Таным • 12 Қыркүйек, 2024

Ғалам ғажаптары: Алғашқы көліктер

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шанхайдағы «Көлік музейі» көздің жауын алады. Себебі үш қабатты ғимараттың іші Қытай мен әлем елдерінің көлік тарихынан сыр шертетін темір тұлпарларға толы.

Ғалам ғажаптары: Алғашқы көліктер

Дүние жүзіне танымал компаниялардың алғаш шығарған автокөліктерінен бастап аз данамен жасалған модельдерді осы жерден көруге болады. Мұражай 2007 жылы ашылған. Мұндағы ең қымбат көлік – 1955 жылғы «Mercedes-Benz». Екі кісілік шағын машинаның құны 4,6 миллион доллар. Әлемдегі ең ұзын жеңіл көлік «Buick-ті» де осы жерден тамашалай аласыз. Бұл жақта 150-ге жуық көне құнды көлік қойылған. Әрбірінің өзіндік тарихы бар. Музей олардың кейбірін аукциондарда сатып алса, енді бірін коллекционерлер өздері келіп сыйға тартқан.

 

Су астындағы сұлулық

 енг

Мексиканың «Канкун» атты демалыс орталығында алып су асты музейі бар. 

2010 жылдың желтоқсан айында ашыл­ған музейде төрт мыңға жуық сәулет ескерткіші орналасқан. Мүсіндердің әрқайсысы су астындағы маржанды жартас­тармен тұтасып кету үшін табиғи материал­дардан жасалған. Тұнық судың тереңінде орналасқан өнер музейін түбі әйнектен жасалған кеме арқылы да тамашалауға болады. Мұндағы әр мүсіннің атауы да ерекше. Мәселен, «Жоғалған үміт коллекциясы», «Адам от ішінде», «Үміт бағы» сынды өнер туындылары тамсандырмай қоймайды. Олардың көпшілігі британдық мүсінші Джейсон Декейрс Тейлорға, ал қалғандары жергілікті мексикалық мүсіншілерге тиесілі.

 

 Алып адамның ағзасы

 енг

Нидерланд мемлекетінің Лейден қаласында орналасқан «Корпус» музейі физиологияны ерекше жақсы көретін жандар үшін таптырмас мүмкіндік. 

Себебі мұнда бәрі шынайы. Ғимараттың бейнесін адамға ұқсатып жасаған. Экскурсия барысында адамның барлық ішкі мүшелерінің қалай жұмыс істейтінін байқауға болады. Туристер өзін алып адамның ішіне кіріп кеткендей сезінеді. Музейге келушілер адамның түшкіргенде ағзасында не болатынын бақылап немесе тамақ ішкеннен кейін ішекте не болатынын, ұйқының не үшін қажет екенін түсінеді. 35 метрлік ерекше ғимараттың жобасын жасауға 12 жыл кетіпті, ал құрылысы 2 жылға созылған.