Инвестиция • 10 Қыркүйек, 2024

Қайыры мол қаржы

95 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісу – инвестиция тартуға қолайлы өңір. Аграрлы облыс­тың ауыл шаруашылығы саласынан бөлек, туризм, логистика сала­сында да әлеуеті жоғары. Соңғы 7 айда 188,2 млрд теңге инвес­тиция тартылған. Көп ұзамай инвесторлардың көме­гімен қос бірдей су электр стансасы салынбақ. Одан бөлек, жүге­ріні терең өңдейтін зауыт қажеттілігі туып отыр. Қазір осы салаға қаржы құюға ниетті инвесторлар ізделіп жатыр.

Қайыры мол қаржы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қа­зақстан: заң мен тәртіп, эко­но­микалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауын­да инвестиция мәселесіне арнайы тоқталды. «Дүниежүзінде ин­вестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қа­ғидасы бойынша шешім қа­былдау – ең қажет шара» деді.

Облыстағы қолайлы табиғи-климаттық жағдай жасыл энергетиканы дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Сарқан ауданының Басқан өзенінде салынып жат­қан екі бірдей су электр стансасы – осы бағыттағы бірегей жұмыс. Қуаты жылына 76,5 млн кВТ/сағ болатын екі жобаға 9,3 млрд теңге инвестиция тартылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылмақ. Облыста белгіленген қуаты 210,5 МВт болатын жаңартылған энергия көздерінің 15 нысаны бар болса, соның 4-еуі Сарқан ауданы аумағында орналасқан.

«Лепсі, Сарқан, Басқан өзен­дерінде 4 станса жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, «Baskan Power» ЖШС-ның «Басқан ГЭС-2» және «Басқан ГЭС-3» жобалары­ның құрылысы жүріп жатыр. Қазір жұмыстың шамамен 90%-ы тәмамдалды. Нысандар алдағы қазан айында салынып бітіп, іске қосылады деп жоспарланған. Мұндай жобалар біз үшін аса қажет. Біріншіден, аймаққа инвестиция тартылады, екіншіден, тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады, үшіншіден, электр қуатының өндірісі артады», дейді Сарқан аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысы­ның міндетін атқарушы Ақан Иманжанов.

г

Екіаша ауылдық округіне қа­расты аймақта салынған екі су электр стансасын басқару жүйесі тұтастай автоматтандырылған. Ны­сандар заманауи құрыл­ғы­лармен толықтай жабдықталған. Қазір «Басқан ГЭС-2» нысанында 27 адам жұмысқа кірісті. Ал екі станса толық іске қосылғанда тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтар саны 50-ге жетеді.

ГЭС-ке жұмысқа орнала­са­тындардың қатарында Екіаша ауы­лының тұрғыны Күнтуған Мұ­қашев та бар.

«1986 жылы Қарағандыдағы энергетика институтын «энергетика» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Ауылға келген соң мамандық бойынша жұмыс табылмай, дәнекерлеуші болдым. Енді міне, ауылымыздың іргесінен су электр стансасы са­лынып, мамандығым бо­йын­ша жұмыс көзі шығып отыр. Тұ­рақты жұмысқа алына­тын аза­маттар қазірден-ақ өнді­рістік-тәжірибеден өтіп жатыр­мыз. Арамызда энергетика маман­ды­ғын бітірген ересек азаматтар да, ауылға оралған дипломды жастар да бар», дейді ауыл тұрғыны.

Екіаша ауылдық округінің әкімі Дәулет Дүйсенбековтің айтуынша, ауылда 3 мыңға жуық тұрғын бар. Елді мекен халқы негізінен егін салып, мал өсіреді. ГЭС құрылысы басталғалы жер­гілікті азаматтар тұрақты жұ­мысқа орналасып, табыс тауып отыр. Сондай-ақ «Baskan Power» ЖШС өз қаражатына Екіаша ауылының тұрғындары үшін елді мекенге бау-бақшалық су жеткізетін «Әлімбай», «Қайран» каналдарының 37 шақырымын жаңғыртып, 7 шақырым ауыл­іші­лік жолға жөндеу жүргізуді қол­ға алған.

