Сурет: nur.kz, Жеңіс Ысқабай
Жетісу облысында бұқаралық спортты дамытуға, соның ішінде шалғай аудандар мен ауылдарда ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі кезде елді мекендерде 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені болса, 31 мыңнан астам халқы бар Текелі қаласында ашылған тағы бір жаңа кешен жұртшылықты қуантты. Ел қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев Текелідегі кешеннің ашылуына қатысып, өңірде спорт саласына жасалып отырған жағдайларға қысқаша тоқталды.
«Текеліде заманауи жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашып отырмыз. Мұндай кешен облыс орталығы Талдықорғанның өзінде жоқ. Жалпы, Жетісу облысы құрылғалы бері өңірде 14 спорт нысаны салынып, ел игілігіне ұсынылды. Әлеуметтік саланың инфрақұрылымын дамытуда блокты-модульді конструкциялар кеңінен қолданылуда. Осы оң тәжірибені біз өткен жылдан бері спорт саласында да пайдалана бастадық. Мәселен, былтыр ауылдық жерлерде 4 блокты-модульді спорт кешені салынса, биыл тағы алтауының құрылысына қаржы бөлінді. Осындай жаңа нысандар Қаратал ауданының Тастөбе ауылында, Ескелді ауданының Шымыр, Жетісу, Елтай, Кербұлақ ауданының Қызылжар, Алакөл ауданының Қарабұлақ ауылдарында бой көтереді. Мұндай спорттық нысандардан халықаралық жарыстарда биік шыңдарды бағындыратын мықты спортшылар шығады деп сенемін», деді Б.Исабаев.
Салтанатты іс-шара барысында спорт ардагерлері Тұратбек Чарапиев, Ертай Дүйсебаев, Атланта олимпиадасының жүлдегері Мәулен Мамыров бастаған зиялылар жаңа спорт кешенінің лентасын салтанатты түрде қиды. Енді бұл спорт нысанында қаланың Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жаттығады.
«Текелі қаласында Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Мұнда 495 баланы 24 жаттықтырушы 7 спорт түрінен жаттықтырады. Жаңа спорт кешені ашылуының арқасында спортпен айналысатын балалар санын 800-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Қосымша секциялар – әйелдер күресі, еркін және грек-рим күрестері, үстел теннисі үйірмелерін ашуды жоспарлап отырмыз, оған қажетті 8 жаттықтырушы жұмысқа қабылданады. Мұнда қала халқының да бұқаралық спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік жасалған», дейді Текелі қалалық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры Дидар Өтелбаев.
Көркі көз сүйсінтетін екі қабатты жаңа спорт кешені 180 орынға арналған. Мұнда қажетті спорттық құралдармен жабдықталған бокс, күрес, жаттығу және ойын залдары, сонымен бірге жүгіру жолы бар ашық стадион, балалар ойын алаңы мен воркаут-алаңдар бар.
«Туған жердің бір жусаны гүлдесе қуанатын елжандылық сезім бар бойымызда. Ал туған өңірің өркендеп, зәулім үйлер, заманауи кешендер салынып жатса қалайша қуанбайсың? Текелі тұрғыны ретінде мен де осынау қуанышты оқиғаның куәгері болып отырмын. Ризамын. Енді осынау дене шынықтыру-сауықтыру кешенінен, жаңа облыс әкімі құттықтау сөзінде айтқандай, Мәулен Мамыров, Нұрбақыт Теңізбаев, Демеу Жадыраев секілді балуандарымыз, чемпиондарымыз өсіп шықсын», дейді моноқала тұрғыны Бағлан Темірұлы.
Салтанатты ашылу рәсімінен соң көпшілік облыс әкімімен бірге ойын мен жаттығу залдарын, бокс залын аралап, ғимараттың ішкі жағдайымен танысты. Бейбіт Исабаев жас спортшылармен әңгімелесіп, жасөспірімдерге доп және басқа да спорттық жабдықтар сыйлады.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс бойынша қазіргі кезде 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданыста. Оған қоса Панфилов ауданының Үшарал және Сарқан ауданының Алмалы ауылдарындағы спорт кешендердің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Талдықорған қаласында «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған оқу-жаттығу базасы, жеке инвесторлар есебінен клуб волейболшыларына арналған 40 орынды жатақхана, сондай-ақ, Үстел теннисі орталығы салынуда. Талдықорған орталық алаңына жаңғырту жұмыстары жасалды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Панфилов ауданы Көктал және Ақсу ауданы Қапал ауылдарында ангар типтес 2 спорттық нысан бой көтеруде. Бүгінде облыста 280 мыңға жуық адам немесе облыс халқының 40% спортпен шұғылданады.
Жалпы, өңірде спорт саласының инфрақұрылымын дамыту бағытында әсіресе ауылдық жерлерде блокты-модульді конструкциялар кеңінен пайдаланылып келеді. Бұған дейін медициналық және ветеринариялық пункттерді, сондай-ақ мәдениет объектілерін салу кезінде қолданылып жүрген блокты-модульді конструкцияларды пайдаланудың оң тәжірибесі өткен жылдан бастап спорт саласына да енгізілді. Мәселен, Спорт күніне орай Қаратал Тастөбе ауылында жаңа блокты-модульді спорт кешені ашылса, осындай нысандар Кербұлақ ауданының Қызылжар, Алакөл ауданының Қарабұлақ ауылдарында және Ескелді ауданындағы Шымыр, Жетісу, Елтай ауылдарында салынып жатыр.
Ескелді ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Асхат Оразалиновтің айтуынша, бүгінде ауданда 4 спорт нысаны жұмыс істейді. Оларда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 1 200-ге жуық тәрбиеленушісі спортпен айналысады. Ал жаңа блокты-модульді спорт кешендерінің салынуы халықты бұқаралық спортқа көптеп тартуға мүмкіндік тудырып отыр.
Ескелді ауданындағы екі қабатты жаңа блокты-модульді спорт кешендерінің бірінші қабатында мини-футбол, волейбол, баскетбол сияқты командалық ойындарға арналған залдар орналасса, екінші қабатында бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар қарастырылады. Сонымен қатар спорт залдары, душ бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер және басқа да қажетті орындар жобаланған. Ғимараттардың әрқайсысының ауданы 720 ш.м., ойын залдарының алаңы – 500 ш.м.
Жалпы, облыста осы жылға жоспарланған 6 спорт нысанының 1-еуі қолданысқа берілді, қалған бесеуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, іске қосылады деп межеленіп отыр.
Жетісу облысы