Білім • Кеше

«Жайлы мектептерге» директорлар тағайындалды

71 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған алғашқы оқу ошақтары ашылған еді. Енді осы мектептерге «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» бағдарламасына қатысқан ­
20 білікті маман директор болып тағайындалды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

«Жайлы мектептерге» директорлар тағайындалды

Мемлекет басшысының бас­тамасымен жүзеге асы­рылған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жо­басы әлі де жалғасып жатыр. Бү­гін­гі таңда іріктеу мен дайындықтың барлық кезеңінен өткен 136 қатысушы директор болып тағайындалды. Оның ішінде 20 директор жайлы мектеп­терді басқарады.

Оқырмандарға ұғынықты болу үшін толықтыра кетейік, Оқу-ағарту ми­нистрлігі Мемлекет басшысының тап­сырмасымен 2023 жылдан бас­тап Президенттік жастар кадрлық ре­зервінің үлгісімен білім берудегі өз­герістердің көшбасшыларын ірік­теу және даярлау жөніндегі жобаны іске асырып келеді. Үміткерлер ­8 ай бойы құзыреттілікті бағалау, үш дең­­­гейлі оқыту, еліміздің жетекші мек­­теп­терінде тағылымдамадан өту, қоры­тынды бағалау және министр­лік жанындағы комиссиямен әңгіме­лесуден өтеді. Резервке қабылданған жаңа буын басшылары кадр мәселесін шешуге өз үлесін қосады, сонымен қатар жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді де басқаруға құзыретті болады.

Министрлік таратқан ақпаратқа сү­йенсек, биыл жобаның екінші кезе­ңі жүзеге асырылып жатыр. Жыл басы­нан бері мектепке дейінгі, орта, тех­никалық және кәсіптік білім ұйым­дарында еңбек ететін педагогтер­ден 13 796 өтінім қабылданған. Тестілеу нәтижесі бойынша келесі кезеңге 900-ге жуық үміткер өтті. Олар педа­гогикалық шеберлік орталығын­да «Өз­геріс көшбасшылары: зама­науи білім беру ұйымын басқаруға жаңа көзқарас» тақырыбы аясын­да оқытудан өтіп жатыр. Әрі қарай әңгі­мелесу түрінде іріктеудің соңғы кезеңі ұйымдастырылады. Іріктеудің бар­лық 5 кезеңінен өткен қатысушы­лар рес­пуб­ликалық кадр резервіне алынады.

Бұл туралы Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев: ­«Оқу­­­­дан, тағылымдамадан, әңгі­ме­лесуден ­өт­кен үміткерлерге сертификат бе­рі­леді. Соның негізінде одан әрі жұ­мыс­қа орналасу үшін олар кадр ре­­зер­віне енгізіледі. Ре­зерв­тегілер бі­рінші басшының бос лауа­зымына кон­курстық рәсімдерден өтпей та­ға­­йындалады. Атап өтейік, барлық кезең­нен сәтті өтіп, сертификат ал­ғандарға «басшы-көшбас­шы» білік­тілік санаты беріледі», деп түсіндірді.