Қазақстан • 29 Тамыз, 2024

Судьяның кәсіби қызметін бағалау институтының даму тенденциялары

66 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тиімді сот жүйесі - құқықтық мемлекеттің негізі және азаматтық қоғам дамуының алғышарты. Қазақстан Республикасының бағдарламалық құжаттарында тәуелсіз және әділ сот жүйесін одан әрі дамыту қажеттігі атап көрсетілген. Сот реформаларын табысты іске асырудың шешуші факторларының бірі – кәсіби сот корпусының болуы.

Судьяның кәсіби қызметін бағалау институтының даму тенденциялары

Фото: Владислав Воднев

Соңғы жылдары Қазақстанда сот жүйесін жаңғырту және халықтың сотқа деген сенімін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Сот төрелігін жүзеге асыру сапасын және сот корпусының кәсіби деңгейін арттыруға бағдарланған қажетті құралдар әзірленіп, тәжірибеге енгізілді.

Алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда судьяның кәсіби қызметін бағалау институтының алатын орны ерекше.

Венеция комиссиясы, Еуропалық судьялардың консультативтік кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдар бағалау институтының басты мақсаты судьялардың жұмыс сапасын арттыру арқылы елдің бүкіл сот жүйесі жұмысының сапасын арттыру екенін атап өтті.

Судьялардың кәсіби қызметін бағалау барлық елдерде өткізіледі - Австрия, Бельгия, Болгария, Венгрия, Германия, Италия, Литва, Латвия, Түркия, Португалия, Румыния, Франция, Словения, Англия, Финляндия, Ресей, Испания, Ирландия, Нидерланды, Швеция, Дания, Швейцария, Украина және т.б. Әрине, әр елдің бағалау құралдары мен тәсілдері айтарлықтай ерекшеленеді, бірыңғай көзқарас жоқ, бірақ бағалаудың мақсаттары бірдей.

2019 жылға дейін Қазақстанда судьяларды бағалау «билеттер жүйесімен» жүргізілетін. Озық халықаралық тәжірибені зерттеу нәтижелері бойынша судьяларды бағалау институтының түбегейлі жаңа моделі әзірленді. Енді судьяның жұмысы сандық және сапалық, атап айтқанда сот төрелігін жүзеге асыру, сот актілерін дайындау және сот процестерін жүргізу сапасы, сот жүктемесі, процестік мерзімдері және т.б. көрсеткіштер бойынша бағаланатын болды.

Судьяларды бағалау үшін судьялардың өздері сайлайтын, жеті мүшеден – облыстық соттардың үш судьясы, Жоғарғы Соттың үш судьясы және отставкадағы бір судьядан тұратын Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылды.

Бағалаудың көрсеткіштері, оны жүргізудің тәртібі мен механизмі халықаралық стандарттар негізінде республика судьяларының пікірін ескере отырып әзірленген судьялардың кәсіби қызметін бағалау әдістемесінде (бұдан әрі – Әдістеме) өз көрінісін тапты.

Бағалаудың негізгі қағидаттары озық халықаралық тәжірибеден енгізілген өлшемшарттардың ашықтығы, объективтілігі және әділдігі болып табылатынын атап кеткен жөн. Әдістеме жоғары халықаралық бағаға ие болып, тиімділігін және жұмысқа қабілеттігін растады.

Объективті болу үшін адам факторының қатысуын барынша азайтып, IT мамандар тартылды. Олар арнайы ақпараттық сервистерді  құрды, онда судьяның жұмысы туралы деректер жинақталады. Сот төрелігін жүзеге асыруға қатысты көрсеткіштер автоматты түрде қалыптастырылады, яғни барлық процестер автоматтандырылған, ашық және айқын.

2019 жылдан бері Комиссия 2 000 астам судьяның кәсіби қызметін бағалады. Бағалаудың жаңа әдістемесі өзінің негізділігін көрсетіп, белгілі бір тәжірибе жинақтады.

