Қарашаұлы болмаса қайтер еді...
Бұл басқармалардың жұмысы әкімнің тікелей қолдауымен ғана сәтті болатыны белгілі. Кейбір әкімдер мемлекеттік тілді дамыту, оған қанаттас жер-су атауларын қазақыландыру, әдебиет, мәдениет мәселелерін қолдау, БАҚ саласы қызметін үйлестіру сияқты жұмыстарды басқалардың шамына тиіп кетер деген оймен қорғалақтап, мұндай істердің тек «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» ғана атқарылуын қалайды. Алайда істің ығын табам дегенге әрдайым жол ашық.
Көп жылғы еңбегінде Кемел Оспанов осындай олқылықтармен күресіп келеді. Кейбір басшыларға жақпаса да, алған бетінен қайтпай, небір шетін, нәзік жұмыстардың оң шешілуін қамтамасыз етті. Әсіресе ол солтүстіктен шығып, республика деңгейінде елге еңбек сіңірген, тарихымызға, ғылым мен мәдениетке, өнерге, әдебиетке айтарлықтай үлес қосқан тұлғалардың есімдерін мәңгі сақтау үшін үлкен ұйымдастырушылық жұмыс атқарып жүр. Алаш қайраткерлерінің еңбектерін елге танытуда да атқарған еңбегі зор. Ұлт ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын насихаттауда республикалық іс-шаралардың бастамашысы болып, бес рет «Мағжан көктемі» атты республикалық өнер фестивалін өткізді. Бұл іс-шараларға ұлтымыздың озық тұлғалары Әбіш Кекілбаев, Кәкімбек Салықов т.б. белгілі қайраткерлер қатысты. «Алаш» қозғалысы мен Мағжан ақынға байланысты Астана, Алматы қалалары мен Франция, Түркия, Әзербайжан елдерінде өткен ТҮРКСОЙ мен ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде болған республикалық, халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. М.Жұмабаевтың «Туған жер» атты өлеңдер жинағын, «Батыр Баян» поэмасын көркемделген сурет кітап түрінде шығарды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ұстаздарымен бірлесіп Мағжанның екі томдық кітабын құрастырды. Оған ақын туралы Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Ташкент, Омбы мұрағаттарынан алынған тың деректер енгізілді.
Қазақ хандығының 550 жылдығын атқаруға қосқан үлесімен қоса Қожаберген жыраудың 350 жылдығын мерекелеу бойынша халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларды, Кәкімбек Салықовтың, Герольд Бельгердің, Сафуан Шаймерденовтің, Есләм Зікібаев, тағы басқа тұлғаларды ұрпаққа үлгі етуде еңбегі зор. Осындай іс-шараларға құрметті қонақ болған атақты ағалар аузында Кемел есімі қалатын. Қонақтарды күтумен бірге көңілдендіріп, елдің, жердің жетістіктерін көрсетіп, тамаша ән-күй айтуда да ол жарқырап көзге түсетін.
1998 жылдың қарашасынан облыстық тiл саясатын үйлестiру бөлiмiне қызметке кіріскеннен бері бұл мәселеден ешқашан алыстап көрген емес. Барлық жұмыс орнында тегін қазақша үйрету курстарын ашу, облыстық, аудандық тілді оқып-үйрету орталықтарын құру сияқты жұмыстардың бел ортасында Кемел Оспанов жүреді. Тіпті Ресей Федерациясының Қорған, Омбы, Түмен облыстарындағы қазақ диаспорасы өкілдерінің ана тілін үйренуге деген талпыныстарына қолдау көрсетіп, мұғалімдер жіберіп, оқу құралдарымен қамтамасыз етуге де белсене қатысты.
Әрине, тіл үйрету жұмыстары бәлендей жақсы нәтиже берді деп айта алмайсың, оған алдымен әркімнің ниеті керек. Бірақ сол ниет жұрттың бәрінің бойынан табыла қоймайды. Басшылардың да ұстанған саясаты бұл істе бірізді емес, ала-құла көңіл басым, жиналыстарда халыққа былай айтып, іс жүзінде айнып шыққан талай бастықтар болды. Тілді дамыту саласы қызметкерлерінің қалауын қайшымен қиған да басшылар жетіп артылды. Өйткені ондайлардың өздері де тілді білмейтін, ал үйренуге мойын жар бермейтіні белгілі. Осындай басшылардың қылығына жігері құм болған Кемел Оспанов күйіп-пісіп, шындықтарды айтып салатын. Бір қызығы, ол үшін Оспановты орнынан алмайтын, керісінше көңілін табуға тырысатын. Бұл да бір қасиеті шығар. Бірақ сондай әкімнің бірі Кемелге әлі жетпегенімен, Тіл басқармасын жауып тынды. Алайда тіл жанашырларының дүмпуінен ығысып, оны Ішкі саясат басқармасының басшысы етіп тағайындады. Осындайда Қызылжар өңірі Кемел Қарашаұлы болмаса қайтер еді деген ой туындайды...
Тарихи атаулар қайтарылды
Ономастикалық жұмыстарды жандандыру, қала, ауыл-село, көше атауларына жергілікті жер-су аттарын беру, танымал тұлғалардың есімдерімен атау жұмыстары да Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы жұмысының бір саласы болды. Облыста ондаған ауыл-селоның, жүздеген көшенің атаулары өзгеріп, транскрипциясы өзгерген 58 елді мекен дұрыс аталды. Мысалы, Чаглинка – Шағалалы, Даут – Дәуіт, Карлуга – Қарлыға, т.б. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 13 аудан бар. Соның екеуі ғана өзге тілде. Булаевтың – М.Жұмабаев, Сергеевтің – Шал ақын, Целинныйдың – Ғ.Мүсірепов ауданы аталуына Кемел Оспанов тікелей еңбек сіңірген.
