Digital • 29 Тамыз, 2024

Білім сапасын арттыру жолы

264 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астанада «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» атты педагогикалық тамыз саммиті өтті. Онда еліміздегі орта білімнің сапасын көтеру жұмыстарына жан-жақты баға беріліп, осы бағытта жаңа технология­ларды, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану мәселесі сөз болды.

Білім сапасын арттыру жолы

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Мемлекет басшысы былтыр қазан айында Астанада өткен Digital Bridge АТ-форумында жасанды интеллект ғылыми фантастика емес, қалыптасқан шындық екенін, оның еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуына мол үлес қоса алатыны туралы айта келе, оны дамыту үшін барлық жағдай жасау керектігіне тоқталды.

Президенттің тапсырмасы бойынша осы жылы шілдеде Үкімет отырысында экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу мақсатында стратегиялық құжат қабылданды. Бұл аса маңызды құжат болды.

Жасанды интеллект (ЖИ) білім жүйе­сінде кеңінен қолданыс тауып отыр. Ол заманауи оқыту әдістеріне тың міндеттер жүктеді. Білім беруде ЖИ пайдалану: оқытуды дербестендіруге, яғни оқу материалдары мен әдістерін әрбір оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімдеуге, мұға­лім уақытын автоматтандыру және оң­тай­ландыруға, яғни мұғалімдерге білім сапасын жетілдіруге, оқушылармен өзара қарым-қатынаста жұмыс істеуге, ин­терактивті оқу материалдарын қолдана оты­рып, оқытуды қызықты және түсінікті етуге мүмкіндік береді.

Алайда ЖИ пайдалану кезінде бірқатар проблема кездеседі, олар: этикалық мәселелер, яғни оқушылар деректерінің құпиялылығын сақтау; мұғалімдер даярлау, олар өз жұмысында жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану үшін кәсіби құзыреттері жоғары болып, жаңа дағдыларды меңгеруге қабілетті болуға тиіс; технологияға тәуелділік, яғни ЖИ әсерінің өсуі білім беру үдерісінде адами факторлардың жоғалуына әкелуі мүмкін. Сондықтан ЖИ-ді білім беруге енгізу­дің тиімді әдістерін, ұлттық рухани құндылықтар мен оқу мақсаттарын сақтай отырып, әзірлеу қажет. Мұндай жұмыстар әлемнің жетекші елдерінде жүргізіліп жатыр. Олардың орындалуы педагог кадрлардың құзыретіне тәуелді болады.

 Білім беру саласына ЖИ енгізуде көшбасшы елдердің бірі – Сингапур. Астанада, басқа қалаларда өткен тамыз жиындарында Сингапур елінің біраз ғалымдары келіп, баяндама жасады, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

2010 жылы АҚШ-тың «McKinsey&­Company» компаниясының қызметкерлері Мона Муршед, Чинези Чийоке, Майкл Барбер «Мектепте білім берудің ең үздік жүйелері қалай жетіле түсуде?» деген тақырыпта зерттеу жүргізді. Онда бастапқы жағдайы әртүрлі және айтар­лықтай тұрақты табыстарға қол жеткізе алған 20 елдің орта білім жүйелері талданды. Зерттеу нәтижесінде кез келген елдің білім жүйесінің ағымдағы деңгейін: қанағаттанарлықсыз; қанағаттанарлық; жақсы; аса жақсы және үздік деп 5 дең­гейде бағалауға болатыны анықталды.

Зерттеушілер мектеп жүйесін кез келген бастапқы жағдайдан әрі қарай жетілдіруге болады, ол үшін үш аспект ескерілуі керек деген қорытындыға келді. Бірінші аспект – жүйе жетістігінің деңгейі, яғни бүгінгі күннің білім беру сапасына шынайы баға беру керек. Екінші – оқыту нәтижесін жақсарту үшін атқарылуы қажетті іс-шаралар кластерін анықтау. Үшінші аспект – мемлекетте білім беру жүйе­сінің құрылымын, саясатын, мәде­ние­ті мен тарихын ескере отырып, басым әсер ететін бағыттарды анықтау.

