Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 11 Қыркүйек, 2024

Жігіттердің қарқыны жақсы

88 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының тізіміндегі маңызды сайыс түрі – көкпар. Аталған ойынның шығу төркіні туралы зерттеуші Ә.Қалиұлы: «Қазіргі көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған аса құнды сайыс түрі» дейді.

Жігіттердің қарқыны жақсы

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Демек көкпардың тарихы терең. Сондықтан да бұл сайыс түрі көшпелілер ойынына еніп отыр. Бұл жолғы дүбірлі жарысқа 9 елдің командасы қатысып, қазіргі таңда «Қазанат» атшабарында іріктеу ойындарын өткізіп жатыр.

9 қыркүйек күні алаңға шық­қан қос команда Қазақстан және Өзбекстан құрамасы болды. Аталған ойында Қазақстан құрамасының капитаны Құр­манбек Тұрғанбек ойынның екінші минутында есеп ашты. Осылай сайыс тізгіні біздің жігіттердің қолына көшті. Екі таймға созылған дода кезінде Құрманбек Тұрғанбек төрт, Абылайхан Нышанбеков пен Ернар Жарылқасын әрқайсысы үш-үштен, Ернат Мәлімбай мен Ұлан Байтөреев әрбірі екі-екіден, Бақытжан Әзімбай, Арман Жамалбек, Әділет Мамыт үшеуі бір-бір дүркін салым салып, нәтижесінде еліміздің құрамасы 16:0 есебімен айқын жеңіске жетті.

Келесі ойын Ресей және Қытай құрамасы арасында өтті. Шын­дығында екеуі де ортанқол көкпаршылардан құралған екен. Ойынның алтыншы минутында ресейлік Қалыбек Солтобаев есеп ашып, алғашқы тайм 2:0 есебімен ресейлік шабандоздар пайдасына шешілді. Екінші таймда қытайлық қандастарымыз да бір салымға қол жеткізді. Есеп 4:1. Ресей құрамасы – жеңімпаз.

Іріктеу кезеңді ірі жеңіспен бастаған құраманың бірі – айырқалпақты ағайындар. Олар Моңғолия елінің атынан өнер көрсетуге келген байөлкелік қа­зақтарды 16:0 есебімен тізе бүк­тірді. Осы нәтижеге қарап-ақ қырғыз ағайындардың қан­шалықты дайындықпен келгенін аңғаруға болатын сияқты.

Төртінші жұп болып алаңға шыққан қарт құрлықтан келген қос команда Мажарстан мен Түркия көкпаршылары тым сылбыр ойнады. Алғашқы таймда есеп ашылмады. Екінші айналымда 7-нөмірде өнер көрсеткен түркиялық шабандоз Başaran Çağlar есеп ашты. Нәтиже 1:0. Бір қызығы, бұл көрсеткіш ойын соңына дейін өзгерген жоқ.

Жарыстың келесі күні алғаш­қы сайыс Қазақстан мен АҚШ көкпаршылары арасында бас­талды. Ойынның бірінші минутында еліміздің көкпаршысы Абылайхан Нышанбеков салым салып үлгерді. Қанша айтқанмен қонақжай халықпыз емес пе, біздің ұландар мұхит асып келген ковбойларға ілтипат көрсетіп, салым салуға мүмкіндік туғызды. Сөйтіп, алғашқы тайм 5:3 есебімен аяқталды.

Бір күн бұрын көк бөрү ойынында қырғыздардан 18:0 есебімен ұтылған АҚШ жігіттеріне бұл бір жабырқаған көңіліне құт қонғандай әсер берді. Бірақ екінші таймда бел шешіп ойнаған бас бапкер Нұрдәулет Момыновтың жігіттері 12:4 есебімен ойынға нүкте қойды.

Екінші болып алаңға шыққан Қырғызстан және Түркия құра­масы болды. Көкпар маман­да­рының сөзіне сенсек, түркия­лықтар алғашқы таймда жанын салып ойнады. Тіпті басқаны қырына іл­мейтін қырғыздардың шеңберіне тү­рік шабандозы Демиркөл Иса бір рет салым салды. Бірақ соңғы нә­тиже 15:1 есе­бімен қырғыз бауыр­лардың үлесінде.