Марапат • 05 Қыркүйек, 2024

Мұнай саласының ардагерлері марапатталды

67 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов қазақ даласында мұнай өндірісінің басталғанына 125 жыл толуына орай мұнай-газ кешенінің ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап, ел экономикасы құрылымындағы саланың маңызын атап өтті.

Мұнай саласының ардагерлері марапатталды

Үкімет басшысы марапаттау рәсіміне қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанды әлемдік энергетика нарығындағы жетекші ойыншылар қатарына қосқан сала ардагерлері, мұнайшылар, инженерлер мен ғалымдардың жанқиярлық еңбегі мен қажыр-қайратына алғысын білдірді.

Премьер-министр мұнай-газ секторын дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысының атынан еңбегімен ерекше көзге түскен мұнай-газ кешенінің 40 қызметкеріне марапат табыс етті. «Парасат» орденімен еңбек ардагері Махаш Рах­метов, мұнайшы ардагер Олег Герштанский, сала сарапшысы Махамбет Досмұхамбетов, «Құрмет» орденімен мұнайшы арда­герлер Төремұрат Жар­ма­ғам­бетов, Рахман Исаев, Мадыхат Нұрмұханов, Наған­ғали Өтеев, құбыршы Марат Тағанбаев, Шакимұрат Шамаров, IІI дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен ардагер мұнайшы Келтір Шаненов, техноло­гиялық компрессорлар ма­шинисі Ахмед Шадинов, «Ерен еңбегі үшін» медалім­ен мұнайшы ардагерлер Әбді­рахман Қазиев, Қадырхан Өтесінов, слесарь-жөндеу­ші Есімбек Бердалиев, мұнай және газ операторы Көшер­бай Өтебаев, басқа да қызметкерлер марапатталды.

Олжас Бектенов елімізде «қара алтынның» айтарлықтай қоры бар екенін атап өтті. Расталған мұнай қоры 4 млрд тоннадан асады, бұл көлеммен еліміз әлемдік нарықтағы ма­ңызды ойыншылардың біріне айналады. Мұнай экспортының жаңа бағыттары ашылды, оның ішінде Каспий бағыты бар. Еліміз арқылы мұнай мен газ транзитінің көлемі артып келеді. Қазақстанның ұлттық KEBCO мұнай бренді іске қосылды, ресурстық базаны кеңейту, геологиялық барлаудың инвестициялық тар­тымдылығын арттыру, өнді­рісті ұлғайту, жаңа жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқына Жолдауында мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту міндеттерін атап өтті. Саладағы жетістік­теріміз мұнай өндіру және оны тасымалдаумен ғана шектелмейді. Көмірсутектерді ішкі өңдеу саласын дамытуға көп күш жұмсалады. Атырау об­лысында полипропилен өн­діретін зауыттың ашылуы­мен толыққанды мұнай-газ хи­миясы кластері құрылды. Алда полиэтилен және бутадиен шы­ғаратын жаңа жобалар тұр. Аталған кәсіпорындар импортты алмастыруға ықпал етіп қана қоймай, шағын және орта биз­несті дамытуға қажетті жағ­дай жасайды. Алдағы жылдары жаңа газ өңдеу зауыттары салынады. Мұнай-газ кешені келешекте де экономикамыздың қозғаушы күшінің бірі болып қала бермек. Біз саланы инновациялық технологияларды енгізу арқылы және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, одан әрі дамытуды көздейміз», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отандық мұнай-газ химиясын дамыту, полиэтилен, поли­этилентерефталат және кар­ба­мид өндіру жобаларын іске асыру ішкі сұранысты қанағат­тандыруға, қосылған құны жоғары отандық технология­лық өнім экспортын арттыруға мүмкіндік береді.