Ұлттық қордан жаппай қаражат алу деген мәселені шешу қажет. Кейінгі 4-5 жылда Ұлттық қордан трансферт жасау көлемі көбейе түсті. Бұл дегеніміз бюджет тапшылығының ұлғайып бара жатқанын аңғартады.
Мемлекеттік қаржыдағы, бюджеттегі дағдарыстың кейбір белгілерін шұғыл түрде шешу керек. Оның ішінде бюджеттік тәртіптілік, жауапкершілік мәселелері бар. Жалпы, Үкіметтің мемлекеттік бюджетке тәбеті тым ұлғайып кетті. Экономиканың мүмкіндігі ондай тәбетті көтере бермейді. Сондықтан бюджет саясаты реформаны қажет етеді. Бюджет саясатын жетілдіруге қатысты келесі ойды айтқан жөн сияқты. Біз бюджеттің тапшылығын Ұлттық қормен жауып келе жатырмыз. Менің ойымша, Үкімет Ұлттық банкпен және басқа мемлекеттік органдармен бірігіп Ұлттық қордан трансферт алуды азайтуды ойластыруы керек. Негізі мұның екі жолы бар. Қазіргі Салық кодексіндегі түрлі жеңілдіктің саны 280-ге жетеғабыл. Соның салдарынан бюджет жылына 4-6 трлн теңгені жоғалтады екен. Яғни Ұлттық қордан қаражатты ала бергенше, Салық кодексіндегі қаптаған жеңілдікті жойған дұрыс. Екінші тетік – көлеңкелі экономикамен күрес. Бізде қазір экономиканың шамамен 18 пайызы көлеңкелі экономикаға тиесілі. Егер экономиканың бүкіл айналымын 100 трлн теңге деп алар болсақ, соның 18 триллионынан салық ұсталмай жатыр деген сөз. 18 трлн-ның салық жүктемесі шамамен 20-30 пайыз болады деп есептейтін болсақ, онда кемі 4 трлн теңге қазынаға түспей тұр. Бізге осы екі тетікпен жұмыс істеу маңызды. Өкінішке қарай, бұған қатысты әзірге тиісті шаралар қабылданып жатқан жоқ.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында экономиканы екі есе ұлғайтуды міндеттеді. Бірақ Үкімет оған тиісті деңгейде жауап бере алмай отыр. Сол себепті, дәл қазір экономика көлемін екі еселейтін нақты бағдарламаны әзірлеудің маңыздылығы артып тұр. Сол кезде елдегі экономикалық ахуал жақсармақ. Бұл орайда Үкіметтің және тағы да басқа мүдделі мемлекеттік органдардың өзара бірлесе отырып, экономиканы екі есе ұлғайту жөніндегі Үкіметтің ортамерзімді бағдарламасын әзірлегені дұрыс.
Бұған қоса ұлттық валюта бағамы саясатына өзгеріс енгізу керек деп ойлаймыз. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес экспорт көлемі 15 млрд долларға азайып кетті. Бұл не деген сөз? Бұл ішкі бағалардың қымбаттап, Еуразиялық экономикалық одақ аясында бәсекеге қабілеттілігіміз төмендеп кеткенін білдіреді. Меніңше, қазіргі уақытта ішінара, әлсін-әлсін жасалатын девальвация қажет. Егер ол жасалмаса, бәсекеге қабілеттілігіміз төмендей береді. Бұл да Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе отырып шешетін маңызды мәселе.
Қоңыр күзде күтілетін тағы бір басым бағыт – жүргізіліп отырған экономикалық саясаттың сапасын көтеру. Бұл екі элементтен тұрады: біріншісі – экономикалық реформалар пакеті керек, екіншісі – құрылымдық реформалар пакеті қажет. Өкінішке қарай, Үкімет тарапынан ондай пакеттер әзірленген жоқ. Тағы бір басымдық – сыртқы экономикалық байланысқа қатысты, яғни төлем балансындағы тапшылықты дереу жою бойынша тапсырма берілгені дұрыс. Мәселен, өткен жылдың қорытындысында төлем балансындағы ағымдағы есепшот бойынша бізде 9 млрд долларға тапшылық байқалды. Бұл – экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан ұлттық мүддеге сәйкес келмейтін көрсеткіш.