Жоба • 29 Тамыз, 2024

«Кәсіпкерлер» келтірген кедергі

78 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылорда облыстық прокуратурасы азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтың алдын алатын «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасын бастап кетті. Мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіріп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті күшейтуге бағытталған бастаманың ­таныстырылуында прокурорлар жүргізілген талдау нәтижелерін жария етті.

«Кәсіпкерлер» келтірген кедергі

Жобаны әзірлеуге өңірде жекелеген қылмыстардың өсіп, жалпы тіркелген қылмыстың ­5%-ға­ артқаны себеп болып отыр екен. Тал­дау нәтижесі облыс орталығында орналас­қан көңіл көтеру орындарында жиі қылмыс болатынын көрсетіп отыр. Жыл басынан ­полиция органдарына осындай орындар­­дан 2 700-ден аса хабарлама түсіп, 50 қыл­мыс­тық, 1 633 әкімшілік іс қозғалыпты.

Қылмыстың барлығы 24:00 мен таңғы ­5:00 аралығында тіркелетініне назар аудар­ған облыс прокуроры Ризабек Ожаров түнгі клуб, мейрамхана мен дәмхана жұмысы­ның кестесін қалыптастырып, күзет қызме­тін пайдалану және бейнебақылауды орнату­ға бағытталған меморандум жасасу мәселе­сін пысықтау керектігін айтты.

Облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Бауыржан Тоқмырзаның хабарламасында аудандардағы жергілікті атқарушы органдар мен мейрамхана, дәмхана иелері арасында жұмыс кестесін қысқартуға жасал­ған келісім жақсы нәтиже бергені айтылды. Бірақ облыс орталығындағы көңіл көтеру орындарында жасалған қылмыс саны азаймай тұр. Олардың көбінде демалуға бар­ған адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету ­шаралары жасалмаған. Мысалы, Қызыл­орда­дағы «Мак» дәмханасында ішімдік­ке тойып алған қала тұрғыны еш себепсіз бір азамат­қа пышақ сілтеген. Дәл осы дәмханада ащы суға мелдектей тойғанның бірі демалушылар­­дың бірінің ұялы телефонын тартып алған. Шұғыла шағын ауданы тұрғындарының да ай­наласын әр түн сайын азан-қазан қылып жа­татын дәмхана иелеріне айтар шағымы көп.

Облыстық Қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласы қауымдастығының жетек­шісі Ақмарал Әбдіразақованың дере­гінше, облыс орталығының өзінде 170-тен астам мейрамхана мен дәмхана бар. Со­ның салықты уақтылы төлеп, заң белгілеген талаптарды бұлжытпай орындайтын 25-і ғана қауымдастыққа мүше. «Пандемия кезінде «Ashyk» қосымшасы арқылы қарағанымызда, мейрамхана, дәмха­на­лардың 70%-ында салықтық тіркелім, лицен­зия мен СЭС қызметі беретін рұқсат жоқ болып шықты. Ортақ талапқа бағынбай, басқаларға кесірін тигізетін көріністің бәрі – сондайлардың тірлігі. Бірақ оларды еш­кім «көре» қоймайды. Тексерушілердің заң та­­лап­­тарын сақтап отырған мейрамхана, дәмха­наларға шүйліге беретіні біз үшін тү­сі­ніксіз. Жаңағыдай көлденең табыс тауып жат­қандарды кәсіпкер деуге де аузың бармай­­ды. Осы мәселені аяқсыз қалдырмай, көл­де­нең ­табыс тауып жүргендерді бір ­жа­ғы­на шығарған дұрыс», дейді Ақмарал Мақсұт­қызы.

Жергілікті полиция қызметінің бас­шы­сы Ердәулет Жәукеев облыс орталығын­­дағы ­80-нен астам осындай орынның 20-ға жуы­ғы тәулік бойы жұмыс істейтінін айта­ды. Жарақты күзеті тұрмақ қалқайған қарауы­лы да жоқ көңіл көтеру орындарында ұр­лық-қарлық та, бұзақылық пен ауыр қылмыс ­та жасалып жатыр.

«Шын мәнінде бұлар ас ішіп, тынығатын емес, арақ ішіп, жұрттың мазасын алатын орындарға айналып барады. Біз жүргізген зерттеу тойдан «тоймай» шыққандардың осындай жерлерге жиналатынын көрсетіп отыр. Демалыс пен мереке күндері облыстық полиция департаменті мен қалалық полиция басқармасының аппарат қызметкер­лері­нен жасақталған топ таңға дейін осындай дәмханалар маңын күзетуге мәжбүр», дейді Ердәулет Баянбайұлы.

Тиісті орындар өкілдері қатысқан жиын қорытындысында облыс прокуроры Риза­бек Ожаров іс-шаралар жоспарын бекі­тіп, жергілікті атқарушы және полиция органдары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, Ардагерлер кеңесімен бірлесіп жұмыс тобын құрып, жоспардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды. Заңды талаптың сақталуына кедергі жасап отыр­ған «кәсіпкерлерге» енді тыйым болатын шығар.

 

ҚЫЗЫЛОРДА