Жалпы, К.Оспанов Тіл басқармасына басшылық жасаған жылдарында Петропавл қаласындағы 57 көшеге жаңа атау, еліміздің көрнекті қайраткерлерінің есімдері 26 білім және мәдениет мекемесіне берілді. Құжаттарын Кемел Оспанов өткізген Тимирязев ауданының ғана атауы өзгермеді. Оның да барлық құжаты дайын болғанымен, бір керауыздардың жазушы Сәбит Мұқанов есіміне қайта-қайта шүйліккенінен жоғарыдағы шенеуніктер өткізбей тастады. «Ол ұсыныс та бір кезде шешімін табарына сенімдімін. Бірақ апталап жатып, барлық министрлікті мойындатқан есіл еңбек қор болды», дейді Кемекеңнің өзі. Ел мен жерге қатысы жоқ атауларды өзгертуге басқа емес, кейбір марғау басшылар қарсы болғаны Кемекеңнің жүрегіне талай салмақ салған. Мысалы, Чапаев селосының атауын өзгертуге ономастикалық комиссия көп күш салып, халық мақұлдағанымен, облыстық мәслихаттың бекітуіне әкелгенде хатшы болып отырған қазақтан шыққан біреу қарсы шығып, өткізбей тастаған.
Ономастика, топонимика мәселелерін қамтып, ол университет ғалымдарымен бірге аумақтық жер-су, елді мекен атауларын тарихи және этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеген «Атамекен атаулары» атты кітап шығарды. БАҚ-та тілдерді дамыту, өнер, қоғамның рухани құндылықтары, ономастика проблемалары бойынша сараптамалық мақалалары жиі жарияланып тұрады.
Батырдың әнші жиені
Кемел Оспановтың әншілік өнері – бөлек әңгіме. Туған ортасы кәдімгі Ақан серінің елі, алтыншы атадан қосылады. Мәскеу (қазір Есіл) ауданының Бұлақ ауылында дүниеге келген оның құлағына әсем ән мен тәтті күй бөбек кезінен сіңген. Қараша Оспанов ағамыздың алты ұлының ең кішкентайы, құлдыраңдаған сүйкімді Кемелді ата-анасы ғана емес, исі Бұлақ ауылы тілінің тәттілігіне, ән салғыш батылдығына қарап жақсы көретін. Бірде ауылға Кеңес Одағының батыры, атақты Жәлел Қизатов жұбайымен келе қалады. Ол – Кемелдің анасы Қарапаның туған ағасы. Алдынан жүгіріп шыққан 3-4 жасар сүйкімді жиенін көтеріп алған нағашы бастап оны жанынан тастамайды. Ақырында «осы баланы маған беріңдер» деп қарындасына бір-ақ бұйырып, оны өзімен бірге Қызылорда қаласына алып кетеді. Алайда оқу жасына іліккенде Жәлел ағамыз Кемелді туған жерге қайтадан әкеліп, Бұлақ орта мектебіне береді. Мектепті бітірген соң баланың өнерге бейімі барын көрген нағашысы қайтадан Қызылордаға шақырып, сондағы пединституттың «Әуен және ән мұғалімі» факультетіне оқуға түсіреді.
Кемелдің Жәлел Қизатовтың шаңырағында өсуі оның өнерге бейімделуіне, жақсылармен қатар отырып, дәмдес болуына, олардан үлкен үлгі алуына мол мүмкіндік тудырады. Елімізге белгілі Мақтай Сағдиев, Кәкімбек Салықов, Роза Бағланова, т.б. атақты адамдардың оң тізесінен орын алып, бала Кемел неше түрлі қызық әңгіме естіп, ән тыңдаған, өзі де талай рет ән салған.
Әскер қатарында Қиыр Шығыстағы Благовещенка қаласында жүргенде әншілігін танып, генерал В.Шатковский бірден ансамбльдің құрамына алынасың деген шешімін айтып кетеді. Арада бір-екі ай өткенде КСРО қорғаныс министрі Д.Язовтің бұйрығымен Кемел Новосібір қаласына ауыстырылып, ансамбльдің құрамында ән салады. Ансамбль басшылары да «осында қал, барлық жағдайыңды жасаймыз» депті. Алайда Кемелдің батыр нағашысы оны әскери міндеті аяқталған соң туған жерге қайтарады. Өйтпесе Кемел Оспанов жат елдің азаматы болар еді.
Кемекең өзі туған Мәскеу ауданының орталығы Корнеевка селосында Балалар музыка мектебінің оқытушысы, кейін сегіз жыл директоры қызметін атқарады. Сонсоң М.Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiн бiтiріп, жоғары қызметтер атқарды.
Облыстағы бірде-бір рухани-мәдени іс-шара онсыз өтпейді. Алматыдан, Астанадан келген атақты қонақтың бәрі де оның есімін, жасаған қызметін ұмытпай, ауыздарынан тастамай мақтап отыратынын білеміз. Соның бірі – атақты филолог-ғалым Тұрсынбек Кәкішев. С.Мұқановтың 100 жылдық мерейтойына келген сапарында өзін күтіп алып, қызмет қылған баланы Тұрсекең «Кемел паша» деп атап, қатты сыйлап өткен екен. 85 жылдық мерейтойына арнайы шақырып, таңғы 4-те келетін пойызға өзі шығып қарсы алғаны – бөлек әңгіме.
Сондай-ақ ұлтымыздың ардақты тұлғалары Әбіш Кекілбайұлы, Аманжол Қошанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер, Тұманбай Молдағалиев, т.б. Кемел Оспановты ауыздарынан тастамай мақтап отыратынын көргендер көп.
Солтүстік Қазақстан облысы