Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Мажарстан, Қытай, АҚШ және Ресейден келген спортшылардың осалы жоқ. Десе де ұлттық құрамадағы Ермек Құралбай, Алмат Ләтіпбек, Дарын Өткелбай, Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев сынды үздіктерге зор сенім артамыз.
Жастар арасынан ересектер дуына қосылғанына көп бола қоймаған Дарын Өткелбай 80 кг салмақта басты қарсыласы саналған қырғыз балуаны Қалыбек Бұсырманқұлұлын атынан аударып тастады.
«Аударыспақтан екі дүркін әлем чемпионы атандым, енді өз жерімізде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында жеңіске жетуді мақсат тұтып отырмын. Қуанарлығы, басты қарсылас саналған қырғызстандық спортшыдан басым түстім. Тәжірибесі мол, менен жасы да едәуір ересек өте тегеурінді балуан. Аударыспақтан халықаралық додаларға қатысып ысылған», деді Дарын.
Енді ол алтын үшін айқаста Нодиржан Жунайдуллаевтың күшін сынап көреді.
70 кг салмақта Алмат Ләтіпбекке жеребе жеңіл түскен жоқ. Бірінші айналымда Моңғолия құрамасының намысын қорғаған қазақ Еркінбек Өміртайды жықты. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының алтын медалі үшін қырғызстандық Бақытгүл Райханұлымен тартысқа түседі. Бұл салмақтың қола медалі моңғолиялық Еркінбек Өміртай мен өзбекстандық Кодиржан Эгамбердиевке бұйырды. 60 салмақта Ертек Құралбай да финалға өтті, ол алтын медаль үшін сайыста қырғыз балуаны Жексенбек Тұрдыбекпен тартысады.