ЖОЛДАУ • 03 Қыркүйек, 2024

Жолдау – ел өркендеуінің стратегиясы

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі бас­тамалары оның бұған дейінгі Жолдауларынан және сайлау алдындағы бағдарламасынан бастау алған реформаларды одан әрі дамытуға арналды.

Жолдау –  ел өркендеуінің стратегиясы

Мемлекет басшысы азамат­тар­дың тұрмысын жақ­сартуды көздейтін жүйелі экономикалық өзгерістерге баса назар аударды. Президент атап өткен барлық тоғыз ба­сымдық мемлекеттік саясатты дәл осы міндетті орындауға жұмылдырады. 

Жолдауда жүзге жуық түрлі бастама, ұсыныс, тапсырма бар. Мысалы, салық жүйесін мұқият ойлас­тыра отырып қайта жүктеу, ша­ғын және орта бизнесті қол­дауға арналған шаралар топтамасын оңтайландыру, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі үшін қолжетімді несие беру, әділ әрі тиімді тариф саясатын жүр­гізу, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, білікті мамандар даярлау, жасанды интеллектіні дамыту және жаппай цифрландыру, азаматтардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету сияқты басымдықтарды айрықша атап өтеуге болады.    

Президент қоғамда бір жыл бойы талқыланып жатқан атом электр стансасын салу мәселесіне қа­тысты референдумды өткізу кү­нін белгіледі. Бұл референдум – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасының және Әділетті Қазақстан идеясының жүзеге асырылып жатқанының тағы бір айқын дәлелі. 

Мемлекет басшысы халық­ты алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталды. Оның ішінде интернеттегі алаяқ­тық, жол апаттары, әскердегі тәртіп, наркобизнеске қар­сы күрес, медициналық сақтан­дыру жүйесінің кемшілігі, педагогикалық және медици­налық кадрлардың тапшылығы, шағын және орта бизнес саласын шектен тыс мемлекеттік бақылау, ауыл шаруа­шылығы статистикасын бұр­малау сияқты түйткілдер бар. 

Жолдаудағы көптеген әлеу­меттік-экономикалық бастама Мемлекет басшысы Ұлт­тық құрылтайдың отырыстарында айтқан идеологиялық тұжырымдардың іс жүзінде жүзеге асырылуының көрінісі болғанын атап өткен жөн.  

Президент Жолдауын жа­рия­лауға арналған жиынға депутаттар, министрлер мен әкімдер ғана емес, түрлі салада қажырлы еңбегімен дара­­ланған жұмысшылар, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың, ай­мақ­­тық қоғамдық кеңестердің мү­ше­ле­рі қатысты. Бұл тәжірибе жаңа саяси дәстүрге айналып келеді. 

Жалпы, Жолдау көптеген күнде­лікті міндеттерді ше­шу және елді дамытудың стра­тегиялық мақсат­тарына жету жолдарына арналды.

 

Ерлан ҚАРИН,

Мемлекеттік кеңесші