Тамыз айында жауын үзілген жоқ. Дәннің сабақта кебуі осы аралықта орташа есеппен тәулігіне 12–16%-ды құрайды делінген еді. Ал желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін немесе одан да көп болса жауыншашын егіс алқаптарында егіннің құлауына әкелуі мүмкін делінген. Әйтеуір, жоғарыда айтқанымыздай, ондай қатер бола қойған жоқ.
Жемазық дайындау ісі де құлашты кең жаза алмай отыр. Он метрлік жаткалармен орылып қалған қалың шөп танаптары көп жерлерде кебе алмай, судан қарайып кеткен. Сәл ғана мүмкіндік болса, шаруалар оларды жинап алуға асығады.
Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, қорадағы малды күту үшін облысқа 940 мың тонна шөп, 234,6 мың тонна пішендеме, 278,1 мың тонна сүрлем, 818 мың тонна жем, 1 мың тоннадай сабан керек.
2024–2025 жылғы қыс маусымында қорада тұрып күтілетін қара мал саны – жобамен 312 мың, қой-ешкі – 401 мың, жылқы – 150 мың тұяқ. Соның ішінде үй шаруашылығындағы аулалардың ірі мүйізді қара саны – 125 мың, қой-ешкі – 299 мың, жылқы – 80 мың тұяқ. Мейрам Меңдібаевтың сөзінше, биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі шөптің қалың шыққанын ескеріп, бір жарым жылдық қор дайындауды міндеттеген. Бұл – 1 млн 400 мың тонна шөп. Ауа райы мүмкіндік берсе, осынша шөп көлемін дайындауға болады. Биылғы ылғалдың молдығынан шөптің өсуі ырғын болды, тек соның қарайып, шіріп кетпей, албарға аман үйілуін айт.
«Биыл шөптің қалың өскені сондай, 1 гектардан 12–15 центнерге дейін шөп шабылды. Бұрнағы жылдары мұндай көрсеткіш 5–7 центнерден аспайтын. Қазірдің өзінде жиналған шөп көлемі белгіленген норманы орындап тастады. Үй қожалықтарында да шөп жеткілікті мөлшерде жиналды. Барлық 47 мың үй қожалығының бәрінде бір қысқа жететін шөп үйілді», дейді М.Меңдібаев.
Айта кетер жайт, қазір 1 тонна шөптің бағасы – 12–14 мың теңге. Ал былтыр осы уақытта шөп бағасы 25 мың теңгеге жеткен еді. Жемазық, соның ішінде шөп бағасы төмен болса, ет пен сүттің бағасы да тұрақты болар деген үміт бар. Сондықтан шаруалардың биылғы арзан шөпті молырақ қамтып қалғаны жақсы.
Қазір кей аудандардың (мысалы, Есіл, Шал ақын) шаруашылықтары сүрлем дайындауға да кіріскен. Күннің ашықтығын пайдаланып, бұл іске басқа аудандар да кіріскені белгілі болып тұр. Ал үлкен орақ қызу жүріп кетсе, сабан пішендеме мен сабанның да мол болары сөзсіз.
Солтүстік Қазақстан облысы