Ғылым • 14 Қыркүйек, 2024

Неміс ғалымдарымен бірлескен орталық

166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Қазақ-неміс ғылыми зерттеу ынтымақтастық орталығы (KGRCC) ашылды.

Неміс ғалымдарымен бірлескен орталық

Сурет: qazscience.gov.kz

Орталықтың ашылуы биыл қыр­күйек айында Қазақстан мен Герма­ния арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтудағы маңызды кезең  – Федералдық канцлер Олаф Шольцтің елімізге мемлекеттік сапары аясында жоспарланған еді.

Орталықтың негізгі мақсаты – екі­жақты ғылыми ынтымақтастыққа жәр­демдесу. Орталықты озық білім мен заманауи тәжірибе алаңына айналдыруды жоспарлаған тараптар, әсіресе экология, агробиология, білім беру және азаматтық қоғам сияқты негізгі салалардағы зерттеулерді дамытуға мүмкіндік беретін ғылыми әріптестікті өрістетпек.

«Идеядан – әрекетке» ұстаны­мын­дағы қазақ-неміс ғылыми-зерттеу ынты­мақтастық орталығының тұсау­кесері аясында дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиынды Ұлттық ғылым акаде­миясының президенті Ақылбек Күрішбаев ашып, орталықты құрудың екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңы­зына тоқталды.

– Неміс ғалымдары және білім ме­кемелерімен бірлескен жұмысымыз елі­міздің әлемдік аренадағы ғылыми ұс­­та­­нымын нығайтып қана қоймай, жаңа тех­­нология мен инновацияларды да­мытуға алғышарт боларына сенімдімін. Ал­дағы  келешекте орталық – климаттық өзге­ріс­терді, су ресурстарын және тұрақ­ты даму мақсаттарын зерт­теуге бағыттал­ған  жобаларды үйлестіруге маңызды алаң ­болатыны сөзсіз. Мұнда жас зерт­теу­­ші­лер­ді қолдауға ерекше көңіл бөліп, ғы­лыми-зерттеу саласындағы озық тәжі­ри­бе­лерді игереміз, – деді ҰҒА президенті.

Қазақ-неміс университетінің пре­зиденті, профессор, доктор Волрад Роммель жаңа орталықтың негізгі мақсаты мен міндетін таныстырып, маман даярлау және бірлескен ғылыми жобаларды қолдау саласындағы рөлін атап өтті. Өз кезегінде ҰҒА вице-президенті, профессор Ляззат Ералиева орталықтың тек ғылыми интеграцияға ғана емес, сонымен қатар қос ел арасындағы мәдени алмасуға да ықпал ететінін жеткізді.

Іс-шарада Германия академия­лық алмасу қызметінің (DAAD) бас хатшысы, доктор Кай Зикс пен Германия Федеративтік Респуб­лика­сы­ның еліміз­дегі елшісі Мо­ника Иверсен жаңа орталық аясында ын­тымақтастықты қолдауға және да­мы­туға дайын екенін білдірді. Соны­мен қатар Германия Фе­деративтік Рес­пуб­лика­сының Алматы­дағы Бас консулы Матиас Кислер және Конрад Аденауэр қорының елі­міздегі өкілдігінің басшысы Йоханнес Д.Рей сөз сөйлеп, ғылыми жобаларды одан әрі дамытудағы ұсынысын айтып, ғы­лымда үлкен табысқа ие болудағы әлем елдері қол жеткізген халықаралық ын­тымақтастық нәтижелерін тілге тиек етті.

Дөңгелек үстел мәжілісі барысында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің президенті Берік Ахметов, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техника­лық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина, DKU халықаралық және аймақтық ынтымақтастық ғылыми-зерттеу институтының директоры Болат Сұлтанов, Қазақстан ұлттық аграрлық зерттеу университеті ректорының бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов екі жақты ғылыми ынтымақтастыққа қолдау білдіріп, еліміздегі ғылыми-зерттеу жобалары туралы ой-пікірлерін айтты.

 

АЛМАТЫ