– Астана қаласында өтіп жатқан көшпелілердің кезекті 5-ойыны қазіргі таңда ежелгі мәдениетінің жұрнағын сақтап отырған Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан қатарлы елдердің сыртында дүниежүзілік этностарды көшпелілер мәдениеті туының астына тоғыстырған керемет оқиға екенін аңғардым. Бұл шара – көшпелілер мәдениеті, көшпелілердің спорттық-жауынгерлік өнерінің тек далалықтарға ғана тән емес күллі адамзат баласына ортақ екеніне дәлел іспетті өтіп жатыр.
Осы орайда, тағы бір айтатын дүние – әрбір мәдени һәм саяси шаралардың жоғары деңгейде өтуі сол елдің экономикалық даму қуатын аңғартатын көрсеткіш. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Астанада өтіп жатқан аталған ойын Қазақстанның өркендеу моделінің айғағы іспетті. Қазірдің өзінде бұл ойынға әлемнің 90-ға жуық елі қатысып жатыр. Осыған қарағанда бұл ойынның болашағы зор екенін аңғаруға болады.