Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 12 Қыркүйек, 2024

Бәсекенің көрігін қыздырады

55 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елорда төрін дүбірі кернеген V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының кезекті жарыс күнінде де үміт артқан спортшылар сенімге селкеу түсірмей, айтулы аламанда абырой биігінен көріне білді.

Бәсекенің көрігін қыздырады

Қалың көрерменнің көптен күткен көкпар ойынының додасы тартыспен өтті. Жартылай финалдық сайыста «А» тобында Қазақстан ұлттық құрамасы Ресей көкпаршыларын айқын басым­дықпен еңсерді. Тіпті бірінші таймда ресейлік көкпаршылар еліміздің ұлттық құрамасының шеңберіне беттей алған жоқ. Қанша шабуылды өрістетуге тырысқанымен, қорғаныстағы спортшыларымыз әбжіл қимылмен олардың әрекетін қиып тастап отырды.

Ұлттық құраманың мүшесі Абылай­хан Нышанбеков «Нұртөбел» атты арғымағын ойқастатып, бірнеше салым салды. «Астана төрінде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында финалдық додаға өттік. Жоспар орындалып келеді, енді басты қарсыласымыз қырғыз құрамасынан басым түсіп, елімізді қуантсақ дейміз. Екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында өткен дүбірлі аламанда көкпардан осы қырғыз құрамасымен финалда жолымыз түйісіп, елге жеңіспен оралған едік. Өз жерімізде өткен доданың аурасы мүлдем бөлек екен. «Қазанат» ипподромына жиналған қалың жанкүйердің қолдауын сезінгенде ерекше күйге бөленесің. Жартылай финалдық тартыс­та Ресей құрамасының қорғанысы әлсіз болды. Мүмкін алаңға бой үйрете алмады ма, әлде ширек финалдық тартыста көп күшін сарқып алды ма, екпінімізді тойтаруға шыдас бермеді. Екінші таймда ес жиғандай болып, екі салым салды. Жартылай финалдық ойында ірі есеппен (18:2) жеңіске жету алтын алуға құлшынысымызды арттырды», деді А.Нышанбеков.

Бұл ойында Құрманбек Тұрғанбек те ипподромға жиналған көкпар жанкүйерлерін өзінің самдағайлығымен тәнті етіп, сақа көкпаршы екенін танытты. Ресейлік қарсыластарының ірі есеппен ұтылуына аттарының бас бермеуі, алаңға үйренісе алмауы да әсер етті дейді көкпаршы. «Біз ә дегеннен бірнеше салымды салуымыз оларға психологиялық тұрғыдан да ауыр соққы болды. Өздеріңіз де көрдіңіздер, бірінші таймда тіпті шеңберімізге маңайлай алған жоқ», деді Құрманбек Тұрғанбек.

Көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев жартылай финалдық ойында ресейліктерді ірі есеппен ұтқанға қуану ерте екенін, негізгі күшті финалда қырғыз көкпаршыларына қарсы тартысқа іркіп отырғанын атап өтті. Тіпті тактикалық жоспарға да өзгеріс енгізгенін айтты. «Ресей құрамасының сапында ойнаған көкпаршылардың көпшілігі – қырғыз бауырларымыз. Олар да ертеден көкпар тартып, ат бауырында өскен ұлт. Финалдық бәсеке біз үшін маңызды. Өйткені арқамызда – көкпар сайысынан алтын алу аманаты. Қалың жанкүйер бізден тек жеңіс күтеді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының финалдық сайысында жеңімпаз атануға ұмтыламыз», деді А.Манкеев.

Көк­пардан Қырғызстан құра­ма­сының ойыншысы Манас Ниязов этноспорт аламаны Астана төрінде жоғары деңгейде өтіп жатқанына алғысын білдірді. «Көкпар ойыны – қырғыз бен қазаққа ортақ игілік. Төскейде малымызға өріс бір болғаны секілді, ұлттық ойын да екі елдің несібесі. Біз де сәтін салып финалдық тартысқа жолдама алдық. 2022 жылы Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының финалдық тартысында біз жер ұлақ деп атайтын көкпардан қазақ спортшыларына 3:4 есебімен есе жіберген едік. Бұл жолы жеңіске жетуге барымызды саламыз. Қазақ елінің спортшыларға деген қолдауы, құрметі ерекше екен. Астанаға табанымыз тиген күннен көшеде, ипподромда көрген көкпар көрермендері танып, амандасып, сәттілік тілеп жатыр. Бұл  – дода ғана емес, бауырлас елдердің достығын нығайтатын шара. Сондықтан ынтымағымыз арта берсін», деді Манас Ниязов.

Қырғызстан құрамасы жар­тылай финалда Түркия көкпар­шыларын 15:1 есебімен ұтты.Көшпелілер ойындарына көкпардан Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия және Түркия елінің көкпаршылары қатысты. Бүгін еліміздің көкпаршылары қырғыздармен алтын үшін тартысса, Түркия мен Ресей құрамалары қола жүлде жолында додаға түседі.

Ал көкбөріден де финалдық тартыс осы екі елдің ұлттық құрамасы арасында өрбиді. Жартылай финалдық сайыста Қырғызстан құрамасы Ресей командасын 11:6 есебімен жеңсе, біздің жігіттер Түркия ұлттық құрамасын 15:1 есебімен ойсырата ұтты.

Бүгінгі финалдық бәсеке «Қазанат» ипподромында сағат 11:00-де басталады.