Мәселе • 05 Қыркүйек, 2024

Озық техника қолжетімді ме?

89 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Егістікке қажет машиналардың ескіруі шаруашылық жұмысын тұралатып тұр. Осы жылдың мамыр айында бір топ мәжілісмен Өнеркәсіп және Ауыл шаруашылығы министріне депутаттық сауал жолдады. Онда тозған техника салдарынан шаруалардың көктемгі және күзгі науқан кезінде қиындыққа тап болатыны айтылды. Жаңа техника бағасының тым қымбат болуы, шетелдік ауыл шаруашылығы машиналарын алып келудегі күрделі талаптар да шаруашылық өнімділігін арттыруға кедергі келтіріп тұр.

Озық техника қолжетімді ме?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Беларусь 80.1» тракторы 2019 жылы 5,9 млн теңге тұрған. Қазір бағасы 85%-ға өсіп, 11 млн теңгеге жеткен. Шетелдік техниканың жайы айтпаса да түсінікті. «Джон Дир S 760» комбайны 171 млн теңге тұрса, небәрі 3 жыл ішінде 272 млн теңгеге қымбаттаған.

«Утильалым мен алғашқы тіркеу салықтары да ауыл ша­руашылығы техникаларын айна­лып өткен жоқ. Ауыр техни­калардың қымбаттауына тікелей себеп – осы алымдар. Қаржы­лық мониторинг агенттігінің ақпаратынша, осы алымдарды айналып өту үшін 413 жүк көлігін заңсыз тіркеген азаматтар мемлекетке 3 млрд 156 млн теңге шығын әкел­ген. Бұл тек ұсталғандары ғана. Ұс­талмағандары қаншама?» дейді Н.Сайлаубай бастаған бір топ депутат.

Олар бірқатар ұсыныс бере­ді, мәселен, шетелден келетін тех­никаға салынатын утиль, ал­ғашқы тіркеу салықтарын алып тастау және қайта қарастыру, делдалдарға жем болған шаруа­ларға арнайы әр өңірден өз өнімдерін ешқандай кедергісіз қабылдайтын пункттер ашып беру. Себебі өз өнімін жарты бағаға бере салатын қара шаруаның кредит пен лизингке алған техникасының қаражатын төлей алмай, шаруашылығын да сатып жатқан жағдайлар да кездескен. Сондай-ақ шаруаларға егінін шетелге кедергісіз экспорт­тауға да рұқсат беру маңызды.

«Президент Жолдауда Азық-түлік келісімшарт кор­по­ра­циясының негізінде фер­мерлердің өнімін сатып алу­дың вертикалды жүйесін құруға тапсырма берген. Біршама уақыт өтті, оның нәтижесі туралы ақпарат жоқ. Сонымен қатар кеңестік қызыл «Енисей» комбайны мен сары К-700 тракторла­рын көріп өстік, ауылдарда олар әлі де бар. 40 жыл болған техникалар бізге адал қызмет етті, енді заманауи, шаруаның қалтасы көтеретін жаңа техникалар керек», дейді депутаттар.

Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп отандық өнді­рістің ауыл шаруашылығы тех­­никасын лизингке сатып алу­­ды қаржыландыру үшін «Қаз­АгроҚаржы» АҚ-мен қо­сымша 100 млрд теңге тарт­қан. Же­ңілдікті лизинг мерзімі 7 жыл­дан аспайды. Ал сыйақы мөл­шерлемесі жылына – 5%. Бағдарлама бойынша өтінім қа­былдау 25 маусымнан баста­лып кеткен. Министрлік өкілдері­нің сөзінше, бұл – машина-трактор паркін жаңарту деңге­йін арттыруға, сондай-ақ өндіріс техникасына тұрақты сұраныс­ты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Министрліктің мәліметін­ше, былтыр республикада 149 900 трактор, 38,7 мың комбайн, 5 200 егіс кешені және 76 300 сепкіш, сондай-ақ әртүрлі 219 мың топырақ өңдеу құралы тіркеліпті. Бұл есепке сүйенсек, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің орташа тозуы 76%-ды құрайды.

Өткен жылдарға шегініс жа­са­сақ, 2017 жылы ауыл ша­руа­шылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі небәрі 1,9% бол­ған. Ал 2023 жылдың қоры­тын­дысымен деңгей екі есе өсіп, жаңарту 4,5%-ға дейін ұлға­йып­ты. Мәселен, 2017 жылы шаруалар 8,5 мың техника сатып алған. Өткен жылдың қорытындысында сатылған ауыл ша­руа­шылығы техникасының көлемі 19,6 мың данаға жетіпті.

Әрине, бұл жеткіліксіз. Мем­лекет басшысының жыл сайын машина-трактор паркін жаңар­ту деңгейін 8–10%-ға көтеру туралы тапсырмасының өзекті еке­нін ескерсек, Үкіметтің бұған қатысты жұмысы жоқ дей алмаймыз. Бүгінде техниканы жа­ңартуды ынталандыруда бір­қатар бағдарлама іске асырылып жатыр. Мысалы, сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялауда оның құнының 25–30%-ы шаруаларға мемлекет бюджеті есебінен өтеледі. Екіншіден, кредит не лизингпен отандық өндіріс техникасын сатып алу кезінде 6%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Былтыр шаруашылыққа қа­жетті азық дайындау техни­касы мен суарудың ұтқыр жү­йе­лерін қаржыландыру үшін 20 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлініпті. Қазір 1 554 шаруаға жылдық 6% мөл­шерлемемен 3 498 бірлік азық дайындау техникасы мен жаб­дықтары лизингке берілген. 2022–2023 жылдары «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен ­65 млрд теңгеге отандық өнді­ріс­тің ауыл шаруашылығы тех­ни­касының жеңілдікті лизингі қар­жыландырылды.

Жалпы, кейінгі 10 жыл­да жеңілдікті лизинг бағдар­ла­ма­сымен 1 600 трактор мен комбайн сатып алынған. Бұл – елдегі машина-трактор паркін жаңарту деңгейін аз да болса арттырды деген сөз.

 

Ержан ҚОЖАС,

журналист