Жалпы, өңірде биыл қуат­­ты­лығы 42,1 МВт болатын жаңар­тылған энергия көздерінің 3 жо­­­­ба­­сын аяқтау жоспарланған. Со­­ның 2-еуі Сарқан ауданында, 1-еуі Ескелді ауданында ор­на­­лас­қан. 2026 жылға дейін та­ғы осын­­дай 8 нысанды іске қо­су межеле­ніп отыр. Жақында Сырт­­­қы істер министрінің орын­­ба­са­ры Әлі­бек Қуантыров­тың об­­лыс­қа жасаған сапары кезін­­де де инвестиция мәселесі талқыланды.

«Қытаймен шекаралас эко­номикалық аймақтарда көлік-логистикалық бағытты жандандыру, өнеркәсіп аймағын дамыту, сауда-саттықты өркендету бағытында көптеген жоба бар. «Қорғас» аймағына газ тарту жұмыстары қолға алынып жатыр. Көксай мыс кен орнында құны 1,4 трлн теңге болатын ауқымды жоба іске асырыла бастады. Жа­сыл энергетика бағытында да тартымды бастамалар бар», деді аймақ басшысы.

Өңірдің инвестициялық әле­уетін еселеп арттыруға болады. Әсіресе агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика, жер қойнауын пайдалануды дамыту қажеттілігі байқалады. Сол сияқты екі арнайы экономика­лық аймақ – «Достық» және «Қор­ғас» шекаралық аймақтарының жүзеге аспай жатқан мүмкіндігі қаншама.

«Біріншіден, бізге жүгеріні терең өңдейтін зауыт қажет. Осы салаға қаржы құюға ниетті инвес­торлар іздейміз. Жетісудың жері жүгері өсіруге өте қолайлы. Егер зауыт салынса, оны шикізатпен өңір шаруашылықтары толық қамти алады. Екіншіден, өңірге құс фабрикасы керек. Облыста қазір бір ғана құс фабрикасы бар, оның өзі тек жұмыртқа бағытында жұмыс істейді. Үшіншіден, балық өңдеу саласына да инвестор тарту өзекті. Сіздер тарапынан осы үш мәселеге ерекше назар аударылып, әлеуетті инвестор тарту жағынан қолдау көрсетілсе дейміз», деді Б.Исабаев.

Айта кетейік, Жетісу облы­сы құ­рылған сәттен бастап 89,4 млрд теңге сомаға 86 инвес­ти­циялық жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Биыл 2,9% өсіммен 375 млрд тең­ге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша негізгі ка­питалға тартылған ­инвестиция көлемі 188,2 млрд теңгені құрады.

Инвестиция комитетінің ­төр­­­ағасы Ғабидолла Оспан­құ­­лов­­­тың айтуынша, елімізде ха­лық­ара­­лық цифрлық инвести­ция­лық ­платформа әзірленіп, іске қосылған.

«Онда елімізде шетелдік инвесторлармен бірігіп жүзеге асырылу көзделген инвестиция­лық жобалар туралы мәліметтер орналастырылып, жобалардың іске асырылу барысына мониторинг жасалып, өңірлер рейтингі түзіліп отырады. Сонымен қатар платформада шетелдік инвесторлар өз ұсынысын қалдыра алады. Бұл ұсыныстар тиісті орган тарапынан қарастырылып, инвес­тормен байланыс орнатылады. Платформа әлі де жетілдіріледі», дейді.

Мемлекет басшысы айт­қан­дай, Үкімет жанындағы Инвес­тициялық штабқа ауқымды құ­зы­рет беріліп отыр. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқ­ты маңызды салалардағы жобалар­ды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашпақ.

 

Жетісу облысы