақындық миссиясындағы бірінші ерекшелік – ел мен жер, қоғамның, халықтың жайы алдыңғы орынға шығады. Өзі өмір сүріп отырған қоғамның беталысына, даму жағдаятына ақын сын көзімен қарап, пайымын білдіріп отырады. Ақұштап ақындығының айбарлы тұсы да осы. Мәселен, «Әділет», «Ауылға хат», «Адрессіз бала», «Ішкіш әйел», «Ерлікті көзбен көрген күн» (ақын Жұбан Молдағалиев рухына), «Бүркіт пен қарға» (ертегі ізімен), «Көк дөненнің кісінеуі (ақын Қадыр Мырзалиев рухына), «Сөйлейді өктемдерді ығыстырып» (Шерхан Мұртазаға), т.б. өлең-жырларында қазақ ұлты мен жұртының жаратылысына тән мінез-құлық, ұлттық характер, адами һәм имани қасиеттер оқырманын еріксіз баурайды.

Ақындық әлем, азаматтық әуен

Ұлтының өсу-даму өткелі мен белесін ақын әлеу­мет­тік және рухани-мәдени тұрғыдан қатар алып жыр­лайды. Мысалы, «Ауылға хатта» құрбысын сан қи­лы сұрақтың астына алған кейіпкер «Қалай жеңге, ке­ліннің сыйластығы, Кеткен жоқ па азайып жөр­гектері» немесе «Марқасқа деп аталған жігіт­тер­дің, Бұрынғыдай биік пе мәртебесі?» дейді. «Көр­ші­лердің түзу ме сәлемдері, Ойнақтаған тату ма тай-құ­лын­дар?», «Ұлағатты сөз айтып, қымыз ішіп, Той төрі­нен­ тарқай ма қариялар?», «Кешкі ертегі айтатын әже­лерден, Бесіктегі жас сәби ән тыңдай ма?» деген сауал­дар қояды. Бұл туынды қазақ ұлтының барлық буынын қамтуымен, ұлттық менталитетті еске салуымен ерекшеленеді.

«Әділет» аталған өлең аты затына сай ақынның әділдік пен адалдықты ту еткен туындысы іспетті көрінеді. Өзі көзімен көріп, куә болған жайттарды ақын әділеттен сұрап, оған тіл бітіре, жан бітіре сырласады:

«Әділет – қастерлі сөз алты-ақ әріп,

Күнәңді талай жерде арқаладық,

Бетпе-бет бір жолықшы, тым болмаса,

Оңданып отырайық ортаға алып».

Жұбан мен Қадыр ақынға, Шерхан суреткерге ар­налған өлеңдер өрімінде елі мен жұртының маң­дайалды тұлғаларының адами келбеті, жас ұр­пақ­қа үлгі болар ерлікке толы іс-әрекеті, халықтың олар­ға деген құрмет-сезімі әсерлі баяндалады. Оқыр­ма­нын ойландырып, толғандырып, бір мезет сезім же­тегіне алып, рухтандырып, қайрап отыратын бұл шығар­малардың ұрпақ тәрбиелеудегі маңызы зор болмақ.

Ақынның лирикалық кейіпкерлері ұдайы ой үстінде жүретін, қашанда оқырманымен сырласуға, көңіл күй сырын шертуге асық жандар болып келеді. Кейіпкерімен өзін әрдайым бірлікте сезінген автор кім­нің атынан сөз алса да, азаматтық үнін батыл айтып, тереңнен толғап отырады. Ақынның өзіндік көз­қа­расына тән ерекшеліктің бірі – ұлтжандылық қасиет, еліне, халқына деген құрмет сезімі алдыңғы орынға шығып, шығармашылық сапарының ақ желкені болып тартылған. Мәселен, «Жан сыры» аталған өлеңінде:

«Қызыңмен сырлассаңшы, туған дала,

Қай жаққа кетемін сен қуғанда да?

Менің кім болғанымды қалап едің,

Қолымнан келгені ме жырлау ғана?

Бұл күнде шынымды айтсам сенер ме едің,

Жоқ шығар жасырғаным сенен менің.

