Қоғам • 17 Қыркүйек, 2024

Германиядағы «Қазан» бірлестігі

99 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сонау аласапыран жылдарда елімізге саяси ахуалмен қоныс аударған өзге этнос өкілдері аз емес. Оларға әрбір қазақ отбасы жылы алақанын тосты, қонақжайлығын танытып, мейірімін төкті. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей, сол бізбен тамырласқан азаматтар қазір қай қиырда жүрсе де, жұр­тымызға ізгі ниетін білдіріп келеді.

Германиядағы «Қазан» бірлестігі

Қазақстанда туып-өсіп, кейіннен ата­жұртына қоныс аудар­ған немістер Германияда қазақ дәстүрін сақтап, ел мә­дениетіне құрмет көрсетіп отыр. Геппинген қаласының оңтүстігінде «Қазан» мәдени бірлестігінің ашылуы – соның бір айғағы. Орталыққа барған әр адам қазақ мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныса алады. Іргелі бірлестікті құрушылар бұл арқылы өздерінің қазақ жұртымен ара қатынасын үз­бей, керісінше жаңғыртып, ке­лесі ұрпаққа аманаттайты­нын айтады. Бірлестік 8 жылдан бері қарқынды еңбек етуде. Мәдени ошақтың негізін қалаған Ақмола облысының тумасы – Валерий Освальд. Ор­талықтың қабырғалары қазақ ұлттық әшекейімен бедерленсе, ауласында арнайы алма ағаш­тары отырғызылған.

– Бірлестігімізде 100-ге тарта адам жұмыс істеп үл­герді. Олардың барлығына жуы­ғын Қазақстаннан келген тұрғындар құрайды, өзге мемлекеттен келгендер де бар. Орталыққа Қа­зақстаннан жиі қонақтар келіп тұрады. Киіз үй мен Абай мұрасын тамашалап, ет, қуыр­дақ, ба­уырсақ сынды өзіміз жиі әзір­­лейтін ұлттық тағамдарға тап­сырыс беріп жатады. Бір­лес­тікте Абай мұрасына ар­нал­ған арнайы бұрыш бар. Мұн­да ұлы ақынның өмірі һәм шығармашылығымен жақын танысуға болады. Со­ны­мен қатар қонақтар қазақ­тың ұлттық костюмдері мен дом­быра, қобыз сынды ас­паптарын көре алады, – дей­ді орталықтың негізін қа­лау­шы Валерий Освальд.

Бірлестікті құрушылар Қа­зақстан мен Германия ара­сын­дағы қарым-қаты­нас­тың берік­тігіне, екі ел дос­ты­ғына, қазақ халқы мәде­ние­тінің шет­елде танылуына ықпал ететіндеріне сенімді.

– Қазақстанда туып, мәде­­ниетімен сусындадық, енді Гер­­манияда жүріп алыста қал­ған байтақ жерімізді жиі сағы­намыз. Сондықтан да өзі­міз секілді жандарға осы орта­лықты ашып отырмыз. Жер­гілікті неміс халқына да қазақ елінің қо­нақ­жайлығын, әдеп-ибасы мен мәдениетін ор­талық ар­қылы танытқы­­мыз келеді, – дейді «Қазан» бірлес­тігінің мүшесі Сергей Люфт. 

Соңғы жаңалықтар