Отбасы • 05 Қыркүйек, 2024

Отбасы күнін атап өтудің жаңа тұжырымдамасы

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникация қызметі алаңында Отбасы күнін атап өтудің жаңа тұжырымдамасын таныстыруға арналған брифинг өтті. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі өкілдері, сондай-ақ отбасылық қарым-қатынас саласындағы сарапшылар қатысты.

Отбасы күнін атап өтудің жаңа тұжырымдамасы

Кездесуде Мемлекет басшы­сының отбасы саясаты саласындағы Жолдауын жүзеге асыру шаралары, сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда отбасы құндылық­тарын насихаттауға арналған тап­сыр­маларының орындалуы талқы­ланды.

Отбасы күнін атап өтудің жаңа тұжырымдамасы осы міндеттерді шешуге бағытталған. 2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтеді. Әр күн арнайы тақырыпқа арналады. Оның ішінде отбасылық дәстүрлер, неке жос­парлау, репродуктивті денсаулық, саналы ата-ана болу, отбасылық демалыс және басқа да тақырыптар бар. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мұндай форматтың мерекені кең ауқымда өткізуге және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бүгінгі таңда отбасы мен некенің жағымды имиджін қалыптастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, балаларының қарт ата-аналарына қамқорлық жасауы – ұлттық маңызы бар міндеттер», деді Евгений Кочетов.

Брифингте отбасы саясатының негізгі бағыттары, мемлекеттік қол­дау шаралары, сондай-ақ «Қазақ­стандық отбасылар» ұлттық баяндамасында ұсынылған әлеу­меттік зерттеулердің қоры­тын­ды­лары туралы да айтылды.

Сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің 62,7%-ы отбасында қамқорлық, өзара құрмет көрсету және қолдау маңызды деп санайды. Одан кейінгі орында – махаббат (43,2%), балалар (38,7%) мәселесі. Сондай-ақ зерттеу барысында еңбекқорлық, адалдық және үлкендерге құрмет көрсету  еліміздегі өскелең ұрпаққа үйретілетін басты құндылықтар екені анықталды.