Қоғам • 30 Тамыз, 2024

Атбасардағы қоныстой

262 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Аудан орталығы Атбасарды жанай өтетін Жабай өзені биыл жазғытұрым арнасынан асып, жағадағы тұрғындардың үйлерін су алып кеткен еді. Бүгінде сол сел сенделткен жұрт­тың мемлекет салып берген су жаңа пәтердің кілтін алып, мәре-сәре болған қоныстойына куә болып қайттық.

Атбасардағы қоныстой

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бала кезімізде асыр салған Атбасар қалашығының ажары бұл жолы алыстан менмұндалап, көзге оттай басылды. Өйткені аудан орталығының көрінісі бұрынғыдан едәуір көркейе түскені байқалады. Жаңадан салынған көпқабатты қаз-қатар тізілген үйлер қаланың еңсесін көтеріп тұр. Бұрынғы кеңестік бәкене үйлер мен сұрқай «хрущевкалар» болмаса, мұндай жаңа зәулім үйлер көрінбейтін. Астыққа толы кең өрісімен, еліміздегі негізгі локомотив құрастыру зауыттарымен танылған ауданның даму қарқынының бүгінгідей келбеті заңдылық дестік.

Біз әуелі жаңа салынып біткен үйлерге барып, құрылыстың мән-жайын білдік. 100 пәтерлі екі үйді салып шыққан қарағандылық («Medina Bilding» ЖШС) құрылыс компаниясының өкілі Айдын Әміровтің айтуына қарағанда, құрылыс мамыр айының соңын ала басталып, үй үш айда бой көтеріпті. Қазір бәрі сақадай сай дайын тұр.

вап

Осы кезде салтанатты жиын да бас­талып кетті. Сөйтіп, биыл көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Атбасардағы 127 отбасына жаңа баспана берілді. Бұл – бірінші кезектегі баспаналары мүлдем жарамсыз болып қалған тұрғындар. Ал бұған қоса су басу қаупі бар аймақта тұрған 73 отбасына пәтер кілті табысталды. Осылайша, Атбасар қаласында 200 пәтер қолданысқа беріліп, жұртшылық қоныстойын тойлады.

Пәтер кілттерін Ақмола облы­сының әкімі Марат Ахмет­жанов табыс етті.

«Бүгін біз үлкен жаңалықтың куәсі болып тұрмыз. Бірден 200 отбасы жаңа пәтер алды. Бұл – қуанышты жағдайдың Конс­титуция күнімен тұспа-тұс келуінің де мәні бар. Ата Заң – халықтың жақсы өмір сүруінің кепілі. Болашақта жаңа пәтерлерде тек қуанышты оқиғалар болсын деп тілейміз», деді өңір басшысы.

Жаңа үйлер қаланың қауіпсіз жерінде салынды дейді мамандар. Расында, үйлер өзеннен алыс, биіктеу жерге орналасқаны байқалады. Үйлердің әрқайсы­сында сантехникалық жабдықтар мен су жы­лытқыштар орнатылған. Аулада бала­лардың ойын алаңы және воркаут алаң­дары, спорт алаңы бар.

вап

Баспаналы болғандардың бірі – Ыды­рыс Байлиннің отбасы. Ақсақалдың айтуынша, биылғыдай су тасқыны бұ­рын-соңды болмаған.

«Мен Атбасарда 35 жыл тұрып ке­лемін, бірде-бір рет бұлай су кірген жоқ еді. 2017 жы­лы су тек бақшамызға келсе, биыл үйге кірді. Сол кезде жергілікті биліктегілер жаңа үй салып береміз деп уәде берген еді. Сөзінде тұрды. Үйлер беріліп жатыр. Жаңа үйде балаларыммен, немерелеріммен бірге тұрамын. Барлығының қонысы құтты болсын!», деді зейнеткер.

Биыл еліміздің біраз жеріне жайылған су тасқыны Атбасар ауданын да аз шығынға батырған жоқ. 375 отбасы су тасқынынан зардап шегіпті. Оның 130-ға жуығына жөндеу жүргізілді дейді әкімдіктегілер.

