«Ыстықкөлге соншалықты ынтызармын. Қайта тусам тағы да Ыстықкөлді таңдар едім», деген екен Мұқаң. Тау тұлғаның осыншалықты тебірене ықылас білдіруі әсте тегін емес. Бұған себеп те көп. Айталық, Әуезовтің қызыл саясат күркіреп тұрған шақта «Манасты» қорғап, пікір білдіруі ерлікке пара-пар болғаны ақиқат. Шығармашылығына келсек, «Абай жолындағы» қырғыз Ызғұттыны да көп оқырман жақсы таниды. «Қилы заманында»: «Қырғыз бір істі бастаса, жеріне жетпей тоқтамайды» деген жолдар барын да білеміз.
М.Әуезовтің қырғыз әдебиетінің алыптары Аалы Тоқомбаев, Түгелбай Сыдықбековтермен риясыз достығы, бір кездері жұлдыздай жарқыраған жас талант Шыңғыс Айтматовты одақтың бәйгесіне қосып, тілектес болғаны, кейін Шыңғыстың «Жәмиланы» алғаш оқуға Әуезовке беруі – бір туған халықтардың әдеби байланысын нығайта түскені анық. Ал қырғыздың алақандай айылынан шыққан айтулы Айтматов ұлы ұстазының қырық жылдан астам жабық жатқан «Қилы заманын» «Новый мир» журналында күтпеген жерден жаңа тынысын ашып, алғысөзімен аламанға қайта қосқанын кім ұмытсын? Шетелге шыққанда қойнына қыса кетер қос кітабы – «Манас» пен «Абай жолы» екенін айтуы да ұстазына деген ұлы құрмет болса керек. Бұдан бөлек, Айтматовтың жалпы қазақ әдебиетімен, Қалжан Нұрмаханов, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртазалармен шығармашылық һәм адами достығына да тарих куә. Сондай-ақ қырғыздың кино өнерінің саңлақтары Болот Шәмшиев, Төлеміш Өкеев, Сүйменқұл Чоқморовтардың қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегін айтпай кету де күнә. Иә, қазақ-қырғыз әдеби-мәдени өмірінде шекара болған жоқ. Бірінің жұлдызын бірі жақты.
Бұдан бөлек, мың жылдан астам уақыт жырланып келе жатқан әлемге әйгілі мәңгілік эпостық жырда қазақ ертегісінің кейіпкері Ер Төстік пен оның тұлпары Шалқұйрықтың, Манастың жақын досы қатарында қазақ батыры Ер Көкшенің жүруі – туыстық тамырымыздың қаншалық тереңдігін көрсетеді. Сол «Манас» жырын алғаш жазып алып, еуропалық және жалпыадамзаттық өркениеттің алтын төріне енгізген ғалым Шоқан Уәлиханов екендігін қырғыз бауырлар үнемі қастерлеп айтып жүреді. Жалпы, қырғыздар – салт-дәстүріне, тілі мен діліне берік халық. Ал айылында жүгіріп жүрген кез келген баланы тоқтатып «Манасты» сұрасаңыз, жоқ дегенде екі шумағын суылдата жөнеледі. Ішіне көк бөрінің рухы кіріп алғандай тербеліп отырып жырлайды. Көз жұмулы. Аяғы тақ-тұқ жерге ұрылады. Міне, рух. Таңғаласың. Таңдай қағасың. Әлқисса.
Сонымен, Шыңғыстың елі деп ерекше толқып, Манастың рухы деп іштей тебіреніп, Шолпан атаға да жеттік. Жаз болған соң Ыстықкөлдің жағасына келуші шетелдіктер көп. Бірі арқаланып көлге бара жатыр, енді бірі күнге қыздырынып үйлеріне беттеген. Ал біз жаяулатып Әуезовтің үйін іздеп келеміз. Алдымен музейге хабарласып сұрап едік, дүйсенбі күні жабық екен. Қазақстаннан Мұхтар атаны іздеп келді деп біз үшін арнайы ашатын болды («Неге ашпасқа?» деген ой да жылт етті). Дәл осы сәтте бір марқайып қалғанымыз рас. Жетер жеріміз 15 минуттық жол екен. Мекенжайы – Мұхтар Әуезов көшесі, 3. Әр қадам басқан сайын жан-жаққа елеңдеп, жүрек өрекпи түсті. Қай тұстан «Әуезов» деген жазу атып шығар екен деп ыстық-суығымыз басылмай толқып келеміз. Мұқаңның өзі алдымыздан шығардай бұл не толқыныс десеңізші.