2023 жылы Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі қолданыстағы бағалау жүйесін зерделеу мақсатында республикадағы барлық судьялардың арасында анонимді сауалнама жүргізді. Оның нәтижелері бойынша көпшілік (72%) бағалау рәсіміне оң көзқарас білдірді, 63% Комиссия ұсыныстарын пайдалы деп тапты.

Бағалау институтын қайта қарау бойынша қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзетулер дайындау кезінде сауалнаманың нәтижелері ескерілді. 2024 жылғы 5 шілдеде «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға судьялардың қызметін бағалау институтын одан әрі жетілдіруді көздейтін түзетулер қабылданды.

Түзетулер судьяның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін бағалауға, сондай-ақ соттан тыс жұмыс жүктемесіне қатысты өлшемшарттарды алып тастауды көздейді. Себебі, судьяның басты міндеті сот төрелігін жүзеге асыру, ал адамгершілік қасиеттер өлшемшарты Сот жюриімен, Сот әдебі Комиссиясымен және жалпы отырыстармен бағаланады. 

Көрсетілген өлшемшарттарды қысқарту Комиссияға өз қызметін тек «сот төрелігін жүзеге асыру сапасы» негізгі өлшемшартын зерттеп, бағыттауға мүмкіндік береді.

Мерзімді бағалаудың бұрынғы 5 жылдық мерзімі сақталып, алғашқы бағалау мерзімі 1 жылдан 3 жылға ұлғайтылды. Тәжірибе көрсеткендей, бір жыл ішінде жас судьялардың кәсіби білімдері мен дағдыларын толық және объективті бағалау үшін сот практикасын меңгеруге үлгермейді.

Басқа сотқа ауыстыру механизмі бойынша Комиссия шешімдері нақтыланды, атап айтқанда бірінші сатыдағы судьялар үшін жүктемесі аз басқа сотқа ауыстыру, ал  жоғары тұрған соттың судьялары үшін - төмен тұрған сотқа ауыстыру туралы шешімдері қарастырылған.

Судьяның жұмысында кемшіліктер анықталған жағдайда, ол Сот төрелігі академиясына біліктілікті арттыру курстарын өтуге жолданады. Мұндай тәжірибе көптеген шет елдерде (Германия, Польша, Бельгия, Литва және т.б.) қолданылады.  

Комиссияның құрамы мен оны құру тәртібі қайта қаралды. Комиссия кәсіби деңгейі жоғары, абыройы мінсіз, судьялар қауымының арасында беделді және судьялық өтілі (20 және одан да көп жыл) бар, яғни бағалаудан босатылған судьялардан қалыптасады. Комиссия құрамының жартысы жыл сайын қайта сайланады.

Жалпы бағалау емтихан немесе судьяларға әсер ету ретінде емес, керісінше, оларға тәжірибелі судьялардан тұратын Комиссия тарапынан кері байланыс бере отырып, көмек беру, ынталандыру, білікттіліктерін арттыру арқылы сот төрелігін жүзеге асыру сапасын және сот корпусының сапалы құрамын арттыру құралы екенін түсіну қажет.

Бағалау кезінде Комиссия сот төрелігін жүзеге асыру сапасының көрсеткіштерін зерделеп, судьяның әлсіз және күшті жақтарына судьяның назарын аударып, тиісті ұсыныстарды әзірлейді.     

Халықаралық стандарттарға сәйкес Комиссия судьяның қызметін бағалау нәтижелерін мансаптық өсу мен біліктілігін арттыру үшін белсенді түрде пайдаланады.

Қабылданған шаралар Заң талабына сай, тәуелсіз жұмыс істеуге қабілетті кәсіби күшті сот корпусын қалыптастыруға ықпал ететіне кәміл сенемін.

 

Есіркеп СЕЙТЖАН,

ҚР Сот әкімшілігінің Сот төрелігі

сапасының мониторингі бөлімінің меңгерушісі