«Google»-мен ынтымақтастық
«Google»-мен ынтымақтастығымыз еліміздің цифрлық экономикасын айтарлықтай дамытатыны анық. Біз бірлесіп елдің инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, инновацияларды дамытуға және жұмыс орындарын құруға ықпал ететін платформалар жасаймыз. Осынау ынтымақтастық нәтижесінде еліміз халықаралық аренада цифрлық трансформация бағытында жетекші орынға ие болады деп сенеміз», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Келіссөз нәтижесінде, енді еліміздің жоғары оқу орындары «Google» компаниясымен бірлесіп, «Generative AI» курстарын жүргізеді. Студенттер генеративті жасанды интеллект дағдыларын дамытуға бағытталған «Google Cloud Skills Boost» платформасында тегін курстан өте алады.
Жобаға еліміздің жетекші жоғары оқу орындары, атап айтсақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық университеті, Қарағанды индустриялық университеті, «SDU University», Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Astana IT университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Шәкәрім университеті, Есенов университеті, Торайғыров университеті қатысады.
«Google» компаниясымен бірлескен жоба – цифрлық сауаттылықты арттыру және жасанды интеллект саласында озық білімі бар мамандарды даярлау жолындағы маңызды қадам. Бұл жұмыс «Google»-мен одан әрі ынтымақтастықты нығайтып, еліміздегі білім деңгейін арттыруға ықпал етеді», деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова.
Қанатқақты жоба аясында 6 000-нан астам қазақстандық студент «Google Cloud Skills boost» платформасында жасанды интеллектінің озық инновацияларын игеруге мүмкіндік алады. Айта кетейік, генеративті курстар жиынтығы университеттерге арнайы «Google Cloud Career Launchpad» бағдарламасы арқылы қолжетімді.
«Жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамытуға деген стратегиялық көзқарас – Қазақстанның ЖИ дәуіріндегі табысты цифрлық трансформациясының кілті. Біздің министрлікпен бірлескен бастамамыз жоғары білікті кадрларды даярлауға және елдің технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған», деді Кавказ және Орталық Азия аймағы бойынша үкіметпен байланыс әрі қоғамдық саясат бөлімінің басшысы Ольга Скороходова.
Қазірдің өзінде «Google» компаниясы министрлікпен бірлесіп, цифрлық технологиялар арқылы білім беру саласын трансформациялау бойынша бірнеше жұмыстар атқарып жатыр. Мәселен, IT-HUB жобасы аясында былтыр 11 жетекші қазақстандық жоғары оқу орындарынан 900-ден астам студент «Android» платформасында жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және әзірлемелер саласында озық дағдыларды игерді.
Аталған компания сонымен қатар еліміздегі «Google Developer Students Clubs» атты 14 клубты қолдайды. Студенттерді қоғамдастыққа біріктіру арқылы бұл ұйымдар тәжірибе алмасуға, жобалармен бірлесіп жұмыс істеуге және кәсіби байланыстарды дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Бұл студенттерге жаңа технологияларды игеріп қана қоймай, IT қауымдастығының бір бөлігі болуға үлкен септігін тигізеді.
«Google» мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасындағы стратегиялық серіктестік аясында стартаптарды қолдау және бұлтты технологияларды енгізу жұмыстары бойынша да ілкімді істер атқарылып жатыр. Мәселен, «Google» «Astana Hub»-пен бірлесіп, кейінгі екі жылда 55-тен астам стартаптың дамуын жеделдетті. Сонымен қатар «Silkway Accelerator» түлектері «Google for Startups Cloud Program» бағдарламасына қатысуға құқылы, олар елімізде бұлтты технологияларды енгізуге ықпал ететін артықшылықтарға ие болады.
«Google» алдағы жылы да Қазақстанда бірнеше жаңа өнімдер мен қызметтерді ұсынбақ. Атап айтсақ, Қазақстан азаматтары қазір эксперименталды «Gemini» жасанды интеллект чат-ботына және «Flood Hub» құралына қол жеткізе алады, бұл құрал қауымдастықтарға ықтимал табиғи апаттарға жақсы дайындалуға көмектесе отырып, су тасқынының жеті күнге дейінгі нақты болжамдарын ұсынады. Одан бөлек, «Google Maps» қызметіндегі «Street View» функциясы еліміздегі әртүрлі орынның егжей-тегжейлі және интерактивті көріністерін ұсына отырып, туристік саланың дамуына әрі шағын және орта бизнесті қолдауға оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар «YouTube Premium»-ның енгізілуі халық арасында үлкен қызығушылық тудырды, авторларға өз мазмұнын тиімді монетизациялаудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынады. Талқылау қорытындысы бойынша министрлік пен «Google» компаниясы бірлестікті одан сайын нығайтып, болашақ ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын белгіледі.