Ежелден Дала қызы атанғалы

Мен сенің құшағыңда не көрмедім?» – деп бірдің емес, мыңның атынан жырлайды. Ескі заманның дәстүріне сай малға сатылған қазақ қызының жағдайын баяндай келе: «Соғыста ел мен елді бітістіріп, Бесікте батыр ұлдар тербеткенмін», деп толғана сыр ашады. Ақын қазақ қызының жаратылысындағы ұлттық болмысты дәл тауып айтады, дәлелді жеткізеді. Көлемі шағын лирикалық туынды арқылы қазақ аруының кемел, толыққанды образын сомдайды автор. Ар мен намыс­ты ту етіп көтерген өлең-жырдың тінінде «Менің кім болғанымды қалап едің, Күн туса қол бастадым, атқа міндім», сондай-ақ «Ортайған теңізің мен өзеніңді, Ұлыңдай жоқтасамын мен де сенің» сынды намысқа жанылған өткір үні үстем шығады лирикалық кейіпкердің. Ақын кең даласына ерекше назар аудара алаңдайды, сырын соған ақтаруға асық. Болмысы нәзік жаратылыс иесі болса да, қол қусырып бұғып қалуды ар көреді. Елі, Отаны үшін жан қиған, ерлігі ел есінде қалған батыр қыздарды мақтан тұтады.

«Сен, мені қызым деме, туған дала, Қорғауға жарамасам намысыңды» деген көңілді, жігерлі пафоста аяқталады.

Ақынның азаматтық ажарын танытатын туынды­ның бірі – «Азамат» аталыпты. Бұл бес-ақ шумақтан тұратын өлеңінде елдің Азаматы атану деген ұғымдарға жауап іздейді және оның озық үлгісін ұсынады.

«Азамат! Жігіттің екінші есімі.

Жұртшылық сынының қорытынды шешімі.

Азамат – ауылда әр үйдің қонағы,

Ол үшін төр дайын, ашулы есігі».

Ақын пайымынша, Азамат болу – қиынның қиыны. Аталған атқа лайық болудың және бір шарты «Азамат емессің, сендегі жақсылық, Жүрсе егер өз қара басыңнан ауыспай». Бір сөйлеп, анық айтып, серт беру де – азаматтықтың бір белгісі, негізгі шарты. Жалған тіршілікте күңкіл мен пасықтықтан алыс жүру де – азаматтықтың белгісі. Сонымен бірге «Тек нағыз жігіттің қолынан келеді. Өзге үшін қуану, көп үшін мерт болу». Ақын шынайы азаматтықтың белгілерін қарапайым баяндайды, оқырманына жөн-жоба нұсқап, жол көрсетеді. Көңілі жарқын, жайдары, қуана білетін жандарды құрмет тұтады. Елі мен жұртының бір қажетіне жарайтын асыл жандарды ардақ тұтады. Ой түйіні мынаған саяды.

«Азамат! Көңілдің риза шешімі,

Жігіттің шыңдалып, биіктеп өсуі.

Азамат – халықтың үмітін ақтаған,

Ұлына қоятын екінші есімі».

А.Бақтыгерееваның бірқатар лирикалық шығарма­сы қазақтың біртуар тұлғаларына, ұлттық құндылықты қолдаушы мемлекет қайраткерлеріне, айтулы абзал азаматтарға арналған. Айталық, «Ерлікті көзбен көрген күн» өлең-жыры ақын Жұбан Молдағалиев рухына бағышталған. Қазақ жастарының 1986 жылғы тәуелсіздік жолындағы күресін айыптаушы Колбинге қарсы сөз сөйлеген Ж.Молдағалиевтің батылдығын һәм батырлығын, ерлігін көзбен көрген ақын осы тарихи оқиғаны көркем дүниеге айналдырған.

