Астанада қазақ-неміс мектебін салу жобасы Қазақстан Президентінің 2023 жылы Германияға сапары аясында қолға алынған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың айшықты белгісіне айналатын мектеп салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған еді.
Жоба «Возрождение» Қазақстан немістері бірлестігі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Астана қаласының әкімдігі, Оқу-ағарту министрлігі және Германия стандарттары бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және енгізуге көмектесетін Германия Федералды сыртқы істер министрлігі қолдауымен жүзеге асырылады. Мектеп 600 отандық оқушыға неміс тілінде халықаралық білім беретін шетелдегі неміс мектептерінің жаһандық желісінің бір бөлігіне айналады.
Астанадағы қазақ-неміс мектебі Германияның білім стандарттары бойынша оқытатын Орта Азиядағы алғашқы мектеп болады. Оқу бағдарламасы түлектер Қазақстанда да, Германияда да мойындалған аттестат ала алатындай етіп құрылған. Бұл оларға қосымша дайындық және қабылдау емтихандарынсыз Германияның жоғары оқу орындарында оқуды жалғастыруларына мүмкіндік береді.
Жоба бастамашыларының айтуынша, құрылысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал 2026 жылы мектеп алғашқы оқушыларға есігін айқара ашады. Аталған жоба Қазақстанда білім сапасын арттыруға ғана емес, екі ел арасындағы мәдениет және білім саласындағы байланысты нығайтуға да ықпал етпек.
Айта кетейік, жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы қаржыландырылады.