Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Дүбірлі доданы ұйымдастырушы өкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі, Дүниежүзілік этникалық спорт түрлері конфедерациясы, Түркі мемлекеттер ұйымы, Қазақстан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы танылса, мәртебелі жарысқа қолдау көрсетіп отырған халықаралық ұйымдар – ЮНИСЕФ (БҰҰ Балалар қоры) мен ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері.
Осы орайда Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының тарихына тоқтала кетейік.
І Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 2014 жылы Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында ұйымдастырылып, оған 19 мемлекеттің 583 спортшысы қатысып, спорттың 10 түрі бойынша сайысты.
ІІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындары тағы да Шолпан-Атада ұйымдастырылып, оған 62 мемлекеттің 1 200 спортшысы қатысып, олар сайыстың 26 түрі бойынша өзара мықтыларды анықтады.
ІІІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындары да үшінші дүркін Шолпан-Ата қаласында өтіп, оған 82 мемлекеттің 2 000 спортшысы ойынның 37 түрі бойынша сайысты.
ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойындары Түркияның Изник қаласында ұйымдастырылып, оған 81 мемлекеттің 1 500 спортшысы қатысып, олар ойынның 13 түрі бойынша сайысқан.
Ал кешікпей елорда төрінде жалауын көтергелі отырған V дүниежүзілік көшпелілер ойындары алдағы қыркүйек айының 8–14 аралығында Астана қаласында өткелі отыр. Бұған 85 мемлекеттің 2 000 спортшысы ойынның 21 түрі бойынша 97 медальды сарапқа салмақ.
Бұл реткі V дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаевтың мәліметіне жүгінсек, Сарыарқада өтуге тиіс дүбірлі дода спорт, мәдениет, ғылым атты үш бағыт бойынша ұйымдастырылады.
Спорттық бағдарлама
Астанадағы байрақты бәсекенің сайыс бағдарламасына 21 спорт түрі еніп отыр. Бұл сайыс түрлеріне 370 адам төрешілік жасайды.
Аударыспақ: 60 кг, 70 кг, 80 кг, 90 кг, 100 кг, +100 кг салмақ дәрежесі бойынша өтеді.
Бәйге: ұшқыр бәйге (1 600 м), ұшқыр бәйге (2 400 м), ұшқыр бәйге (3 200 м), жорға (9 000 м), құнан бәйге (11 000 м), топ бәйге (18 000 м), аламан жарыс (25 000 м).
Жамбы ату: мажар стилі, корей стилі, түрік стилі, жамбы ату стилі, «Тайтұяқ» сайысы.
Теңге ілу: «Бес белес», «Қос құлаш», «Жеті құт» түрлері.
Дәстүрлі садақ ату: пута стилі, қалқан стилі, жамбы стилі.
Қазақ күресі: Ерлер: 55 кг, 60 кг, 66 кг, 74 кг, 82 кг, 90 кг, 100 кг, +100 кг. Әйелдер: 48 кг, 52 кг, 56 кг, 60 кг, 65 кг, 70 кг, 77 кг, +77 кг салмақ дәрежесі бойынша белдеседі.
Алыш. Қырғыздың ұлттық белбеу күресі. Ерлер салмақ дәрежелері: – 60 кг, 70 кг, 80 кг, 90 кг, 100 кг, +100 кг. Әйелдер салмақ дәрежесі: 55 кг, 60 кг, 65 кг, 70 кг, 75 кг, +75 кг салмақ бойынша белдеседі.
Кураш. Ерлер салмақ дәрежелері: 60 кг, 66 кг, 73 кг, 81 кг, +100 кг. Әйелдер салмақ дәрежесі: 57 кг, 70 кг, 87 кг-ға дейін.
Асық ату. Асық ату, бес асық түрлері.
Орда. Асық ойынының бір түрі. Жарыс Қырғыз Республикасының «Орда Оюну» федерациясының ережесі бойынша өтеді.
Мас-рестлинг. Солтүстік Ресей тұрғындарының ойыны. Қарсыластар бір-біріне қарама-қарсы отырып, аяқтарын тақтайға тіреп, екі қолымен таяқша ұстайды. Жеңіске жету үшін спортшы қарсыласының қолынан таяқты жұлып алуы немесе оны таяқпен бірге өз жағына тартып шығаруы керек. Кездесу бір балуанның екі жеңісіне дейін созылады. Салмақ дәрежесі ерлер арасында: 65 кг, 70 кг, 80 кг, 90 кг, 105 килоға дейін; әйелдер арасында: 55 кг, 65 кг, 75 кг-ға дейін.
