Тағзым • 07 Қыркүйек, 2024

Ахмет Бірімжанның зираты

157 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көзі ашық қазаққа Алаш қайраткері Ахмет Бірімжанды таныстырып жату артық.

Ахмет Бірімжанның зираты

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

1871 жылы Торғайдың Тосын болысында туған. Орынборда гимназия, Қазанда университет бітірген. Кәсіби заңгер. Ә.Бөкейханнан 5 жас кіші, А.Байтұрсынұлынан 1 жас үлкен. Ата-тегі – әйгілі Шақшақ Жәнібек батыр, Шеген би. Қайын жұрты – Әбілқайыр хан тұқымы. Яғни атақты Сейдалин әулеті. Әкесі Қорғанбек пен анасы Ханша да – белгілі адамдар. Інісі Ғазымбек – Түркістаннан Германияға оқуға барып, М.Шоқаймен байланыста болған сауатты азамат.

Ахмет Қорғанбекұлының тарихи дәрежесін көтеретін екі-үш қызметі бар. Ол – Ресейдің Бірінші және Екінші мемлекеттік думасының депутаты. Алаш үкіметінің мүшесі. «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасын әзірлеушілердің бірі. Оның арғы-бергі жағында, аумалы-төкпелі кезеңде Уақытша үкіметтің Торғай уезі комиссары, бәлшебектер заңсыз қуып таратқан Бүкілресей Құрылтай жиынының Торғай халқы атынан сайланған делегаты. Кеңестік Қазақ автономиясы Заң комиссариатының, Жоғарғы сотының мүшесі.

Алаш зиялыларымен бап пен бақ, өмір мен өлім сынаған тәуекел кезеңінде танысып, дос­тасты. Ғұмырының соңына дейін елдік мұраттан айнымады.

Ұлт зиялыларына қатысты ескі суреттер ішінен А.Қ.Бірімжанға қатысты екі-үш бейне көзге оттай басылады. Олардың тарихи мәні де терең. Біріншісі – Ресей мемлекеттік думасы депутаттарымен түскен суреті. Санкт-Петербор немесе Фин ормандары ішіндегі көл жағасы. Алты мұсылман депутаты. Ең шетінде Ахмет Қорғанбекұлы тұр. Бәрі де сенімді, жігерлі. Қолдарында арабша «Дума» деп жазылған қағаз. Осы тақырыпта тағы да бірнеше фотосы бар. Екіншісі – отбасымен 1925 жылы Орынборда түскен сурет. Мұнда А.Бірімжан жасы 54-те болса да, біршама қартайып кеткендей. Тіпті селдірлеу болса да сақал қойыпты. Арада екі жылға жетпей дүниеден өткеніне қарап, науқас діңкелете бастағанын шамалауға болады. Үшіншісі – аса маңызды фото. Бұл – Ахмет Қорғанбекұлын 1927 жылы 7 қаңтарда (қайраткер 5 қаңтарда қайтқан) ақтық сапар­ға шығарып салу рәсімі. Оқиға орны – Ленинград. Анандай жерде табыт тиелген арнайы арба тұр. Жанында – қайғы жұт­қан бір топ қазақ. Фото анық емес. Көнекөздер «Осы топ­тың ішін­де Әлихан Бөкей­хан баста­ған Алаш тұлғалары, Мұхтар Әуез, Әл­кей Марғұлан секілді ле­нинградтық студенттер, қайын жұртынан Әубәкір Сейда­лин және қайраткердің 17 жа­стағы перзенті Батырбек тұр» деп дерек береді. Бұдан мынандай ой түйеміз: науқас меңдеген Ахмет Қорғанбекұлын білікті дәрігерлерге қарату үшін Ленинград сапарында қасында осы Әубәкір мен Батырбек болған. 5-не Ахаң өлімін телеграфпен хабарлағанда, Мәскеудегі Ә.Бөкейхан Ленинградқа пойызбен 18 сағаттан кейін ғана жете алады екен.

Енді бірауыз сөз Санкт-Петербор­дағы А.Қ.Бірімжанның зираты туралы. Замандастарының естелігінде «оның сүйегі Волков зиратының мұсылман бөлігінде жерленгені» айтылады. Расында, ол – түрлі дін (православ, протес­тант, иудей т.б.) өкілі қойылған көне қорым. Ресейдің жазушыларынан И.Тургеневтен А.Купринге дейін, ғалымдарынан Д.Менделеевтен  И.Павловқа дейін осы зиратқа жерленген.

Мына заманда Ахмет Бірім­жан бейітіне алғашқылар қата­рын­да зиярат ете барған қоғам қай­раткері, экс-сенатор Сабыр Қасы­мов: «Бұл қорымға  ХVIII ғасыр­да І Петрдің бүйрегі бұрған неміс лютерандары қойылған екен. 3 мыңға тарта адамның, со­ның ішінде әлемге белгілі тұл­ға­лар ескерткіші анықталған. Соған қарағанда большевизм ке­зеңінің өзінде Алаш зиялылары өз серіктестерін соңғы сапарға лайық­ты шығарып салған. Оның ба­сына құрметпен қарапайым әрі мағыналы ақ құлпытас орнатқан. Петербордың Алаш кезеңін, Алаш тағдырын Ахмет Қорғанбекұлы сүйегімен дәлелдеп жатыр», дейді.

Ахаңның жан жары Гүлжау­һар Әлмұхамедқызы – Ырғызда ағартушы Ы.Алтынсары ашқан қыз­дар мектебінің түлегі. Атақ­ты Ыр­ғыз басшысы, Орыс жағра­фия қоғамының мүшесі Əл­мұха­мед Сейдалиннің перзенті. Қа­зақстанның даңқты қос ғалы­мының – химик-академик Ба­тырбек Ахметұлы мен физиолог-профессор Іңкәр Ахметқызының, майдангер-экономист Мұрат Ахметұлының анасы. Құдайдың құдіреті, Батырбек Абай атындағы ҚазПИ-ді бітіріп, әкесінің сүйе­гі жатқан Ленинградтағы уни­верситеттің аспирантурасында оқуға аңсары ауады. Кәсіби емтиханнан сүрінбей өтеді. Бірақ саяси сынақ оңай болмайды. НКВД 1938 жылы оны абақтыға жабады. Ұстаздары мен тілектестерінің ауыз­бірлігі арқасында 1939 жылы босап шығады. Екінші дү­ниежүзілік соғысқа қатысқан Мұратқа да Ленинградты қорғау бұйырады. Ол осында ауыр жараланып,  қаруластары жәрдемімен аман қалады. Сонда анасы жа­рықтық «Сендерді әкелеріңнің аруағы жебеді!», дейді екен...

Санкт-Петербордағы Алаш сүйегі һәм құлпытасы – қазақтың бұралаң тарихының куәсі.

 

Айтуған Досби