Білім • 03 Қыркүйек, 2024

Алғашқы «жайлы мектептер»

118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білім күні мерекесіне орай еліміздегі алғашқы «Жайлы мектептер» ашылды. 1 қыркүйекте пайдалануға берілген сондай оқу ошағының салтанатты ашылуына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, вице-премьер Тамара Дүйсенова бастаған Үкімет мү­ше­­лері, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.

Алғашқы «жайлы мектептер»

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған елордадағы №103 мектепте министр Ғ.Бейсембаев білім саласы қызметкерлерін, ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. 

– Қадірлі ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Бүгін 2024-2025 оқу жылының жаңа парағы ашылды. Еліміздің барлық өңірінде Білім күнін асыға күткен 3,9 млн бала сүйікті мектебімен, ұстаздары­мен қайта қауышты. Мемле­кет оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Бүгін 90 мыңға жуық оқушы су жаңа мектептерде оқу жылын бастайды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынғаны да бар. Ал 200 мыңнан аса бала күрделі жөндеуден өтіп, қайта жабдықталған мек­­тептерде білім алады.

1 қыр­күйек – алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған балалар үшін ерекше мереке. Қымбатты балалар, оқу жылы сендерді жаңа жетістіктерге жетелеп шабыттандыратын қызықты, танымды әрі тағылым­ды болсын деп тілеймін! Дәл осы күні ұстаздардың өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі орасан еңбегін де атап өт­кім келеді. Ұлтымыздың ағарту­шы ұлы тұлға­сы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз – ұлт келбеті» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан ағартушылық миссиясын адал атқарып жүрген ұстаздардың еңбегі лайықты түрде жоғары бағалануға тиіс. Құрметті әріптестер, өз мамандықтарыңызға адал­дықтарыңыз, ұрпақ ісіндегі жанкешті еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздер балаларға білім беріп қана қоймай, оларға халқымыздың басты құн­дылықтарын сіңіріп келе­сіздер. Биылғы оқу жылы жоғары жетістіктер мен толағай табыстарға толы болсын!  – деді Ғ.Бейсембаев.

Жалпы, жаңа оқу жылында елімізде 90 мыңға жуық оқушы жаңа 70 мектеп есі­гін айқара ашты. Оның ішінде 16 оқу ошағы – «Жай­лы мектеп». Осы 16 «Жай­лы мектептің» 9-ы Астана­да орналасқан. Ал 200 мыңнан аса бала күрде­лі жөндеуден өтіп, қайта жаб­дық­талған мектептерде білім алады. Еске салсақ, 2023–2025 жылдарға арналған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 401 мектеп салу жоспарланған. Министрліктің таратқан ақпа­ратына сүйенсек, бұл жоба оқушы орнының жетіс­пеу­шілігін шешуге, қала мен ауыл мектептері арасын­дағы алшақтықты азайту­ға бағытталған. Жоба­да функционалды және қауіп­сіз білім беру орта­сын құруға ерекше назар ауда­рылады. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Сон­дай-ақ техникалық құрал­дарды енгізу арқылы қауіп­сіздік шараларын арт­тыру, ерекше білім беру­ді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалып­тастыру, мектепті зама­науи пәндік кабинеттермен жабдықтау талап етіледі. 2024–2025 оқу жылында барлығы 217 нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Жалпы отандық мектептерде 3,9 млн оқушы білім алады. Биыл 352 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады, ал 219 мың оқушы 11-сыныпқа көшті.