Аштырма аба гюреши: Тек ерлер қатысатын түріктердің ұлттық белбеу күресі. Салмақ дәрежесі: 60 кг, 70 кг, 80 кг, 90 кг-ға дейін.
Корэш. Көшпелілердің көне күрес түрі: салмақ дәрежесі (ерлер) 65 кило, 75 кило, 80 кило, 90 кило, +90 кг.
Арқан тартыс. Команда құрамы 20 спортшы (10 ер, 10 әйел), Ерлер құрамасының біріккен салмағы 720 кг, әйелдер құрамасының біріккен салмағы 560 кг-дан аспауы керек.
Овари. Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны. Екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатар орналасқан алты бірдей шұңқырша болады. Бұл ойын 48 шармен ойналады.
Мангала. Түрік халықтарының зияткерлік ойыны. Екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқырша болады. Бұл ойын да 48 таспен ойналады.
Спорттық сайыстарға еліміз құрамасын даярлау ісі Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы мекемесіне жүктелген. «Көшпелілер ойынына қатысатын Қазақстан құрамасы тыңғылықты дайындалып жатыр», дейді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының басшысы Бақдәулет Сәбит.
Ұлттық құрама дайындық барысында 13 дүркін халықаралық, 39 дүркін республикалық оқу-жаттығу жиынына қатысты. Сондай-ақ 23 халықаралық, 17 республикалық турнирге қатысып, тәжірибе жетілдірген.
Сонымен қатар дүбірлі дода кезінде өнер көрсететін еліміз құрамасының функционалдық және психологиялық жағдайын бақылау үшін ғалымдардан тұратын жұмыс тобы қызмет жасап жатыр.
Мәдени бағдарлама
Мәдени бағдарлама спорттық бағдарламадан кем түспейді. Мәдени бағдарлама аясында «Бірлік керуені», «Этноауыл», «Көшпелілер әлемі» жобалары жүзеге асырылады.
«Бірлік керуені» жобасы бүкіл елімізді қамтиды. Жобаның идеясы – бүкіл елді Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына тарту. Әр өңірде бірлік керуені өтіп, ол өңірдегі белгілі су көзінен басталып, киелі суды жинап, қаланың басты көшелерімен тасып, Астанаға жөнелтеді. Су құйылған торсықты Астанаға ойындардың ашылу салтанатына қатысатын батыр жеткізеді. «Бірлік керуені» жобасы аясында өңірлерден 3 киіз үй жөнелтіліп, олар «Көшпелілер ғаламы» этноауылына орнатылады.
Дүбірлі дода күндері жалпы көлемі 10 гектар аумақты алып жатқан Этноауыл сахнасында 150-ден аса әртүрлі мәдени іс-шара өтеді. Атап айтсақ, отандық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, ақындар айтысы, мүшәйра, «Көшпелілер ғаламы» атты қойылым, сән көрсетілімі (подиум), этномәдени бағытты насихаттайтын ән-жыр, концерт, ұлттық киім үлгілері, т.б.
Сырттан келетін 2500-ге тарта ресми қонаққа елорда төрінен 32 қонақүй сапалы жабдықталып жатыр. Оның екеуі Қосшы қаласы аумағына орналасқан. Сондай-ақ дүбірлі доданы тамашалауға сырттан 100 мыңдай турист келеді деген болжам бар. Ойын кезінде қызмет көрсететін еріктілер саны – 1 000 адам. Көбі – студенттер.
Ғылыми бағдарлама
Ұлы дала дүбірі додасының бір саласы – ғылыми бағдарлама. Аталған бағдарлама аясында қыркүйек айының 9–11-і күндері «Тарих және мәдениет», «Спорт», «Орталық Азия көшпелілерінің тамақтануы» атты үш секциядан тұратын «Көшпелілер: тарих, білім, тағылым» атты халықаралық ғылыми конференция өтеді. Бұл басқосуға Корея, Словакия, Швейцария, Моңғолия, Малайзия, АҚШ ғалымдары баяндама жасауға өтініш беріп отыр.
V дүниежүзілік көшпелілер ойынын ұйымдастырып, өткізу үшін қонақтар мен спортшыларды тасымалдауға және шаруашылық жұмыстарына 100 үлкен автобус, 35 шағын автобус, 10 шағын жүк көлігі, 150 эконом класс көлігі, 25 бизнес класс көлігі, 23 жоғары санатты көлік қызмет көрсеуге әзір.
Сонымен қатар көшпелілер ойынын өткізу үшін аккредитациялау, жабдықтау және логистикалық орталық (Тұран даңғылы, 59) жұмысын бастап кетті. Алдын ала болжам бойынша көшпелілер ойынын насихаттау ісіне 100-ден аса медиа серіктес жұмылатын түрі бар.