Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Табиғатта түптің түбінде қара атаулы ағарады. Мәселен, адам баласының шашы анық ағарады. «Ақ сақал», «ақ самай» ұғымдары бағзыдан бар дегендей. Есесіне ақ атаулының қараймағаны, ұмытылмағаны абзал. Әсіресе ақ ниет. Сол «ешқашан қараймаса екен, қартаймаса екен» деп тілейтін ақ пейілімізді аялап, біз дәл қазір қазақтың таңғажайып ақыны, сан қырлы тұлғасы Есенғали Раушанмен бірге өткерген кей сәттеріміз жөнінде ой жинақтауға отырдық. Шартарапты шығармашылығы жайын қозғай қоймаспыз. Ағалы-інілік сыйластық, өзара көңіл қимастық, адами ғұмырдың аяулы шақтары туралы көкірек лебізі болсын.
Есенғали ағаның бойында екінің бірінің емес, онның, бәлкім жүздің бірінен табыла бермейтін қасиет тұнып тұрды. Ол жөнінде жазудың қиыны да, оңайы да сонда. Ұдайы жаңашылдығы, жасампаздығы, жылт еткенге жалт ете қуана алатыны, жалынды жастарға тілеуқорлығы, ұнамсызға уақыт ұттырып отырмайтын беткейлігі, орынсызды төрелетіп қоймайтын төскейлігі... Жай ғана киім киіс, жүріс-тұрысының, өзін асқақ ұстауының өзі өзгешеленудей-ақ өзгеше-тін. Әр сәтке, мінезге меңгерімпаз. Несін айта бересің, амплитудасы тым ұзақ, қым-қиғаш тұлға. Әне-міне жарқылдап кіріп келетіндей бола беретіні – сол. Ұлттық кітапханада Әбіш Кекілбайұлын еске алу кешінде Мырзатай ағай «Дүниеде бір адам өлмейтін болса, Әбіш деп ойлаушы ем. Бір адам қара жерге сыймайтын болса, Әбіш деп ойлаушы ем» дегені бар. Біз үшін Есенғали Әбдіжапарұлы осы тектес сезім қалыптастырып кеткен екен ғой.
Астана. Алпыс жастық мерейтойына орай шығармашылық кеші өткені көпке мәлім. Оқырмандарымен кездесетін сонау жазда Есағаның жанында елорда саябақтарын армансыз араладық. Шет-шегі көрінбейтін телегей білім. Тәтті түстей естеліктер. Қағытпа-қалжыңдар. Тоқтаусыз құйылып келеді, қабылдап үлгере бер. «Менің мынау қадам санағышым бүгін жазбай тұр. Сенде бар ма, қарашы, қанша жүріппіз?», деді қас қарайғанда. «Он үш шақырым деп тұр, аға».
– Жүр, қайтайық онда. Жауапты жұмыстар бар алда... Айтпақшы, мынау не екен? Көре шығайықшы.
– «Сарыарқа» – сауда, ойын-сауық нысаны. Сағат он боп қалыпты, жабылатын уақыты болған шығар, – дедім. Онымды елеген де жоқ. Барсың ба, жоқсың ба, лезде өзімен өзі болды да кетті. Ойдың адамына оңай деймісің, үнсіз ілесіп жүрмін. Кенет кілт тоқтап, иесі есігін құлыптағалы жатқан бір дүкенді қайтадан аштырып алды. Көп созған жоқ, сол жердегі ең деген портфельге төлем жасады да, реттей салды. Есағамның сауда жүргізгенін бір қызықтап, жаңа бұйым алғанына бір қуанып тұрмын. Сөйтсем, әлгі жаңалықтың ендігі иесі басқа жақта екен:
– Ерболатжан, бұдан да бағалы портфель ұстауыңа тілекшімін. Біраздан ойымда жүр еді. Күтпеген жерден сәті түсе қалғанын көрмейсің бе? – деді. Әрине, бізге аса құнды сый болып, көз болып қала берер. Осы тұста Есенғали ағаның тағы бір қырын айтып өткің келеді: сау адамның өзін сау еместей қылып жіберетін қуақылығы. Жаңа ғана әлгі сауда үйінің не екенінен, уақыттың қанша екенінен мүлдем мақұрымдай адамның не ұйымдастырып тұрғанын көрмеймісің? Бәрін де өзі іштей біліп келе жатқан болып шықты.