Сингапур елінің орта білім жүйесі қанағаттанарлықсыз деңгейден өте жақсы деңгейге 40 жылдай уақытта жеткен. Осы жылдар ішінде, жүйе жетілдірілген сайын мектеп жүйесі 3 даму сатысынан өткен: «Аман қалу» (1959-1978), «Өнімділікті арт­тыру» (1979-1996) және «Әлеуетті жетіл­діру».

«Аман қалу» кезеңінде мектеп жүйе­сі­нің бар күші барлық балаларды мек­тепке қабылдап, әр баланы орынмен қамтамасыз етуге жұмылдырылды.

«Өнімділікті арттыру» кезеңінде бас­ты міндет – әртүрлі мектептегі оқыту сапасының көрсеткіштері арасындағы алшақтықты азайту болды. 1980 жылы CDIS – Сингапур әдістемеліктер жасау институты (Curriculum Development Institute of Singapore) құрылды, оның алдына тәжірибесіз мұғалімдердің немесе негізгі дайындығы нашар мұғалімдердің қолдануына дайын оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу міндеті қойылды. Әр сабақ үшін сабақ жоспары, мұғалімге арналған нұсқаулық, оқушыларға арнал­ған жаттығулар жинағы, тәжірибе жүргізу, бейнетаспа, т.б. жасалды. «CDIS» осы материалдарды қалай тиімді пайдалану түсіндірілетін, мұғалімдерге арналған, се­минарлар өткізді. Оқушылардың оқу же­тістігі тестілеу жүйесі арқылы анық­тал­ды. Бұл оқыту нәтижесінің қар­қынын бақылауға мүмкіндік берді. 1980-1990 жылдары сингапурлық жүйе оқу жетістігінің ең төмен деңгейі едәуір артып, әртүрлі этностық топ оқушыларының үлгерім көр­сет­кіштері арасындағы алшақ­тық азайған.

«Жақсыдан аса жақсыға өту» кезеңін­де (1988-1998) мектеп қызметінде қатаң бақылаудан өздік басқаруға өту жұмыс­тары басталды. Үлкен дербестікке ие мектеп түрлері пайда болды. Соның ішінде 1988 жылы тәуелсіз мектептер, ал 1994 жылы өзін-өзі басқаратын мектептер құрылды. 1995 жылға қарай Сингапурдың мектеп жүйесі дүние жүзіндегі ең табыс­ты жүйелердің біріне айналды.

Сингапур мектеп жүйесі бірнеше онжылдықта, қандай ел болсын, білім сапасы бойынша артта қалушылар дәре­жесінен айтарлықтай табысты дәрежеге өте алатынын көрсетті. Орта мектеп түлектері білімінің деңгейі көбінесе олар он жыл бұрын бастауыш мектепте алған білімінің сапасына байланыс­ты. Ал оқушылардың бастауыш мектептегі білім деңгейі, көбінесе одан да ертеректе білім алып, мұғалім болған адамдардың біліктілігіне тәуелді. Қорыта айтқанда, білім жүйесінің сапасы онда жұмыс істейтін мұғалімдердің кәсіби деңгейінен жоғары болмайды. Білім беру нәтижесін жақсартудың бірден-бір жолы оқытуды жақсарту болмақ. Сапалы оқытуды әр балаға жеткізбей тұрып барлық оқушы білімінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мүмкін емес екенін әсте естен шығармаған абзал.

Ғалымдардың жүргізген Салыстыр­малы талдау жұмыстарының нәтижелері, оқы­туды жақсартуға қол жеткізу қиын, бірақ шешімі табылатын міндет екенін көр­сетті.

