Сурет: gov.kz
Бұл жоба Американың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының және түлектерді тарту жөніндегі «Alumni engagement innovation fund» инновациялық қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асып отыр. Жоба аясында еліміздегі кәсіпкерлік экожүйесі қарқынды дамып отырған өңірлер тәжірибесі және өзге аймақтардағы әйелдер бизнесін жетілдіруге байланысты зерттеулермен бірге еліміздегі бизнес қоғамдастықтың мүмкіндігі мен желілік байланыстарды кеңейту басшылыққа алынды.
Сарапшылар жоба шеңберінде әлеуметтік және экономикалық мәртебесіне қарамастан, барлық әйелге тең мүмкіндікті қарастыра отырып, инклюзивті бағыттарды дамытуға назар аударды. Ендігі кезекте ресурстарға қолжетімділік, тренингтер мен тәлімгерлік бағыттағы қадамдар әйелдер бизнесін дамытып, кедергілерді жоюға ықпал етпек. Бұл бағытта мамандар, әсіресе Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар сияқты қазіргі кезде әйелдер кәсіпкерлігі төмен аймақтарға ерекше назар аударды.
Қ.Сағадиев атындағы халықаралық бизнес университетінің ғылыми зерттеулерді басқару кафедрасының меңгерушісі Жанат Жүсіпованың айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту кез келген елдің экономикалық әлеуетін жүзеге асыруда маңызды рөлге ие. Бұл жұмыс орындарын ашуға және экономиканы ынталандыруға көмектеседі. «Егер әйелдердің экономикаға қатысуы ерлермен тең дейтін болсақ, «McKinsey Global Institute» есебіне сәйкес 2025 жылға қарай жыл сайынғы әлемдік ІЖӨ-нің 28 триллион долларға өсуі мүмкін. Бірақ елімізде әйелдердің бизнеске қатысу деңгейі төмендейтін болса, оның салдарынан экономика миллиардтаған теңгеге зардап шегіп, тұрғындардың өмір сүру деңгейі және адами капитал бәсеңдеуі мүмкін. 2022 жылғы статистикалық мәліметтерді назарға алатын болсақ, еліміздегі әйел кәсіпкерлігі өңірлерде жоғары болған. Ендігі кезекте осы үш аймақтағы белсенділікті арттыруға көңіл бөлінеді», деді сарапшы.
Жоба аясында төрт кезең бойынша 50 қатысушы іріктелді. Осыған орай бизнес-инкубаторлар өкілдері жоғары білікті тәлімгерлердің жетекшілігімен өз бизнес-жобаларын ұсынды. «Эфес Қазақстан» компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Зейнеп Еркан Альп, Солтүстік Қазақстан облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Солтүстік Қазақстан облысы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менеджер-кеңесшісі Ирина Васильева, UIB ғылым жөніндегі проректоры Құралай Нұрғалиева сияқты білікті менторлар кәсіпкерлерге кәсіпкерлікті дамыту мен кедергілерді жоюға байланысты тренингтер өткізіп, нәтижесінде «Demo Day» алаңында бизнес қауымдастық өкілдері 10 үздік жұмысты таңдап алды. Осы орайда үздіктер анықталып, бірінші орынды Айнара Көбееваның «Фестивальдар, тимбилдингтер мен іс-шараларды кілтпен ұйымдастыру» жобасы – менторы Екатерина Новоселова, екінші орынды Милана Иманғалиеваның «Sana» азақ тілінде сөйлейтіндерге арналған ағылшын тілін оқыту бойынша онлайн мектебі» жобасы – менторы Қамшат Әлібекова, үшінші орынға Маргарита Бекешеваның атпен серуендеу қызметінің «Ат спорты клубы» жобасы ие болды – менторы Майя Сүйіншалиева.
Осы жобаға Петропавл қаласынан қатысқан Александра Ильина көптеген пайдалы ресурсқа қол жеткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама аясында бизнесті бастау мен дамыту үшін кәсіби мамандармен кездесіп, кеңес алуға мүмкіндік туды. Әсіресе маркетинг және қаржы менеджментіне қатысты сабақтардың пайдасы зор болды. Оның барысында идеяларды жүйелеуге және кәсіпкерлік стратегиясын жетілдіруге мүмкіндік туды. Әйелдер стартапын дамыту жобасы кәсіпкерлікті дамытуда жай ғана оқу бағдарламасы емес, қазіргі сын-тегеуріндер кезеңінде экономикаға қажетті инклюзивті бағыттарды іске асыруға берілген мүмкіндік саналады.
АЛМАТЫ