«Ауданда су басқан 250-ге жуық үй толық тексеріліп, сараптама берілді. Зардап шеккен тұрғындарға 100 айлық есеп­тік көрсеткіш көлемінде алғаш­­қы көмек көрсетілді. Комиссия қорытындысы бойынша 40 млн 136 мың теңге шығын келгені анықталды, 77 үй апатты жағдай­да деп танылып, 173 үйге жөндеу жұмысы жүргізілмек», дейді аудан әкімі Аманбек Қалжанов.

вап

Ал қалғандарын баспанамен қамтуға облыс әкімі тағы да 145 пәтерлі екі үй биыл қазан айына дейін пайдалануға берілетінін айтты.

«Зардап шеккендерді қауіпті жерлерден көшіру жұмыстары жалғаса береді. Сонымен қатар келесі жылдарда да мұндай келеңсіздік туындамас үшін су арнасын тазарту, оны тереңдету, жағаларды биіктету секілді жұмыстар атқарылады. Қазір де Жабай өзенінің табаны тазартылып жатыр. Оған мемлекеттен қаражат бөлінген», деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Осылайша, тұрғындарды су басу аймағынан көшіру мәселесі толығымен шешіледі. Жоспарлы жұмыс межелі жеріне жетсе, 400-ге жуық үйді су басу қаупі жойылмақ. Сондай-ақ әкім биыл қыркүйекте Ақмола өңірінің төрт ауданында, атап айтсақ, Бұландыда – 115, Жарқайыңда – 30, Есіл ауданында – 21, барлығы 166 үйдің құрылысы аяқталатынын жеткізді.

Ауданда тасқын судан зардап шеккен тек үйлер ғана емес, автожолдар да қайтадан күрделі жөндеуден өтіп жатыр екен. Мәселен, биыл Атбасар ауданына жол жөндеуге 13 млрд теңгеден аса қаржы бөлініпті. Қаланың кіреберіс жолдары, ауданнан Сочи, Қима ауылдарына қатынайтын жолдар және Қошқар өзені арқылы өтетін Атбасар – Сочи көпірінің құрылысымен А.Құрманов көшесі бойындағы қалалық жолдың құрылысы биыл аяқталмақ.

Облыс әкімі жиында сөйлеген сөзінде жаңа үйлердің маңында мектеп, аурухана, балабақша салынатынын да айтты.

«Ұлттық жоба аясында Атба­сар көп­салалы ауруханасы жақын маңдағы елді мекендерді қамтитын ауданаралық аурухана ретінде жаңарады. Бұл төрт ауданды (Жақсы, Есіл, Жарқайың, Сандықтау), яғни 60 мың­нан аса адамды қамтиды. Жөн­деу жұмысы жыл соңына дейін аяқ­талады (сметалық құны – 1 млрд теңге, мердігер – «КазЕвро­Строй» ЖШС). Аудан тұрғын­дары енді медициналық қызмет алу үшін басқа елді мекендерге барудың қажеті жоқ», деді әкім.

Жаңа пәтерлердің кілтін алған атба­сарлықтар ел Президентіне, ерік­тілерге, жанашыр жандарға шынайы алғысын жеткізді. Соның бірі көп­­балалы ана Жұлдыз Сәдуақасова ағынан жарылып, алғысын жаудырды.

«Сәуір айында бір түнде үйі­міз су астында қалды. Бала-шағамызбен шұ­бырып қайда барарымызды, не істе­рімізді білмей сенделдік. Әйтеуір бәрі жаңа үй салып береміз деп жұбат­қан еді. Мемлекет бас­шы­сы­на, барлық мем­лекеттік орган­дарға қиын жағдайда қолдау көрсеткені және жедел әрекет ет­кені үшін алғыс айтамыз. Қазір менің қуа­нышымда шек жоқ. Енді балаларым жайлы жағдайда өмір сүретін болды», дейді Ж.Сәдуақасова.

Осылайша, көктемде іргесінен қы­зыл су кіріп, берекесі іркіттей іріген жұрт­тың аспаны шайдай ашылғандай әсер қалдырды.