«Kazakhstan Tech Solution Day»
Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясында 30 елден келген делегаттарға еліміздің үздік стартаптары мен ірі IT-компанияларының жобалары таныстырылды. «Kazakhstan Tech Solution Day» алаңында «Astana Hub» халықаралық технопаркінің бастамасымен еліміздің цифрлық технология жетістіктерін танытатын стартаптар мен IT-компаниялардың бірегей көрмесі өтті. Мұнда еліміздің 50-ден астам үздік стартабы мен ірі IT-компаниясы жасанды интеллект, экологиялық технологиялар, ақылды үйлер, білім беру платформалары, қауіпсіздік жүйелері, цифрлық денсаулық сақтау, деректерді талдау, электронды коммерция, биометриялық технологиялар, мобильді қосымшалар және энергияны басқару салаларындағы үздік шешімдерін ұсынды. Талқылауларға цифрландыру саласындағы жетекші сарапшылар, атқарушы хатшы Армида Салсия Алишахбана бастаған БҰҰ АТМЭӘК өкілдері, әртүрлі елдің цифрлық министрлері, сондай-ақ «Amazon», «Forbes Technology Council», «Epam» сынды жаһандық компаниялардың жетекшілері қатысты.
«Kazakhstan Tech Solution Day»-де ұсынылған стартаптар мен компаниялар тек жоғары инновация деңгейін көрсетіп қана қоймай, өмір сүру сапасын жақсартып, тұрақты дамуға елеулі үлес қосып келеді. Мысалы, «Ozim Platform» бейімделген білім беру бағдарламалары арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетсе, «Global Green Hub» тұрақты даму үшін экологиялық технологияларды әзірлейді. Ал «Livin» өмір сапасын жақсартуға арналған цифрлық шешімдер жасаса, «BeyimTech» әртүрлі саладағы тиімділікті арттыруға жасанды интеллект пен аналитикалық шешімдерді дамытады. «Oqylyq» балалардың сауаттылығын арттыруға көмектессе, «Ziz inc» IoT технологиясымен ақылды үй шешімдерін әзірлейді, ал «Qoshqar Energy» стартабы жаңартылатын энергия мен көміртегі ізін азайтуға бағытталған», деді «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев.
Айта кетейік, конференция аясында ұйымдастырылған «Kazakhstan Tech Solution Day» алаңының бас демеушісі – жетекші қазақстандық технологиялық компания «Kaspi.kz» болды. Сонымен қатар іс-шараны «Freedom Bank» пен «inDrive» платформалары қолдады. Бұл – бизнестің еліміздегі цифрлық әлеуетті дамытуға деген қызығушылығының жоғары деңгейін айқындайды.
«Kazakhstan Tech Solution Day» – тек ІТ-саласындағы жетістіктерді көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда әрі дүниежүзінде инновациялық экожүйені дамытуға ықпал ететін жаңа әріптестік пен бастамалардың негізін қалау мүмкіндігі. Бұл іс-шара жаңа технологияларды енгізу мен ынтымақтастыққа жол ашып, еліміздің жаһандық цифрлық экономикадағы рөлін нығайтады», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев,
«Kazakhstan Tech Solution Day» іс-шарасында «01 Edu» мен «01 Talent» жобаларының тең құрылтайшысы Николя Садирак 200 000-нан астам IT-маманды оқыту тәжірибесін бөлісіп, жасанды интеллект дәуірінде оқыту әдістерін қайта қарау қажеттігін баяндады. Сондай-ақ ол ChatGPT-мен бірлесіп жазылған «Жасанды интеллект серфингіне дайындық» атты кітабының тұсауын кесті. Мұнда білім беруде адам мен жасанды зерде арасындағы тепе-теңдік мәселесі зерттелген.
«Astana Hub» қолдауымен қазақ және орыс тілдеріне аударылған кітап қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар Николя Садирак панельдік сессияға қатысып, жасанды интеллектінің қарқынды даму жағдайында дәстүрлі оқыту тәсілдерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, дәстүрлі білім беру жүйесі жаңа нарық талаптарына шұғыл бейімделу керек, әйтпесе бұл ақпараттық технологиялар мен ЖИ саласында мамандар тапшылығын тудырады.
«Біз технологиялар өте тез өзгеріп жатқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз. IT-мамандарды оқытумен 25 жыл бойы айналысып келемін. Бұрын компаниялардың қажеттіліктерін түсіну үшін өндірістік зерттеулер жүргізетінбіз, содан кейін сол талаптарға сай инженерлерді дайындауға тырысатынбыз. Осы үдеріс әдетте үш жылдан бес жылға дейін созылатын. Қазір бұл мүмкін емес, өйткені сұраныс жылдам өзгеріп отырады, бүгін қажет дүние екі жылдан кейін маңызын жоғалтады. Сондықтан оқытуға деген көзқарасымызды түбегейлі қайта қарауымыз керек», деді ол.