Таным • 13 Қыркүйек, 2024

Ғалам ғажаптары: Отандық жоба озық тұр

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір отандық ІТ мамандар әзір­леген жобалар әлемдік нарыққа шығып жатыр. Солардың бірі – оқушыларға цифр­лық сауаттылықты үйре­тетін «CodiPlay» платформасы Түркия мек­­тептерінде қолданысқа енгізілді.

Ғалам ғажаптары: Отандық жоба озық тұр

«CodiPlay» жобасы – оқушыларға ком­пьютер тілі мен роботтехниканы ойын түрінде үйрететін платформа. Ол мектептегі сабақ үдерісіне кедергі келтір­мей, мұғалім мен оқушының бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Отандық өнім аз уақытта Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы сияқты әлемнің көптеген елінде мектеп бағдарламасына енгізілген. Аталған жоба бүгінде әлемнің 13 елінде қолданылады. Негізгі мақсатымыз – балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру», дейді жоба жетекшісі Жанәділ Талдыбаев.

 

«Әр елдің салты басқа...»

уе

Жаңа оқу жылы біздікіндей 1 қыр­күйек­те басталмайтын елдер көп екен. Бұл жыл мезгілдерінің ерек­шелігімен байланысты.

Мысалы, аустралиялық оқушылар күзден емес, қыстан бастап оқиды. Тіпті оларда бағалау жүйесі де өзгеше. «1» деген ең жоғары балл, ал «5» керісінше ең нашар баға дегенді білдіреді. Ал жапондық балалар жаңа оқу жылына сәуір айында кіріседі. Өйткені бұл халық үшін көктем жаңа өмірдің бастауы саналады. Оқу мерзімі үш кезеңге бөлінген. Алғашқысы шілдеге дейін жалғасып, балалар жазғы демалысқа кетеді. Сосын қыркүйекте басталатын екінші семестр желтоқсанның соңында аяқталады да, соңғы кезең қаңтардан наурызға дейін созылады. Жергілікті мектептерде оқушылардың тәртібі мен сыртқы келбетіне қатысты да талап қатаң. Мұнда баланы еңбекке баулу тәрбиенің маңызды бөлігі саналады. Сондықтан оқушылар сыныптарды өздері жинап, өздері жуады.

 

Ұшқыш робот

па

Италия ғалымдары ұшатын робот жасады. Түр тұлғасы адамға ұқсайтын құрылғыға 4 реактивті қозғалтқыш орнатылған.

Құлтемірдің салмағы 70 кило. Әйтсе де қиналмай ұшады. Оның негізгі қызметі – құтқарушылардың жұмысын жеңілдету. «Роботты табиғат апаты кезінде қол­данған дұрыс. Адамдардың қаты­науына, не жұмыс істеуіне қиын аймақтар болады. Сондай сәтте технологияны қашық­тан басқара аламыз. Сөйтіп, робот іздестіру әрі құтқару операцияларына қатысып, алғашқы көмекті көрсетеді», дейді жоба жетекшісі Даниэль Пуччи.