Оқиға • 12 Қыркүйек, 2024

Кейінгі 3 жылда Ұлттық ұлан сапында 11 сарбаз қайтыс болған

67 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов 3 жыл 9 айда Ұлттық ұлан сапында жүрген 11 сарбаздың қайтыс болғанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Кейінгі 3 жылда Ұлттық ұлан сапында 11 сарбаз қайтыс болған

Фото: Halyq Uni

Сондай-ақ осы уақыт аралығында Ұлттық ұлан қатарында 58 әскери қызметші көз жұмған. 

Қайғылы оқиғалардың қайда, қалай болғанын Қайрат Үмбетов бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында баяндады.

Спикердің айтуынша, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық ұланның 2 сарбазы бақилық болған. 

«Ұлттық ұлан қатарында соңғы үш жыл мен 2024 жылдың 9 айында 58 әскери қызметші көз жұмған болса, оның ішінде сарбаздар саны - 11. Қалғандары – офицерлер мен келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскери адамдар. Тағы екі әскери қызметкер жол апатынан қаза тапты. Яғни өздері демалып жүргенде немесе жұмыстан тыс уақытта көз жұмды», деді  Қайрат Үмбетов.

Ал Ұлттық ұланның Алматы қаласында орналасқан 5574 әскери бөлімінің сарбазы Алмаз Шахимовтің үстіне шатыр құлап, қайтыс болғаны хабарланған еді. Алайда туыстары сарбаздың денесіне жүргізген зерттеуде пышақ жарақаты мен темекі ізі табылғанын мәлімдеген.

«Ұлттық ұлан қатарындағы 29 әскери қызметші аурудан қаза тапты. Олардың ішінде сарбаз болып қаза тапқаны - 4 адам. Яғни әскерге келген төрт адам денсаулығы жарымсыз болып, аурудан қаза тапқан. Тағы бір әскери қызметшіні тоқ ұрып қаза тапты. Биыл бір әскери қызметші демалыс кезінде қайтыс болды. Осылайша, осы 58 фактінің ішінде 2021 жылы 5 сарбаз, 2022 жылы – 4 сарбаз, 2023 жылы -  бір сарбаз қаза тапса, 2024 жылдың тоғыз айы ішінде мұндай қайғылы оқиға болған жоқ. Бұл менің ресми мәлімдемем», деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары.