Суреттерді түсірген – Юрий Беккер
Соңғы уақыттары еліміздің ғылым саласында жасалып жатқан жүйелі реформалар нәтижелі бетбұрыстарға жол ашады деген сенім мол. Жаңа жүйенің негізгі элементі – мемлекеттік мәртебе берілген, Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясын құру идеясы болды. Жақында қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға сәйкес ол елдегі жалғыз жоғары ғылыми ұйым атанғаны мәлім. Алқалы жиынды ашқан Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КеАҚ басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев ұйымның жоғары мәртебесі ғылыми қауымдастыққа үлкен жауапкершілік жүктейтінін, қазіргі әлемде өркендеу мен лайықты бәсекелесу үшін ғылым прагматикалық және нәтижелі болуы керектігін атап өтті.
– Мемлекет басшысы ғылым экономиканы жаңғыртудың алдыңғы қатарында тұруы, елге қызмет етуі және қоғамның күнделікті өміріне пайда әкелуге тиіс екендігін атап көрсетті. Сол себептен, біздің миссиямыз – еліміздің жетекші ғалымдарын біріктіретін автономды, тәуелсіз және дәстүрлі бюрократиялық вертикалдан тыс, мемлекеттік саясат пен экономиканың неғұрлым өзекті мәселелерін шешуге үлес қоса алатын отандық ғылымның дамуын қамтамасыз ететін ғылыми ұйым құру еді. Мемлекеттік академияның ерекшелігі – ол академик атағы «мансап тәжін» білдіретін немесе зейнетке шығудың жайлы орны ретінде қарастырылып келген ерекше мәртебелі ұйым болмайды. Біз оның құрамына қоғам қайраткерлерін, саясаткерлерді, мемлекеттік қызметкерлерді немесе табысты кәсіпкерлерді алмаймыз. Біздің міндетіміз – ғылымның тек белсенді көшбасшыларын, нағыз ғалымдарды, оның ішінде дарынды жастарды біріктіру. Олардың елімізге елеулі пайда әкелуіне мүмкіндік жасауды көздейміз. Қолданыстағы заңда көрсетілгендей, академик атану – тек конкурс негізінде сайлау арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі атағын иеленудің басқаша жолы заңда жоқ. Осы ретте, академияның нақты мүшелерінің сандық құрамы көп болмайтынын атап өткім келеді. Әділ сайлау негізінде еліміздің ең лайықты, ең даңқты ғалымдары ғана академик болуы керек. Біз академиктер қатарын жасанды «өсіруге» тиісті емеспіз. Тіпті дамыған озық елдердің өзінде ғылыми әлеуеті жоғары болуына қарамастан, ұлттық академиялардың толық мүшелерінің саны шектеулі. Егер де біз, әлемде академиктер саны бойынша бірінші орынға шықсақ та, бұдан ғылымымыз өркендеп кетпейді. Ұлттық ғылым академиясының қоғамдағы бұрынғы даңқы мен беделін қайтаруға арналған ауқымы зор игі істердің бастауында тұрмыз. Әрине, атқарылатын жұмыс өте көп, бірақ бұл ғылымның бүкіл жүйесін прогрестің нақты «қозғалтқышына» және елдің даму факторына бағыттайтын өте қызықты әрі алғысы мол жұмыс болмақ, – деді Ақылбек Күрішбаев.
Академияның жаңа мүшелерін сайлау бірнеше саты бойынша жүзеге асқан. Ең алдымен, қолданыстағы заңның аясында Ел Үкіметінің шешіміне сәйкес құрылған өтпелі Төралқа үш академикті сайлады.
Бұдан әрі Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен академиктерді сайлау қағидаларына сәйкес, елдің ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындары ұсынған үміткерлер арасынан үш кезеңдік сайлау өткізілген. Алдымен ұсынылған құжаттардың толықтығы және үміткерлердің белгіленген критерийлер мен талаптарға сәйкестігі тексеріліп, сараптама комиссиясы әрбір жіберілген үміткердің сапалық және сандық көрсеткіштері бойынша қорытынды жасаған. Үшінші кезеңде Ғылым академиясының Төралқасы әрбір үміткер бағдарламасының өзектілігін, жаңашылдық деңгейін, тиімділігін, нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуі мен оның ресурстық қамтамасыз етілуін тыңдаса керек.
Сараптама нәтижелері бойынша ең көп ұпай жинаған, бағдарламаны қорғау нәтижелері ең жоғары бағалау көрсеткішіне ие болған және академиктердің жалпы жиналысына қатысушылардың жасырын дауыс беруі арқылы жалпы санының кемінде үштен екісі дауыс берген үміткерлер ғана академик болып сайланды.