Сөйтіп, «Мухтар Ауэзов көчөсү» деген тақтайшалар да көзге оттай басылып көріне бастады. Әуезовтің үйі осы көшенің тұйықталған жерінде, дұрысы, басталған тұсында (рет саны бойынша бірінші үй). Жағажай маңындағы көше қаладағы ұзын көшелердің бірі саналады. Бірақ тар әрі ығы-жығы қозғалыс көп. Айта кетейік, Ыстықкөл жағасындағы бұл үй туралы алғаш Сафуан Шаймерденовтің кітабынан оқып едік.
Міне, алдымыздан «Мұхтар Әуезов музейі» деген нұсқау тақтайшасы көрінді. Көлге жетпей солға бұрылдық. Күн сәулесін қалың ағаш көлегейлеген көлеңкеде орналасқан жасыл үйдің алдынан музей-кітапхана қызметкері Саламат Табышева құшақ жая қарсы алды. Аула жап-жасыл. Заңғар жазушы өзінің тоғыз баласына балап өз қолымен отырғызған, жайыла өскен тоғыз қайыңға қарап, Мұқаңа іштей сәлем бердік. Бақта жазушының өзі отырғызған алма ағаштары жеміс салыпты. Толқи қол созып, сондай бір нәзіктікпен ағаш бұтақтарын аялай ұстап Әуезов отырғызған алмасынан үзіп алдық. Қасиетті су ішіп тұрғандай, іштей күбірлеп тілек тілегендей бір тылсым күй. Мұндай сәтте алманы жеуге де қимайсың, дәмін көруден гөрі әсері басым болады емес пе? Арбамызға алтын түскендей қуанып, екі-үш тал алманы қастерлеп Астанаға да ала келдік. «Әуезовтің өзі отырғызған ағаштың алмасы» дестік мәз бола.
Бақтың ортасында жазушының 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып ашқан бюсті тұр. Мүсіншісі – Тамила Маматова. Айта кетсек, автор Мұхтар Әуезовтің бюстін жасауға екі ай уақыт жұмсаған. Сонда мүсінші Әуезовке неге қызыққанын айтып, «Манас үшін қарыздармыз» деген еді бір сұхбатында. Иә, ескерткіш-мүсін шебер қолдан, ақеділ көңілден шыққаны көрініп тұр. Заңғар жазушының келбет-кескіні дәл беріліп, шынайы бейнеленген.
Кезінде еңселі болғанымен, қазіргі күні жатағандау көрінетін үй музей дегеннен гөрі саяжайға ұқсайды. Жер көлемі аса үлкен емес. Есік алдында гаражы бар. Ауласы, үйі сол салынған күйі сақталған сияқты. Кіреберіс есігінің сол жақ маңдайшасында бұл үйде 1959-1960 жылдары қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің тұрғаны, кейін 1970 жылы үйдің Қазақ КСР-іне берілгені туралы орыс тілінде жазылған тақта тұр.
Үй 1957 жылы салыныпты. Әуезовке Қырғыз үкіметі алдымен жер сыйлапты. Жерді Қырғызстанның кез келген жерінен өзі таңдап алуына болады. Жазушы көп ойланбай-ақ осы Шолпан атаны таңдапты. Қызығы, ол кезде бұл Шолпан ата қаласы жоқ, бірді-екілі үйлер болмаса бос жатқан сұр дала екен. Әуезов өзі келіп, көлдің көзге жақсы көрінетін жерін таңдапты. Үйді өз ақшасына салғызған. Музей қызметкерінің айтуынша, заңғар жазушы сол кезде-ақ Шолпан атаның жағажайлы қала болатынын сезген. Ол жылдары мұндай үй – ең жақсы үй болып саналған. Қаламгер мұнда «Өскен өркен» атты соңғы романын жазуды бастады. Әуезов өмірден өткен соң үй мемлекет меншігіне қайтарылып, кітапхана-музей болып ашылады. Ләйлә Мұхтарқызының бастамасымен кітапханаға алғашқы 5000 дана кітап жиналған. Қазір кітап қоры шамамен 12 мыңнан асады.
«1970 жылы Мұхтар Әуезовтің отбасы ақылдасып, Шолпан ата тұрғындарына арнап мұнда кітапхана ұйымдастырды. Содан бері біз қалалық кітапхана ретінде жұмыс істейміз. Бұл үй осы жылдары қос халықтың достығының рәмізіне айналды. Қазақ-қырғыз жазушылары осы үйде кездеседі», дейді Саламат Табышева.
Үйдің кіреберіс кең залы, жатын үй, жұмыс бөлмесі, тағы бір бөлме, асхана, дәретханасы бар. Қай бөлмеге бас сұқсақ та, кітап толып тұр. Оқырмандар келіп, кітап алып оқиды. Оқу залы жоқ.
