Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша бірнеше білім ұясын салу жоспарланған. Алғашқысының құрылысы межелі мерзімде аяқталды.
Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылының оқушылары жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастап отыр. Білім ордасының ашылу салтанатына өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, оқу-ағарту саласының ардагерлері, ата-аналар қатысты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде білім, ғылым саласын өркендетуге басымдық беріліп отырғаны анық. Біздің өңірде де білім беру саласын дамыту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі бағыт. Жасөспірімдердің сапалы білім алуына қолдан келгенше қолдау көрсетіп отырмыз.
Сарыкемер ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ордасы – балаларға жасалған қамқорлықтың бір көрінісі. Оқу ордасында жасөспірімдердің қауіпсіз әрі жайлы ортада сапалы білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, балалардың ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетуіне жағдай жасалған», дейді өңір басшысы Е. Қарашөкеев.
Жергілікті тұрғындар арасынан сөз алған ардагер ұстаз Асқар Бекбауов білім саласындағы оң өзгерістер туралы пікірімен бөлісті. Ауылдық жерлерде заманауи үлгіде мектеп салынғанына ризашылығын білдірген ол «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан білім ордаларының ерекшеліктеріне тоқталды. Сондай-ақ балалардың сапалы білім алуына барынша қолдау білдіріп отырған Мемлекет басшысына, жергілікті атқарушы билік өкілдеріне алғыс айтты.
Ұлттық жоба аясында салынған жаңа мектеп 600 оқушыға арналған. Білім алушыларға барлық жағдай қарастырылған білім ордасы заманауи кабинеттермен, соңғы үлгідегі техникалармен толықтай жабдықталған. Ғимаратта 35 оқу бөлмесі, 2 спорт зал, 2 компьютер кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана және асхана, ұлдар мен қыздарға арналған арнайы шеберхана бар. Сондай-ақ балалардың оқулықтары мен жеке заттарын сақтауға арналған шкафтар қойылған. Мектеп толығымен бейнебақылау камерасымен қамтылған. Сонымен қатар білім ұясына арнайы жеделсаты орнатылған.
Сарыкемердегі ұлттық жоба аясында салынған мектептен бөлек, тағы бес білім ұясы пайдалануға берілді. «Арай» және «Казарма» тұрғын алабының халқы бірнеше жыл бойы көтерген өзекті мәселе оңынан шешіліп, мектеп оқушылары жаңа білім ордасының табалдырығын аттады. Олардың жүзінен шаттықтың лебі есіп тұрды.
Керек дерекке сенсек, «Арай» тұрғын алабында ашылған су жаңа мектеп 600 оқушыға арналған болса, «Казарма» тұрғын алабындағы оқу ордасы жаңа оқу жылында 180 білім алушыны қабылдады. Сондай-ақ Меркі мен Қордай аудандарында 150 орындық, Сарысу ауданында 50 орындық жаңа білім ұясы пайдалануға берілді.
Жергілікті атқарушы билік келтірген дерекке жүгінсек, жаңа мектептер білім алушыларға қажетті барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Ондағы зертханалар мен компьютерлік сыныптар заманауи технологиялармен жабдықталған.
Жалпы алғанда, өңір бойынша 2024–2025 жылдары 41 білім нысанының құрылыс жұмысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін 18 білім ордасының құрылысын аяқтау көзделген. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп бой көтереді. Оның 6-уы осы жылы пайдалануға берілмек. Сондай-ақ облыс бойынша 10 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 96 білім ордасында ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған.
Жамбыл облысы бойынша 507 орта білім беру ұйымы бар. Барлық білім ұясында 248 мыңнан астам оқушы білім нәрімен сусындап жатыр. Ал жаңа оқу жылында 21 мыңға жуық жеткіншек 1- сыныпқа қабылданды.
Өңірде жаңадан ашылған білім ордаларының арқасында бірнеше тозығы жеткен мектептің мәселесі оңынан шешілді. Осы жылдың соңында, келесі жылы тағы бірнеше жаңа мектеп бой көтеретінін ескерсек, жамбылдықтар «жырлап» келген ондаған білім ордасының өзекті мәселесі уақтылы шешімін табатыны даусыз.
Жамбыл облысы