Кеші керемет өтті. Келесі күні жанында Набат жеңгей бар, Атырауға бірге ұштық. «Бекэйр» делінетін-тұғын компанияның ұшағы. Көтерілер-көтерілместен төбесі жыртылып кетердей, зәре-құтты әбден қашырды. Әуе кемесі емес, шылапшынмен ұшып келе жатқандай сезінгем өз басым. Есағаң өз алаңын білдірткісі келмеді ме, айналасын сабырға шақырғаны ма, «Мынау қайтеді, әй! Қой! Қой деймін саған» деп ұшақпен тілдескендей боп отырғаны әлі құлағымда. «Бекэйрдің» ақыры не болғаны баршаға аян. Сол кезеңде елімізде төтенше жағдай жиілеп кетіп еді. Өте өкінішті, әлбетте! Қанша жерден өмір өкпеге де, өкінішке де татымайтын өткінші десек те.
2017 жылғы көктемнің басы. Мереке Құлкенов аға бастап Атыраудан Бейнеуге бардық. Есенғали ағаның әпкесінің орнына дұға бағыштауға. Есағаңның Бейнеу басында ағайын-туысқа, бала-шағаға мейірмандығы, тіпті ауылдың иттеріне дейін еркелете сөйлеуі ағайды көз алдымда тіптен ажарландыра түскен. Әсіресе бұрынғы өткен үлкендерге, көзі тірі алдыңғы буын апаларына ізеті айрықша. Әдеби ұстанымында да «бір сөз айтпас бұрын алдымыздағы көкелерімді, ағаларымды ойлап алам» дейтіні жасанды емес, болмысынан.
Қайтар жол. Не қыс екенін, не көктем екенін ұға алмай, табиғат өзі – әлек. Ауық-ауық қара жаңбыр, есесіне қара жолың – жалтыр мұз. Соған қарамастан автокөлігіміз ызғытып келеді. Әңгіме тізгіні әбден жіберілген. «Ішті баласың ғой» деп қалды ризашылықпен Құлсары тұсында бір тоқтағанымызда. Емтихан қабылдап келе жатқан оқытушыдай-ақ. Әуелгіде қызарақтағанымыз рас. Кейін Талғат ағамыз айтпақшы, «животымыз жек көрмей» қалған сияқты ма?! Емтиханнан ұтымтал шыққаныңа ауа жайылып кете жаздағандайсың.
Жазғытұрым Бейнеуге тағы жол түсті. Бұл ретте көлігіміз тікұшақ екен. Атырау – Бейнеу – Атырау. Топшылауымша, ел-жұрттың, ел ағаларының Есенғали ағаға құрмет-көңілі жеткілікті болған сыңайлы. Әрине, бұл жерде өзінің қарым-қасиетін еш жоққа шығармаймыз. Шаруаға құнтты, ыждағаттылығы көп қаламгерден ерекше екенін тұстастары да айтып бере алар. Біздің тоқталғымыз кеп отырғаны – Есенғали орманы. Осы жолғы сапарымызда арнайы апарып таныстырды: Бейнеуде «Есенғали орманы» қаптап өсіп келеді. Өз алдына бөлек, әңгімеге лайық тақырып.
«Ел-жұрт, ел ағалары» деп қалдық жоғарыда. Байқағанымыз, қазақ жеріндегі ғана емес, атажұрттан жырақтағы қандастарымыздың да Есағаңа, шығармашылығына көзқарасы ерекше. 2009 жылы-ау, Астанада Тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен дүние қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Осынау жиынға келген шетел қазақтарының Есенғали Раушанды қаумалап, үйірсектеп жүргені әлі көз алдымда. Өзіміз де ағаймен алғаш рет сол кештерде дидар-сұхбаттасыппыз.
