Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мектеп кітапханалары 87 120 жаңа кітаппен толықты. Оның ішінде ғылыми-көпшілік бағыттағы кітаптар, энциклопедиялар, балалар қызығушылығын тудырған әдеби шығармалар бар. Жаңа оқу жылында ерекше қажеттілігі бар 9 148 баланың өз қатарластарымен бірге білім алу мүмкіндіктері қарастырылды. Олардың көбі былтырғы сыныптастарымен бірге партаға отырады. Өкінішке қарай, жыл сайын өңірде денсаулығында туабітті кінәраты бар балалар саны көбейіп келеді.
Өңірдегі 30-дан астам колледжде 18 202 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуды бастайды. Осы оқу жылында кәсіптік білім беру ұйымдары түлектерінің жұмысқа орналастыруын жеделдететін халықаралық тәжірибе негізінде «Мамандықтар атласы» әзірленеді. Биыл өңірдегі оқушылар саны 1000-нан асатын 150 мектепте оқыс қимылдар мен күдікті заттарды анықтап, жедел орталыққа дабыл беретін цифрлық бейнебақылау жүйелері орнатылады.
Жазда 150 мыңнан астам оқушы қала сыртындағы, мектепішілік және қосымша білім беру ұйымдары жанындағы лагерьлерде демалды. Су тасқынынан зардап шеккен аудандардың, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 30 мың баласы тегін жолдамамен қамтамасыз етілді. Көктемдегі су тасқынынан 14 білім мекемесі зардап шексе, алты мектеп мүлде жарамсыз болып қалды. Жаңа мектеп құрылысына Үкіметтің резервтік қорынан қаражат бөлінді. Соған қарамастан Ойыл ауданының Екпетал ауылы мен Ырғыз ауданы Нұра ауылының мектептері оқу жылына дайын емес. Өйткені Ырғыз ауданында төтенше жағдай режімі әлі аяқталған жоқ. Нұра ауылында Торғай өзенінің суы қайтпады, ауыл үйлері әлі де су ортасында тұр. Осыдан алты жыл бұрын салынған Нұра орта мектебі де бес айдан бері су ортасында, ғимараты мүлде жарамсыз. Қазір осы ауылдың іргесіндегі биіктеу қыратта 60 орындық мектеп жеке инвестордың қаржысына салынып жатыр. Алайда қара күзге дейін жаңа мектеп аяқтала қоймайтыны анық. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, Нұра мектебінің 100-ге жуық оқушысы қашықтан білім алады. Көктемде су басқан Екпетал негізгі мектебінің 35 оқушысы да аудан орталығындағы Ойыл аграрлық колледжі ғимаратында білім алады.
Жаңа оқу жылында 70 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары мен ерекше санаттағы отбасы балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Ақтөбе облысындағы 56 ауыл мектебін толық жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Бұл күндері 50 мектепке жаңа жиһаздар сатып алынып, 56 мектепке турникеттер орнатылды. Білім басқармасының мәліметіне қарағанда, 2025 жылға дейін өңірдегі барлық ауыл мектебін толық жаңғырту жұмыстары аяқталмақшы.
Ақтөбе облысы