Елімізде егемендік алған жылдардан бастап ұзақ жыл бойы мұғалімдердің еңбекақысы төмен болуына байланыс­ты педагогикалық оқу орындарына орта мектепті орташа бітірген түлектер баратын болды. Олар оқушыларға жақсы білім бермеді, бірақ олар оқытқан оқушылар педагогикалық оқу орнына түсіп, артынан мектептерге мұғалім болып оралып жатты. Осылай шеңбер тұйықталып қалды. Барлық дерлік ашылған жекеменшік оқу орындары мұғалімдер даярлады. Қазіргі уақытта кей аймақтарда, мектептерде сабақ беріп жүрген мұғалімдердің 60-70%-ын жекеменшік педагогикалық оқу орындарын сырттан оқыған мұғалімдер құрайды. Тек соңғы жылдары ғана педагогикалық оқу орындарына мектепті жақсы бітірген түлектер келе бастады. Сондықтан қазіргі үлкен проблема – мектептерде жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің кәсіби құзы­ре­тін көтеру. Бұл бағытта бізге Сингапур және басқа да білім сапасы озық елдердің тәжірибесін жіті зерттеп, қоғамда қалып­тас­қан жағдайды ескере отырып, нақты шешімдер қабылдау қажет.

Білім сапасы жоғары елдердің барлығы экономикалық тұрғыдан табыс­ты елдер екенін айтқан жөн. Бірақ жақсы білім көп шығынды талап ететіні шындыққа жанас­пайды. Мысалы, Грекия мен Оңтүстік Кореяда мемлекет бір оқушыға есептегенде шамамен бірдей қаржы бөледі, бірақ Оңтүстік Корея барлық рейтингтерде алдыңғы орындарда болса, Грекия тізім соңында тұр.

Білім сапасын жоғары деңгейге көтере білген елдер осындай жетістіктерге мем­лекеттік қаржыландыру көлемін көбей­ту­мен емес, шынайы жағдайды ескере отырып білім сапасын көтеру жолдарын анықтап, сол бағыттарда жүйелі түрде нәтижелі жұмыс жасаумен қол жеткізген.

Джон Кеннеди 1961 жылы Ю.Гагарин­нің ғарышқа ұшуына байланысты алғашқы әсерін: «Кеңес одағы білім беруде жеңіске жетті!» деген сөздермен білдірген екен. Осыдан кейін АҚШ-та білім сапасын көтеру, әсіресе орта білім сапасын көтеру мәселелері аса жоғары деңгейлерде талқыланып, ке­шенді бағдарламалар қабылданып, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Осындай көлемді жұ­мыстардың нәтижесінде білім сапасы көтерілді.

Орта білім жүйесі аса күрделі жүйе бол­ғандықтан, білім сапасын көтеру проблемасы да аса күрделі проблема. Өз сөзінде ЮНЕСКО-ның Халықаралық білім беруді жоспарлау институтының директоры Ж.Аллак: «Көптеген елдің тәжірибесі білім беру үдерісінің күрделі болуының басты себебі тек қаржыда ғана емес, ақшамен шешілмейтін басқа қиындықтардың болуында екенін көр­сетеді», деген болатын. Осы лауазымға одан кейін жұмысқа келген көрнекті америкалық зерттеуші және білім қайраткері Ф.Г.Кумбс, Ж.Аллактың ойын жалғастыра отырып: «Дағдарыспен күресу үшін әрбір білім жүйесіне ақшаға сатып алуға болмайтын көптеген дүние – идея, батылдық, өзін-өзі сыни бағалау қабілеті мен ізденіс, өзгеріске деген ұмтылыс қажет», дегені белгілі.

Қорыта айтқанда, орта білім сапасын көтеруде көптеген күрделі проблема қордаланып қалғанын, сол проблеманың түйінін тарқату үшін терең ойластыра отырып, кең мағыналы шешім қабылдау қажет. Бұл білім саласында жүрген барлық азаматты ойландыруы керек. 

 

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор