Еңбек • 10 Қыркүйек, 2024

Есік өндірісінің ебін тапқан

67 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қызылордада есік шығаратын кәсіпорын бар екен» дегенді алғаш естігенде сене қоймаған едік. Кейіннен базардан орын алып, жергілікті есік ел қолына тие бастағанда бұл кәсіптің бастауында тұрған азаматты іздедік. Өңірде бұрын-соңды болмаған өндірісті өрістетіп отырған қала тұрғыны Дәулет Пірімжанов болып шықты.

Есік өндірісінің ебін тапқан

Тосын кәсіп бастаған кәсіпкер кешегі пан­демияға дейін сырттан есік тасып, саудалапты. Шека­ралар шегенделіп, өзге елдермен байланыс үзілген тұста қарап отырмай құрылысты бас­тап кеткен. Артынша өндіріс­тік базаға газ жеткізіп, жарық тартуға көшті. Қытайдан күт­кен құрылғысы індетке байланыс­ты тарс бекіген кеденнен кедергісіз өткенде тәуекел мен талабы ізсіз кетпейтініне қуанды. Осы­лайша, 2020 жылы жаңа өндіріс жұмысын бастады. Кәсіпорынға мемлекет қолдауы қанат бітірді. «Даму» қоры арқылы берілген жеңілдетілген несие тың өн­діріс­ті өрістете түсті.

Қай істің де оңайы жоқ. Со­ның ішінде, есік жасау – күрделі кәсіп. Темірді пісіріп, лазерде пішіп, екі жағын қайырудан басталған тірлік бір-бірімен жалғасып, кем дегенде 15 адам­ның қолынан өтеді. Үйіңізге целлофанмен қапталып, жып-жылтыр күйінде жету үшін талайлар осылай тер төгеді.

«Шетелден маман шақырған жоқпыз. Қытайдан талшықты лазер қондырғысы жеткен соң, бұрыннан темірден қақпа, есік жасап жүрген жергілікті жігіттерді жұмысқа шақырдым. Технологияны игеріп, тәжірибе жинаған жігіттер жасаған есік қазір еліміздің бірнеше қаласына барады», дейді кәсіпкер.

Өндірісті бастар алдында шетелдердегі зауыттарда болып, тәжірибесін зерттеп көрді. Ресейдегі Йошкар-Ола темір есіктерімен танымал болса, сол мемлекеттегі Ковров қаласының бренді – ағаш есік. Қытайда да әр кәсіпке бейімделген шаһар көп. Соның ішінде Гуанчжоуда көргені көкейіне қона кетті.

Кәсіпкер өз ісіне қатысты түрлі мемлекеттегі іс-шара­лардан қалмайды. Сөйтіп, кәсіп­ті дамытып, істі ілгерілетудің ама­лын іздейді. Қытай сауда

және экономикалық ынты­мақтастығын ілгерілетуге ба­ғытталған Кантон көрмесіне барған бір сапарында тапқан олжасы – талшықты лазер. Мүмкіндігі көп құрылғы арқа­сында қазір ісі алға басып тұр.

Осындай есік шығаратын кәсіпорын Алматы қаласында да бар екен. Ал жылына 400–500 есік шығаратын Қызылордадағы цех өнімдері Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент, Тараз бен Ақтау қалаларына жіберіліп жатыр. Өндіріс орны үйдің ішкі есіктерін де шығарады. Осы күні қалада көптеп салынып жатқан тұрғын үй мен ғимараттардағы есіктер – осы цехтың өнімдері.

«Бұрынғыдай сырттан әкеліп, саудалап жүре беруіме де болар еді. Бірақ өзің өндіргеннің орны бөлек. Өндіріссіз экономика алға баспақ емес. Сондықтан белді буып, осы іске кірістік. Қазір цехта 25 адам еңбек етеді. Өзіміздегі шыны зауытынан шыққан әйнекті өңдеп, түсін өзгертіп, жиһаздарға қолданып жатырмыз», дейді Дәулет Пірім­жанов.

Қазір шикізаттың көбі сырттан келеді. Ол өзімізден табылса, өндірістегілердің бейнеті біраз азая түсер еді.

 

Қызылорда