«Ауладан кітапханаға бөлек мекеме ашу керек. Ал үй толығымен тек мұражай болып тұрса», дейді кітапхана-музей қызметкері. Жазушының жұмыс бөлмесі ғана сол күйінде сақталыпты. Төрде жазу үстелі, жұмсақ орындық, бер жақта ағаштан тоқылған тербелмелі кресло, тағы басқа заттар бар. Жазу үстелі тура көлге қараған терезенің алдына қойылған. Қазір жаңа үйлер, демалыс орындары қаптап кеткен, көл көрінбейді, ал ол кезде бұл жерден айдынды көлдің көрінісі ашылатын болған. Бұл бөлмеге кіре алмадық. Сол қалпында сақталған жалғыз бөлмеге ешкімнің кіруіне болмайды.
Кіреберіс кең залдың төргі жағы Айтматовқа арналыпты. «Айтматовты әлем оқиды» деген айдармен шет тілдердегі кітаптары, өзге де суреттері бар. Босаға жақта Әуезовтің суреттері, түрлі кездесулер, отырыстар, қырғыз жазушыларымен басқосулардан естеліктер… Тағы бір шағындау бөлме қазақ драматургиясы мен театр өнеріне арналған. Мұнда да әртүрлі суреттер мен көріністер. Жазушы өмірінен сыр шертер экспонаттар аз екенін бірден байқадық.
Иә, бұл үйдің ауласында талай рухани басқосулар болған. Әуезов келді дегенді естіген Саяқбай Қаралаев, Шыңғыс Айтматов, Түгөлбай Сыдықбеков, Аалы Тоқомбаев, Теміркүл Үмөтәлиев, Кубанычбек Маликов, Турғанбек Суванбердиев, Қымбатбек Укаев, Насирдин Байтемиров сынды тұлғалар арнайы атбасын бұрған. Жазушының хатшысы Ғазиза Бисенованың естелігінде: «Чолпон-Атаға барған сайын қырғыздар Мұқаңа сый-құрметін көрсетіп қалуға тырысатын. Мұқаңның қырғыз жеріне соңғы рет барған сапарында көк майсада мал сойып, ерекше сый көрсеткілері келгенін байқадым. Бұрын мұндай қонақжайлылық тек үй ішінде ғана болатын. Табиғаттың көркемдігі, көгілдір аспан, көк көл, жасыл жапырақтарға оранған ағаштар, көк шалғын шөп – мұның бәрі Мұқаңа арналғандай еді», деп жазады.
Ал қырғыз жазушысы Насирдин Байтемиров былай деп еске алады: «Суретте екеуміз де тұрмыз. Ол қолын созып, көлдің арғы жағына ой жүгіртіп тұр. Мен оның ойына еремін. Оның ойы көл сияқты терең де, кең де, таза да. Оның кең маңдайы әлі көз алдымда. Сол ғажайып маңдай сол күнгі тыныш көлдің нәзік толқыны, майда әжім серпіліп, қайтадан жазылып жатқандай болып көрінеді. Ол сенімен кездесіп, сәлеміңді алып, кетіп қалса, бір ауыл, бір халық, тіпті бір көл бірге кеткендей болып көрінетін». Иә, екі жазушының бұл суреті қонақжай бөлмесінде ілініп тұр.
Бұрындары Мұхтар Әуезов кітапхана-музейінде күзетші жоқ, қызметкер аз деген әңгіме жиі айтылатын. Былтырдан бері мұнда екі кітапханашы, бір күзетші қызмет етеді. Аптасына бес күн бойы 08.30-17.30 аралығында жұмыс істейді. Жексенбі-дүйсенбі – демалыс.
Еске салсақ, Мұхтар Әуезов қырғыз жеріне алғаш рет ХХ ғасырдың 1920-28 жылдары барған. Мақсаты – «Манас» эпосына қызығып, зерттеу жұмыстарын жүргізу. Кейін ол қырғыз ақын-жазушыларымен жақын танысып, өмірін сақтап қалған ыстықкөлдік досы Бөлтүрік балуанмен кездесіп, сағынышын тарқатып, оның үйінде талай рет болған. Қиын-қыстау қуғын-сүргін кезінде дәл осы Бөлтүрік балуанның үйінде жасырынған деседі. Жалпы, Бөлтүрік балуанға қатысты аңыз-әңгіме көп айтылады.
Кітапхана-музей қызметкерімен қоштасып жатып: «Қонақтар көп келе ме?» деп сұрадым. Неге екенін қайдам, іште бір қорқыныш болды. «Иә, қазақтар көп келеді», деді жымия. Шекара асып, Қырғызстанға табан тигеннен бастап толқыған көңілдің сәтті нүктесі осы жауап болған сыңайлы. Бойымды мақтаныш билеп, Әуезов көшесінен алыстай бердік.
Астана – Бішкек – Ыстықкөл – Бішкек – Астана