Сонымен жоғарыда атап өткеніміздей, Үкімет шешіміне сәйкес құрылған өтпелі Төралқа сайлаған үш академикті қоса алғанда 9 бірдей ғалымға Президент жанындағы ҰҒА академигі төсбелгісі табысталды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жиналғандарға бейнеқұттықтау жолдап, ғалымдарға академик атағын растайтын куәлік пен арнайы төсбелгіні вице-министр Дархан Ахмед-Заки табыс етті. Министрдің бейнеқұттықтауында академияға айрықша мәртебе берілуі ел тарихындағы өте маңызды бетбұрыс екендігі, отандық ғалымдардың ғылыми зерттеулері мен өнертабыстары мемлекет игілігіне айналуы қажеттігі айтылған. Министр 2023-2025 жылдары аралығында ғылымды қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайғанын, ғылымды дамыту ең алдымен ғалымдарды қолдаудан басталатынын, әсіресе, ғалымдарды әлеуметтік қолдауға айрықша назар аударылатынын мәлімдеді.
Президент жанындағы ҰҒА академигі төсбелгісі Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес мүшесі Ақылбек Күрішбаевқа, Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес мүшесі, Қазақстан Республикасының Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асқар Жұмаділдаевқа, Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» басқарма төрағасы, Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақшолақовқа табысталды.
Өтпелі Төралқа сайлаған осы үш академиктен бөлек жоғары құрметке ие болған 6 ғалым академик атанды. Олардың сапында Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Persona» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы Вячеслав Локшин, Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тілекқабыл Рамазанов, Ұлттық ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының кандидаты, профессор, «Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты» Молекулалық генетика зертханасының меңгерушісі Ерлан Тұрыспеков, Ұлттық ғылым академиясының академигі, жас ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, Энергетика министрлігінің «Ядролық физика институты» Астана филиалының директоры Максим Здоровец, Ұлттық ғылым академиясының академигі, жас ғалым, PhD, Назарбаев университетінің профессоры Сұраған Дөрбетхан, Ұлттық ғылым академиясының академигі, PhD, Назарбаев университетінің вице-президенті Дархан Біләлов бар.
Айрықша құрметке ие болған ғалымдар – ғылымның әр саласында елеулі табысқа жеткен жандар. Іс-шараға қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков ел ғылымы мен мәдениетінің орталығы саналатын Алматы өнертабыс иелеріне қашанда қолдау көрсететінін айтып, қала басшысының құттықтау хатын оқып берді.
Ерболат Досаев құттықтауында Алматы қаласының елдегі ғылым мен білімнің негізгі орталығы екендігін еске салып, академияның мақсаттары қала дамуының негізгі бағдарламаларымен тығыз байланысты екенін баса айтты. Ол жаңа академиктерді лайықты атақтарымен құттықтап, ғалымдардың отандық ғылымның дамуына айтарлықтай үлес қосқандығын атап өткен.
«Біздің алдымызға қойылған үлкен талап бар. Отандық ғылым талай жыл дағдарысқа ұшырады, арада үлкен іркіліс болды. Мұның орнын толтыру үшін үлкен жұмыстар жасалуы керек. Ғылымға назар аударудың өзіндік индекстері бар. Кейбір көрсеткіштер бойынша әлемдік орташа деңгейден де түсіп кеткен кез болған. Соған қарамастан соңғы жылдары қайта еңсе тіктеп келеміз. Ғылыми жобаларға ауқымды қаржы бөліне бастады. Егер ғылымға таза көңілмен келсеңіз, лайықты идеяңыз болса, талаптансаңыз жол ашық. Мұны ғылымға ден қойғысы келетін жастар білуге тиіс. Ғылымға аяқ басатын сәт нақ осы кез. Себебі бізде ғалымдар көп емес. Юнеско-ның көрсеткіші бойынша, елімізде миллион адамға шаққанда 600 ғалымнан ғана келеді. Алайда әлемдік орташа көрсеткіш миллион адамға шаққанда 1 300 ғалым. Демек қазір жастар үшін мүмкіндік мол», дейді Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі атанған математик-ғалым Сұраған Дөрбетхан.
Ұлттық ғылым академиясының академиктерін конкурстық сайлаудың келесі кезеңі алдағы айларда өткізу жоспарланған. Оның қорытындысына сәйкес ғылымның барлық негізгі бағыты бойынша академиктер құрамы қалыптасатыны айтылды.
Іс-шара аясында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес төрағасы Мақсат Жабағин кеңестің алты айлық жұмысы туралы есеп беріп, жас ғалымдар тарапынан ұсыныс-тілектер айтылды.