Есенғали-ақын оңаша жүздесуіміздің бірінде өзінің өлеңде эксперимент жасаудан қорықпайтынын айтқаны есімде. «Шумақтың кей жолдарын шолтаң еткізіп, қысқа қайыра салатыным содан шығар» деген. Сол секілді өмірде де көп іздену керегін жиі ескертетін. Бейнеу сапарларының шамасында болу керек, шетелге оқуға ниеттеніп жүргенімді білдірдім. Әділбектер өздері білім алып жүрген тараптан оқу орнын қарастырып жатқанын да. Аға балаша қуанды. Көңіліндегі оқулықтарды тізіп, қай әдістеме қаншалықты тиімді екенін талдап берді. Біздікі бірақ Махамбетше айтқанда, «Тілекті құдай бермеді» болды сол жолы. Тілеуқор ағаларымыздың ұсынысымен қара шаңырақ «Егеменге» қызмет ауыстыру маңыздырақ көрінді.
Есенғали Раушанның шығармашылыққа адалдығына көпшілік – куә. Әлде де жетілдіре түсу ниеті, жырға жанашырлығы аяулы-ақ еді. Бірде Астанадан Алматыға шығарып салу сәті түсті. Риясыз отырмыз. Сөз арасында батыс руханиятын мейлінше меңгерген замандастарымыздың бірінің пікірін келтіргем: «Сіз Есенғали поэзиясы жөнінде жиі айтасыз. Менің байқауымша, оның шығармашылығын сырт көзбен оқығанда, бәрібір қазақ ақыны екені бірден сезіледі. «Посыл» жағынан өз әдебиетінен бөлек емес» деген ыңғайда. Бұл сөзге Есағам әжептәуір ойланып қалды. Содан әне-міне ұшуға тиіс ұшағының билетін екі сағатқа шегеріп, екеуіміз әлгі байламды талдайтын болып, әуежайдың іші-сыртын олай да былай шарладық. Әне бір ақын шошитындай сөз емес қой. Дегенмен Есенғалидың поэзияға жауапкершілігі кез келген жайтқа жалаң қарауға жол бермейтін.
Кейінгі кездесуіміздің бірі. «Алматы» қонақүйі. Жолға жүру ниетімен ерте демалып қалғам. Есікті біреу ұрғылап-қаққылап, жан шыдатпай барады. «Кім болсаң да, сәл күтсеңші» дедім шағын бөлменің табалдырығына жеткенше. Ашсам – Есағаң. «Осында екеніңді білем ғой. Төменге түссеңші, әңгіме айталық»... Арнайы келгендегі пейілін кетерінде ұқтым-ау деймін: «Өзіңді ешкім өкпелетіп жүрген жоқ па?». «Күмәніңіз болмасын, аға». Өзіне, өлеңдеріне ықыласымызға куә күндер ғой, ағалық қамқорлығын аяған жоқ. Әр кездесуі сонша әсерге бөлеген жан. Естен кетпес есен кездер-ай!
Әлгі аты өшкір індет талайымызды жалмағаны өкінтеді. Есағаңның ғұмыр сапары да сол тұста тәмамдалды. Арада бір жылға таяғанда асы берілді. Отбасы, тілеулестері ұйымдастырған іс-шара «Есенғалидың асы» делініп тарихқа енетіндей деңгейде өтті. Сол сауапшыл жиын соңында «Есенғали аға жөнінде көп айтқан артық болмас. Бірақ білгенімізді көбірек жаза түссек, одан да баянды шаруа болатын шығар» дегенбіз. Көптен бір мезет ретінде қабылдарсыз.
Ерболат ҚАМЕН,
журналист