Спорт • 02 Қыркүйек, 2024

Қоржында – күміс жүлде!

58 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Францияның Париж қаласында өтіп жат­­қан Паралим­пиада додасында қор­жы­ны­мыз­ға күміс ме­даль түсті. Пара­нысана көз­деуден жаз­ғы Паралимпиада ойындарында жерлесіміз Еркін Ғаббасов R1 санатында винтовкамен 10 метр қашықтықтан сынға түсіп, 247.7 ұпай­мен күміс жүлдегер атанды.

Қоржында – күміс жүлде!

Қазақстан атлеттері 1996 жылдан бері жазғы Паралимпиада додасына тұрақты қатысып келеді. Париж төріндегі сайысқа 44 спортшы аттанып, парадзюдо, парапауэрлифтинг, паратаеквондо, паражеңіл атлетика, паранысана көздеу, параүстел теннисі, паражүзу, параканоэ және волейболды отырып ойнау сынды спорттың 9 түрі бойынша жүлде үшін тартысады. Еліміздің спортшылары алғаш рет параүстел теннисінен, әйелдер арасында параканоэден жолдама иеленіп, төртжылдық аламанында бақ сынап жатыр.

Өкінішке қарай, Еркіннің жеңісті жолын жалғайды деп үміт артқан Севда Әлиева SH1 санатында 10 метрге пневматикалық тапаншадан нысана көздеудегі ұпайы төмен болып, 13-орынды місе тұтты.

Паражеңіл атлетика спортында үміт артқан саңлағымыз Гүлбақыт Қайыржанова найза лақ­тыруда (F13 санаты) 34.23 метр нәтижесімен бесінші орынға тұрақтады.

 

Топтан шығуға мүмкіндік бар 

Волейболды отырып ойнау сайысынан біздің құрамаға Паралимпиада жолдамасы ұзақ жылдан бері бұйырмай келген еді. Білікті маман Бауыржан Тахауов баптайтын ұлттық құрама былтыр Астана қаласында өткен лицензиялық турнирде топ жарып, Париж Паралимпиадасына жолдама олжалаған еді.

Додаға сусап алаңға шыққан жігіттер топтық кезеңдегі тартысты жеңіспен бастаған. Франция төріндегі Паралимпиаданың волейболды отырып ойнау сынына әлемнің үздік 8 құрамасы ғана қатысып жатыр. Құрлықтық һәм әлемдік іріктеуден өткен үздіктердің қай-қайсысы да осал емес. Біздің жігіттер алғашқы ойында азулы Франция құрамасын 3:0 есебімен үш сетте еңсерген еді. Бірақ екінші айналымда жазғы Паралимпия ойындарының үш дүркін чемпионы Босния және Герцеговина құрамасының екпінін тойтара алмай, 2:3 есебімен тізе бүкті.

«А» тобында Қазақстан, Франция, Босния және Мысыр ойнайды. Ал «B» тобында Иран, Украина, Бразилия және Германия құрамалары тартысқа түседі. Бас бапкер ұлттық құрама мүшелерінің жазғы Паралимпиада ойындарына алғаш қатысуы да айтарлықтай сезілгенін жасырмады.

«Қобалжу болатыны анық, бірінші ойында француздарды ұтқанымыз кәдімгідей серпіліс әкелді, саңлақтардың жеңіске деген сенімі нығайды. Бірақ екінші айналымда өте тегеурінді қарсыласпен жолымыз түйісіп, жігіттер барын салды. Әлі де топтан шығатын мүмкіндігіміз бар», деді Б.Тахауов.

 

Қола да бұйырмады 

Париж төрінде паратаеквондодан тар­тысқа түскен Милана Красавцева топтық кезеңді жеңіспен бастаған еді. 52 кг (К44 класс) салмақта сенім артқан спортшымыз Доминикан Республикасынан қатысқан қарсыласы Геральдо Диасты айқын ұтқа­нымен, ширек финалда мексикалық Джес­сика Гарсия Куиджаннан жеңілді.

Паратаеквондодан 80 кг дейінгі салмақ дәре­жесінде (К44 класс) Нұрлан Домбаев қола медаль үшін жекпе-жекте оңтүстіккореялық спортшы Джу Джонхунға есе жіберді. +80 кг салмақта сынға түскен Нышан Өмірәліге (К44 класс) де Пара­лим­пиада медалін олжалайтын мүмкіндік туған. Ирак спортшысын еркін еңсеріп, мерейімізді тасытқан саңлақ ширек финалда америкалық Эван Медельден аса алмады. Ал жұбаныш сынында хорватиялық қарсыласы Иван Ми­ку­личті ұтқанымен, қола жүлде үшін өткен жекпе-жекте ирандық спортшы Хамед Хагшенас Нышаннан басым түсті.

57 кг салмақта Паралимпиада додасына қатысқан Камила Досмалова (К44 класс) ширек финалдық айқаста сербиялық Мария Мицевтен жеңілді. Жұбаныш сайысында фиджилік Ирен Марды 12:6 есебімен айқын ұтқанымен, қола медальға талас­та бразилиялық Силвана Майара Кардозоға есе жіберді.

Паражүзуден 2016 жылы өткен Рио Паралим­пиадасының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина 150 метр қашықтықта бақ сынап, 10-орынға тұрақтады да, финалға шыға алмады. Параүстел теннисінен тұңғыш рет Паралимпиадаға қатысқан Әли Ма­құлбеков бельгиялық Марк Ледоға жол беріп, алғашқы айналымнан аспады.