Көрме • 20 Қыркүйек, 2024

Димаштың дидары

89 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен аптаның басты жаңалықтарының бірі болған өнер оқиғасы – Димаштың концерті. «Астана Арена» стадионында екі күн қатарынан аншлаг жасаған әншінің таланты шын мәнінде талайды тамсантты. Ал айтулы іс-шараға орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен елордадағы Ұлттық музей төрінен ашылған әртістің өмір белестері мен шығармашылығына арналған «Дүние дидарындағы Димаш» атты керемет көрме қазақ қана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған шетелдік келушілерді де таңдай қаққызды.

Димаштың дидары

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақ халқының мәдениетін әлемге әйгілеп, ұлттық музыкамызды жаңа қырынан танытып жүрген еліміздің біртуар ұлы, Қазақстанның халық әртісі, композитор, мультиаспапшы Димаш Құдайбергеннің бұл көрмесі өнер иесінің шығармашылық жолы мен жетістіктерін көрсететін бірегей мәдени кеңістік құруға бағытталыпты. Ерекше оқиғадан сырт қалмай, керемет көрменің куәсі болуға біз де бардық.

пр

Атауының өзі алыстан атойлап шақыратын жарқын жоба әнші өмірін әр қырынан әйгілейтін бағалы экспонаттар мен маңызды мәліметтерге бай. Атап айтсақ, «Дүние дидарындағы Димаш» көрмесіне қазақ жанының болмысын бейнелейтін, оның қайталанбас үнін қалыптастырған, өміріндегі елеулі оқиғалар туралы хабар беретін құнды жәдігерлер, танымал тұлғалар мен көпте­ген жанкүйердің сыйлықтары ұсынылған.

Көрмеге қойылған 200-ден аса экспонаттың арасында Димаштың сахналық костюмдері, 2015 жылдан бергі әншіге сыйланған түрлі сыйлықтар мен құнды жәдігерлер топтастырылған. «Шабыт көздері» аталатын алғашқы бөлімінде әртістің өмірбаяны, өскен ортасы, балалық шағы мен шығармашылық жолын көрсететін заттар қойылса, «Даңққа апарар жол» деген бөлімінде Димаштың кәсіби білім жолында алған дипломдары, республикалық, халықаралық байқауларда иеленген марапаттары, т.б дүниелер көпшілік назарынан ұсынылды. «Жанкүйерлер махаббаты» дейтін үшінші бөлміне әншінің жанкүйерлері тарту еткен сыйлықтар қойылса, ал «Ұлт мәдениетінің жаршысы» атты төртінші топтамаға әлемдік аренада ұлттық мәдениет пен брендтің танылуына ықпал ететін Димаштың заттары – ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық костюмдері, баспа материалдары, т.б. қойылған.

ро

Келушілер әншінің өмір жолындағы әр басқан қадамына куә болып қана қоймай, шығармашылықтағы жеткен жетістіктері мен жарқын сәттерінің, жанкүйерлері сыйлаған бағалы сый­лықтар мен музыкалық аспаптарды да көріп, көзайым болды. Соның ішінде, әсіресе, Майкл Джексонның қолтаңбасы бар баннер, Джеки Чанның сыйлықтары көрме қонақтарының көңіліне ерекше әсер қалдырды.

Көрменің тағы бір құнды мұрасы һәм келушілердің айрықша назарын бұрғызған дүние – Димаштың бесігі болды. Жапқышына:

«Әлдиін тыңдап әжеңнің,

Ұлы бол күллі әлемнің» – деген Миуа әжейдің ақ тілегі жазылған бұл бағалы жәдігер дүние дидарындағы Димаштың күллі дүниетанымын тануға мүмкіндік бергендей.

Жаһан назарына ұсынылған ерекше экспонат Димаштың атасы марқұм Құдайберген ақсақалдың 1970 жылы ұлы Қанатқа арнайы тапсырыспен дайындатқан мүлкі екен, яғни бұл бесіктің жасалғанына да жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бала Қанат ұйықтаған бесікте кейін немересі Димашты да әлдилеп әжесі тербетіпті. Сондағы кейуананың бесік жырына қосып айтқан ақ тілегін Алла қабыл етсе керек, бүгінде Димаш атаның ғана баласы емес, күллі ғаламға ортақ әншіге, әлем таныған тұлғаға айналды.

ип

– «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп қазақ тегін айтпаса керек. Әрбір жақсы сөздің, ізгі тілектің астарында болашаққа жолдама жататындай. Өздеріңіз де білесіздер ғой, Димаш – атасы мен әжесінің баласы. Сол кісілердің тәрбиесін көріп, тәлімін алды. Бойындағы бар жақсы қасиеті мен ұлағатын бойына сіңірді. Соның барлығы бекер болмаса керек. Әжесінің ақ тілегіне періште «әумин!» деген екен. Димашымыздың бүгінгі жеткен бар жетістігі мен атағының арғы жағында сол кісілердің ақеділ тілегі мен бағаналы батасы жатыр. Әжесінің тілегі көп қой, бірақ бесікке тек бір тілеуін ғана жаздық. Ондағы мақсатымыз – ұлттық құндылықтарымызды сақтау, – деген әншінің анасы Светлана Айтбаева бесіктің жапқышын заман талабына сай жаңалап қойғанымен, бастысы, әжесінің тілеуі қаз-қалпында жазылды дейді.

– Қазірге дейін 22 сәбиді тербеген бесік алдағы уақытта да әлі талай әлдиді тербете береді деп сенеміз. Өйткені бұл бесікте тербелген бөбектің ең кішкентайы әлі бір жасқа толған жоқ, – деп сөзін түйіндеді әншінің анасы.

Қазақтың мақтанышына айналған Димаш Құдайбергеннің шығар­ма­шы­лығынан, өмір жолынан сыр шертетін ерекше экспозиция музейдің 6-қабатында орналасқан көрме залында 6 қазанға дейін жалғасады.