Шымкент • 07 Қыркүйек, 2024

Кәсіпкер салып берген жатақхана

66 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Студенттердің жатақханасы – білім берумен қатар жүретін басты қажеттіліктің бірі. Бүгінгі таңда елімізде арнаулы, жоғары оқу орнында білім алушылардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу ісінде көптеген игі іс атқарылып келеді. Бірінші кезекте Президенттің Үкіметке берген тапсырмасынан соң жатақхана тапшылығы деген проблема біртіндеп шешіле бастады.

Кәсіпкер салып берген жатақхана

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мем­ле­кет. Біртұтас ұлт. Берекелі қо­­ғам» Жолдауында: «Келесі ма­ңызды мәселе – студенттерді жа­тақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек» деген еді.

Міне, Президенттің осынау тапсырмасын орындау мақса­тын­да «SUNRISE CY» ЖШС Шым­кент­тің орталығынан мемлекет­тік-жекеменшік серіктестік аясын­да 550 орындық жатақхана салып берді. Енді оны М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттері пайдаланады. Жуырда жаңадан бой көтерген жатақхананың ашылу рәсімі өтті.

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бес­баевтың айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі, университет пен «SUNRISE CY» серік­тестігі арасындағы үшжақты келі­сім нәтижесінде, осы жатақхана бой көтерген.

вап

«Зерттеуші мәртебесін ал­ған М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың жеке иелігінде бұрыннан келе жатқан өзінің 4 жатақханасы бар. Сонымен қатар мемлекеттік-же­ке­меншік әріптестігі аясында та­ғы 4 жатақхананы салып бер­ген компаниялармен келісімшарт­қа тұрдық. Соның бірі – бүгін салтанатты ашылуы болған «SUNRISE CY» серіктестігінің студенттер үйі. Айта кету керек, оқу орнының 1 600 студен­ті жатақханамен қамтамасыз етілген. Жалпы орын саны 2 200 болатын 4 жатақханаға қалған студенттерді орналастыруға толық жағдайымыз жетеді. Ал мынау жаңа ғимаратқа 100 па­йыздай студенттер толды. Сондықтан уни­верситетте жатақхана мәсе­лесі толығымен шешілген деп ай­туға болады. Студенттер тұратын бұл ғимараттың ерекшелігі, мұн­да әр бөлмеде жуынатын орын қарастырылған. Барлық бөл­меде бір-бір кондиционерден қойыл­ған. Wi-Fi желісі істеп тұр. Өзі­нің жеке кітапханасы бар. Қорыта ­айт­қанда, барлық жағ­дай жасалған. Студентке тек бос уақытын тиімді өткізіп, білім алу ғана қалды», деді проректор.

Расында, студенттер, магист­ранттар және докторанттарға ар­­налған жаңа жатақхана қонақ­үй үлгісінде салынған екен. Уни­верситет өкілі айтып өткендей, әр бөлмесі тұрмыстық техникалар­мен, жиһаздармен жабдық­тал­ған. Оқу залымен бірге демалыс­ аймағында шағын кино­театр да қарастырылыпты. Ең бас­тысы, жатақхана университет­ке жақын маңда орналасқан. Ол студенттердің сабақтан соң уақытын жолға шығындамауы үшін де маңызды.

Салтанатты жиында полиция генерал-майоры Жеңісбай Сұлтанов пен Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев сөз сөйлеп, құттықтау лебіздерін арнады.

«Бүгінгі ұрпақ бақытты. Өйт­кені қазір студенттер осындай қо­нақүйге бергісіз жатақханада тұрып жатыр. Біздің кезімізде ол арман еді. Сондықтан мемлекет­­тің сенімін ақтап, адал азамат болып ­келешекте елге еңбектеріңді сіңі­реді деген сенімдеміз. Көріп отырмыз, студенттерге барлық жағ­дай қарастырылыпты. Енді тек қал­ға­ны оқу болып тұр. Елдің болаша­ғы сендерсіңдер, сол үшін жақ­сы оқып, өз мамандықтарыңның мықты иесі болуға шын жүректен тілектеспін. Осы орайда ғимаратты салып, студенттерге тарту еткен компанияға алғыс білдіремін. Әри­­не, жатақхана емес, басқа бір нысан салып пайда табуға да болады. Бірақ кәсіпкер Батырбек Көшербай бастаған компания тек табысты ойламай, жас ұрпақтың қамы үшін осындай жатақхана салуымен қалталы азаматтарға үлгілі іс жасады. Тоқсаныншы жылдары қиындық кезеңі болды. Бір қоғамнан екінші қоғамға өту ел үшін оңайға соқпады. Не­бір соқпақтармен жүруге тура келді. Алайда аға ұрпақ еңбегінің арқасында соның бәрін еңсеріп шықты. Ендігі міндет сол жолды жалғастырып, елдің көркеюіне аямай тер төгу мына жастар­дың мойнына артылғалы тұр. Сол жауапкершілікті зор сеніммен ар­қалап өтесіздер деген үміттемін», деді абыз ақсақал, полиция генерал-майоры Ж.Сұлтанов.

Ал Шымкент қалалық арда­гер­лер ұйымының төрағасы К.Тө­ле­баев өз сөзінде жатақхана мәсе­лесін Президент тапсырмасына сәйкес осылай мемлекеттік-же­ке­меншік серіктестігі аясында түбегейлі шешіп тастауға болатынын мәлімдеді.

«Бұрын студенттердің жатақханада жатуы сирек еді. Көп­шілігі курстастармен бірігіп пәтер жалдап тұратын немесе тума-туысты жағалайтын. Бұл жағ­дай бертінге шейін орын алып келді. Енді қазір ахуал кішкене өзгере бастады. Жатақханалар бой көтеріп студенттер қымбат пәтер жалдау ауыртапылығынан құты­ла бастады. Сол үшін де бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік қамсыздандыру, білім саласындағы оңды реформалар­дың сәтті жүзеге асырылып жат­қа­ны­на өте ризамыз. Сөзімді студенттерге осы қамқорлықты баға­лап, ел үмітін ақтай біліңдер деген тілекпен аяқтағым келеді», деді м­егаполис ардагерлерінің же­текшісі К.Төлебаев.

Сондай-ақ ғимараттың ашылу рәсімінде сөз алған «SUNRISE CY» ЖШС директоры Бексұлтан Үсіпәлі мен құрылыс жобасының жетекшісі Бексұлтан Батырбек студенттердің жанарындағы шат­тықты көріп қуанғанын, ал­дағы уақытта да әлеуметтік маңыз­ды нысандарды салу бойынша мем­лекеттік-жекеменшік серік­тестігі аясында жұмыстарын күшейте беретіндерін жеткізді.

Сонымен, жоғарыда айтып өткеніміздей, М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан уни­вер­ситетінің жаңа жатақханасы – мем­лекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында пайдалануға бе­­ріл­ген төр­тінші жатақхана. Айта­ кету керек, республика­­ның үшінші мегаполисі еліміз­­дегі жас­­тар саны ең көп өңірлер­дің қа­тарына кіреді. Сондай-ақ ша­һар­да білім сапасы бойынша жо­ғары рейтингтің тізімінде тұр­ған іргелі университтер баршылық. Ол жерде бүгінде мыңдаған студент білім алып жатыр. Сондық­тан жатақхана мәселесі қоғамның әлеу­меттік саласында бірінші кезекке көтерілуі – заңды құбы­лыс. Дейтұрғанмен елімізде қолға ­алы­нған мемлекеттік-жекемен­шік әріптестігі бұл мәселені бүгін­де оңтайлы шешіп жатқанын көріп отырмыз.