Жәдігер • 20 Қыркүйек, 2024

Қарақаба олжасы

63 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс өңіріндегі тарихи құнды жәдігерлердің дені Берел-қорық музейі­нің қорында сақталған. Соның бірі – түркі дәуіріне тиесілі Қарақаба қоры­мынан табылған белдіктің жапсырмасы.

Қарақаба олжасы

Қарақаба қорымы Катон­қарағайдан Марқакөл өңі­ріне аса берістегі тау ба­сын­дағы кең жазира жазықта. Жа­зықтың бір бүйірінен Қаба өзені жылыстап, Марқакөлге құяды. Тау биігіндегі жазықпен Шығысқа тіке тартсаң, Қытай мен Ресейдің шекарасына тірелесіз. Маңдай тұсыңыздан Хрусталь шоқысы жарқырайды. Осыдан бас­тап Сарымсақты жотасына дейінгі атырап Тарбағатай деп аталады. Берел музейінде тұрған белдіктің жапсырмасы тура осы тұстағы қазба жұмыстарынан табылған. Атақты археолог Зейнолла Самашев жүргізген Қарақаба қорымынан табылған құнды жәдігерлер аз емес.

№9 қорғанда жерленгендердің қор­ғаныш құралдарының белдіктері арнайы жапсырмалармен әшекейленіпті. Адам басы бейнеленген жапсырманың шеттері дөңгеленген, үлкен төртбұрыш­ты саңылаулары бар. Көздің, мұрын­ның, қастың, ауыздың, құлақтың ерекше­ліктері егжей-тегжейлі өңделген. Әше­кей алтын жалатылған күміс металдан жасалыпты.

Берел-қорық музейінің қор сақтаушы маманы Жанат Ерланқызының айтуынша, белдіктің алтын түсті жапсырмасы түркі дәуіріндегі жауынгердің біріне тиесілі болған. Өлшемі – 2,5 сантиметр. Тарихқа, археологияға қызыққан оқыр­ман бұл жәдігердің түпнұсқасын Катон­қарағай ауданы аумағында орналасқан Берел-қорық музейінен көре алады. Бұл жәдігерден басқа да мыңдаған археологиялық олжа бар.