Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2024

Қазақшаға ықылас молайды...

588 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қашаннан бері ұлттық құндылықтардың алтын бесігі іспетті Ұлытау облысында былтырғы оқу жылынан бері бірыңғай орыс тілінде білім беретін бірде-бір мектеп қалған жоқ. Аймақта жыл санап балаларын қазақ мектебінде оқытуға деген ұмтылыс қарқын алып келеді.

Қазақшаға ықылас молайды...

– Биыл облыс бойынша 4 270 бала мектеп табалдыры­ғын алғаш рет аттады. Соның 3 468-і – қазақ, қалған – 802-сі орыс сыныптарына барды, – дейді облыстық білім басқар­масы басшысының орынбасары М.Төребеков.

Сәтбаев қаласындағы №14 мектепте өткен жылы алғаш рет қазақ сыныбы ашылған еді. Қай нәрсені болса да бас­тау қиын емес пе? Сол сыныпқа небәрі 6 оқушы жиналған еді. Қазір олар екінші сыныпта оқып жүр. Бір қызығы, сол алтаудың екеуі – өзге ұлт өкілдері болатын. Ал биылғы жағдай қалай болды екен?

– Биыл мектебімізде 2 қазақ, 2 орыс тілді 4 бірінші сынып ашылды. Қазақ сыныптарына – 39, орысшаға – 57 бала жиналды. Бізді балаларын қазақша оқытқысы келетін ата-аналар қатарының молая түскені қуантады, –дейді мектеп директоры Фарида Сыздықова.

Әрине, бұл қуанышты жағдай. Дегенмен Сәтбаев қаласы бойынша биылғы орыс мектебінің табалдырығын алғаш аттаған 320 баланың 114-нің қазақ баласы екенін білгенде көңіл жабырқап-ақ қалады. Демек ұлттық сана сілкінісін күшейте түспесе болмайды-ау...

 

Ұлытау облысы