Спорт • 19 Қыркүйек, 2024

Елдосқа еліктеу

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бір жылдай болды, әжесінің баласы дзюдо секциясына қатысып жүр. Аптасына үш мәрте оң жағалаудағы «Ала­қайға» таксимен барып қайтады. Таңғы сегіздегі жаттығуға 6:30-да тұруы керек. Кейде «бала ғой, ұйықтасыншы» деп оятпай кетеміз. Кей күні такси табылмай діңкелетеді. Қалай десек те, шама келгенше жаттығудан қалдырмауға тырысамыз.

Елдосқа еліктеу

– Әке, ағай клубты тазартып жатыр, – деді ол бірде шай үстінде шешіле сөйлеп.

– Тазартқаны несі?

– Жаттығуға жүрдім-бардым қарайтын тәртібі нашар балалар клубпен қоштасады.

– Әлсіздерден құтылайын деген ғой...

– Мықтыларды да аяп жатқан жоқ, – деп бапкердің «қырына» іліккен Астанадағы белді жарысты бес рет ұтқан бір баланың есімін атады.

– Неге өйтті екен?

– Елдос Сметов Олимпиада чемпионы болғалы дзюдоға қатысқысы келетін балалар кө­бейді ғой. Ағай тәртібі жақсы ұлдарды қалдырып, босаған орындарға іріктеуден өткендер ғана қабылданатынын айтты.

Расында да, Париж Олим­пиадасы, ондағы ер Елдос Сметовтің чемпион атануы біраз баланың арманына қанат байлады. Әзиздің де дзюдоға деген қызығушылығы мен құлшынысының әу бастағыдай емес арта түскенін аңғарып жүрміз. Бұрын теледидардағы, интернеттегі қолжетімді дзюдо жарыстарын айтуымызбен ғана қарайтын ол, қазір әр салмақтағы дзюдошылардың есімін жеті атасын айтқандай жатқа соғады. Оятқыштан бұрын оянып, «такси шақырып беріңдер» деп тықақтайтынды шығарды. Сөйтсек, Елдостың арқасында алақандай «Алақайдың» өзінде бәсекелестік күшейе түскен. Клуб­тағы балалар орнынан айы­рылып қалмауға барын салып жүр.

Қуаныштысы, қазір барлық жердегі жағдай – осындай. Ел­дос Сметовтің жеңісінен кейінгі дзюдо дүмпуі болашақ чем­пиондарға осылай әсер етіп жатыр. Ұзағынан болғай. Кәсіби спортшы атанар я атанбас, мәселе онда емес. Маңыздысы – оқушы балалардың Елдостай боламын деген ұмтылысында. Мұны ендігі жерде Елдосқа еліктеу дегеніміз дұрыс шығар, сірә.

 

Фархат Қайратұлы,

журналист