Өлең көлемі шағын болғанымен туындыда қазақ деген халықтың ұлттық намысы, оны қорғаушы ердің ісі қозғалған. Сол өткен дәуірдің идеология­лық қысымына қарсы тұрған Жұбанның батыл шеші­мі ұлттық патриотизмді уағыздаудың озық үлгісі бо­лар­лықтай дәрежеге көтерілген. «Қазақша акцент, толқыған қатал үнмен: «Замандаспыз» деді оған қатар жүрген. Желтоқсанның көргенше он алтысын, Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен». Бұл – Жұбанның Колбинге айтқан сөзі. Кейіпкер үнінде батылдықпен қатар намыс туын көтерген ар мен қайрат, абзал борыш сынды адамгершілік иірімдері қатар өрілген. Екінші дүниежүзілік соғыста от кешкен жауынгер Жұбанның асқақ үні айқын һәм анық, сенімді естіледі.

«Ұрпағыма халім бар не дер енді,

Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.

Қыздарымды сүйретіп бұрымынан,

Ит таласын деп пе едім немеремді?»

Жұбан баяндауындағы монологта ақын қазақтың бастан кешкен, көрген қорлығын рет-ретімен байла­ныстыра жеткізеді. Тың игерудің қазақ даласына әкелген қияметін, тіл мен діннен айырылған, мәң­гүрттенген ұлттың бар азабын ақын Ақұштап ­Жұбан аузымен айтқызып, нақты факті, мысалдармен баяндап береді. Мәселен, «Кеше алаңда сабаған – сенің тегің, Ал таяқты жегендер – менің балам» деп келетін монологті тіркестерден өлең авторы­ның ­туынды идеясын терең жеткізгенін аңдауға болады. Туындыда Жұбан қайраткердің әдеби бейнесі де ­шебер сомдалған.

«Намыс пен кек түнеріп қабағында,

Мұң аралас жас тұнып жанарында,

Ел алдында арқадан жүгі түсіп,

Ақын тұрды тазарып ар алдында».

Өлеңде ақын-қайраткердің образымен қоса залда отырған әріптес ақын-жазушылардың да жай-күйі жанды қозғалыс тапқан. Сол бір сәттегі психологиялық ахуал оқырманын еріксіз илантады, шандырады, сендіреді. «Тынып қалды, зал тегіс күбірлемей, Бір адамның жанары күлімдемей. Біз отырдық төбеден жай түскендей, Арқамыздан құмырсқа жүгіргендей».

Талай-талай зұлматты, қуғын-сүргінді көрген, сүт­тің бетіндегі қаймағынан айрылғандай хал кешкен, әбден зәрезап болған қазақтың, маңдайының соры бес елі ха­лықтың Жұбанды қорғап немесе қолдап сөйлей алмай, жақ ашпай, үнсіз, қатып қалған әрекетін жете­сі­не жеткізе суреттейді. Әйтсе де тұяқ серпімей қалмау керектігін көпшілік қауым ұғынғандай күй кешеді.

«Кетті залды ақынның өртеп демі,

Әлі есімде, біреулер селт етпеді.

37 қуғынын көрген сорлы

Қол соғудан сескеніп, жер тепкені.

 

Жұбан – бөрі, өзгелер – қояндардай,

Колбин жүзі сәл қанға боялғандай.

Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етіп,

Ұйқысынан бар қазақ оянғандай».

Туынды Жұбан Молдағалиевтің жеке ерлігін, ел басына күн туғанда ештеңеден қаймықпай, кеңестік кезеңнің қытымыр саясатына қарсы тұрып, қазақ ­жастарына таңылған жалған жаладан оларды қорғап қалуымен ерекшеленеді.

Ертегі ізімен жазылған балладаға тән туындысы «Бүркіт пен қарға» аталады. Бұл жырында ақын аллегориялық тәсілді оңтайлы пайдаланған. Дерексіз ұғымға жан бітіріп, бүркіт пен қарғаны сөйлетіп, диалогтік қатынасқа түсіріп, оқырманын ойландырады. Пернелеудің бұл түрі туындыға көркем әр үстеп, оқырманын оқиғаны бақылауға алып, ой түюге жетелейді. Шау тартып қалған кәрі бүркіт аспанға қа­лық­тап, ең соңғы қайрат-қуатын жинап, түлкі алуды арман­дайды. Бірақ та, осы іс оңай емес-ау, күлкіге қа­лар ма екем деген ой-күдік те жоқ емес. «Айнала қарап таң­дана, Қанатын жиып қомдана, Шалғанда көзі түл­кіні, Жолығыпты қарғаға». Екі жүз елу жастағы қар­ға­ға бүркіт отыз жыл өткен өмірі туралы баяндайды.

