Облыс басшысы баспаналы болған азаматтарды құттықтап, өңірде кейінгі екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілгенін атап өтті.
«Биыл тұрғын үй құрылысына және дайын пәтерлер сатып алуға 34,1 млрд теңге бөлінген. Жыл басынан бері 600-ден аса отбасы қоныстойын тойлады. Бүгін өздеріңізбен бірге тағы 50 отбасының қуанышына жиналып тұрмыз. Шаңырақтарыңыз жылулық пен мейірімге, балалардың шат күлкісіне толсын», деді облыс басшысы.
Салтанатты іс-шарада қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Биғали Қаюпов пен Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов жерлестерін құттықтап, баспаналы болған Айгүл Ахметова қуанышын жеткізді.
Пәтер кілтін алғандар арасында көпбалалы, толық емес отбасылар, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, Ауған соғысының ардагері, І-ІІ-топ мүгедектері, өзге де әлеуметтік топ өкілдері бар.
Кілт табыстау рәсімінен кейін өңір басшысы тұрғындармен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму мүмкіндігін талқылады. Биыл Дүр Оңғар ауылына, Жосалы кентіндегі «Тәуелсіздік» шағын ауданына газ жеткізіледі. Көмекбаев, Ақтөбе ауылдарының электр желілері қайта жаңғыртылады, 2 млрд 958 млн теңгеге аудандағы 46,3 шақырым көше жөндеуден өткен.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал және Ақай ауылдарында дене шынықтыру кешендері салынып жатыр.
Қызылорда облысы,
Қармақшы ауданы