«Ал енді менің мөлшерлі,

Отызым жетті өлшеулі.

Біткені мендік ғұмырдың

Көтертпей қойды еңсемді».

Одан әрі бүркіт қарғаға өзінің жанары тозғанын, дала аңын көрмейтінін, соңғы рет түлкіге түсіп, өлуге бел байлағанын айтады. Аз ғана отыз жылдық ғұмырында әркез биіктен көрінгенін айтады. Қарға болса бүркіттің тірлігіне көңілі толмайтынын жеткізеді, ақыл-кеңес береді, күрессіз өмір кешуге де болатынын қуаттап, «Өлексе – менің тамағым, Жылы қан – сенің кеселің» дегенді меңзейді.

«Не керек аңмен алысып,

Қайратты бойда тауысып

Тұрғанда дауыл бұтаның

Ығында қалам жабысып», деп өзінің амал-айласын үлгі етіп, мақтанады да «Топшыңды босқа қандапсың, Тырнақты босқа тоздырып» дейді. Қарға торғайға да қарсы шықпайтынын әңгімелеп, тіпті сөз арасында «өлексе ізде, алыспай, тамағың тойса болмай ма?» дегенге дейін барады. Бүркіт сәл қиналып барып, ұшып кетуге жиналады, десе де: «Тәтті ғой тірлік, сондықтан, Сөзіне қарға иланды». Осылайша, қарға ұсынысына амалсыздан құлақ асқан бүркіт арада көп уақыт өтпей, бұл ісінің дұрыс еместігін ұғынып: «Өлексе шоқып, күн көру. Жо-жо-жоқ деді өр көңіл, Бұдан да артық шыңда өлу», деген тоқтамға келеді.

«Бәрібір өтер бұл жалған,

Өлімнен кім бар құр қалған,

Өлексе жеген үш жүзден

Отызым артық түлкі алған».

Өзінің қыранға тән табиғи қалпынан айнымайтынын түсінген бүркіт тізесін жиып қаһарына мінеді. Бұл тірлігінің дала қыранына жараспайтын қылық екенін біліп, қарғадан аулаққа ұшып кетеді. Ал құзғын құстың бейшара тірлігін ақын:

«Ешқашан биік қонбаған,

Іңкәрлік сезім болмаған,

Қарт қарға болса, таңданып,

Қарқылдап күліп қалды оған», деп сипаттайды. Ертегі ізімен жазылған, аллегориялық тәсілмен өрілген туындының астарлы мәні оқырманын адамгершілік қасиеттерге абай болуға, жақсы мен жаманның, адал мен арамның аражігін ажырата білуге баулиды. Лириканың, арагідік эпиканың элементін қамтыған шығарманы оқиғалы жанрдың кішігірім түріне де жатқызуға болады.

Ақын Ақұштап Бақтыгерееваның жеке дербес стиліне тән көркемдік ерекшеліктің бірі – ол қай тақырыпта жырласа да, көлемді немесе шағын дүние болса да, белгілі бір дәрежеде сюжет бар, яки оқиғалы өлең жанрының шебері десек те болады.

Жалпы алғанда, ақын туындылары оңай оқылады, үлкенге де, кішіге де эстетикалық әсер беріп, оқыр­манын қоршаған ортамен таныстырып, бұрыннан білетін білік-дағдысына жаңаша мән үстеп, таным көкжиегін кеңейте түседі. Ақын қандай тақырыпта ой қозғаса да, оқырманына сөз өнерінің құдірет-ләззатын сезінуге мүмкіндік береді.

 

Зейнолла МҮТИЕВ,

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры

Соңғы жаңалықтар

Әдеби тур басталды

Қоғам • Бүгін, 00:04

US Open басталады

Теннис • Кеше

«Хат қоржын»

Егемен Қазақстан • Кеше